Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жақсы адамдармен араласу барлық жағдайда игілік пен пайда әкелетінін түсіндіре отырып, мына мысалды келтіреді. Жақсы дос миск сатушыға ұқсайды, одан сыйлық ретінде әтірін сатып алу арқылы пайда табасың, тым болмағанда, онымен бірге отырған кезіңде мисктің жұпар иісі жаныңа жағымды сезім сыйлайды.
Пенденің жақсы жолдастан табатын игілігі мисктің жұпарынан әлдеқайда артық. Өйткені ол дініңе және дүние тіршілігіне пайдасы тиетін нәрсені үйретуі, адал кеңес беруі, зиян-зардаптан сақтандыруы, Аллаға бойұсынуға, ата-анаға жақсылық жасауға, туыстарымен ара-қатынасты үзбеуге үндеуі, кемшіліктеріңді көрсетіп, түзетуі, сөйтіп сөзімен, ісімен не жүріс-тұрысымен көркем мінез-құлықтарға үгіттеуі мүмкін. Адам баласы жолдасынан және сұхбаттастарынан үлгі-өнеге алуға бейім келеді, олардың табиғаттары мен жандүниелері біріккен жасақ тәрізді, бір-бірін жақсылыққа не жамандыққа бастайды.
Жақсы жолдастан келер пайдаларды санап тауысу мүмкін емес. Әрбір адам өзінің жолдасына қарап бағаланатынын және жақсы көрген досынан үлгі алатынын есінде ұстауы тиіс.
Ал жаман адамдармен достасу біз айтқандардың бәріне кереғар сипатта. Олар өздерімен достасқандар мен араласқандарға әр тараптан зиян жеткізеді. Мұндай жолдастардың себебімен саналы түрде не аңдамай қаншама адамдар құрдымға кеткен.
Күнделікті өмірде өзіміз байқай бер-мейтін көптеген қылықтарымыздың қа-лыптасуына айналамыздағы араласатын адамдардың, жора-жолдастарымыздың әсері орасан. Қандай ата-ана болмасын, баласының араласатын ортасының жақсы болғанын қалайтыны белгілі. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде адам баласы қай ортаға еліктесе, қияметте сол қауымнан болатыны айтылған. Бір адам намазын оқып, оразасын ұстап, қаншалықты дұрыс жолда жүргенімен, араласатын ортасы жаман болып, солардың арасында көп уақытын өткізіп жүрсе, көп кешікпей-ақ сол ортаның жағымсыз қылықтарын бойына сіңіре беретіні ақиқат.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадистерінің бірінде «Жүз адамды өлтірген адам туралы қисса» баяндалған. Бұрынғы өткен бір қауымда тоқсан тоғыз адам өлтірген адам тәубеге келудің жолын іздеп, жер-жердегі ғұлама кісілерге барып, сұрастырып жүріп, бір монахқа жолығады. Монахтан: «Осы күнәларымнан тәубеге келіп, жамандыққа қайтып аяқ баспайтындай, дұрыс жолға түсуіме бола ма?», – деп сұрады. «Жоқ, болмайды», – деген монахты да сол жерде өлтіреді. Сөйтіп ол жүз адамды өлтіріп, әрі қарай өзіне жол көрсетер ғұлама ғалым іздеуін жалғастырады. Ақыры бір ғалым кісіні тауып, өзінің жүз адам өлтіргенін айтып, тәубеге келуіме бола ма деп сұрайды. Ғалым оған: «Иә, адамның тәубеге келуіне ешкім кедергі бола алмайды. Сен ол үшін пәлен деген елді-мекенге бар, сол жақта Аллаға құлшылық қылатын адамдар тұрады. Солармен бірге құлшылық жасап, ортаңды ауыстыр да, мына елге қайтып келме. Себебі, сенің тұрып жатқан мекенің – жаман адамдар тұратын орта», – деді. Содан соң әлгі кісі ғалымның айтуымен жолға шығып, жарты жолға келгенде ажалы жетеді. Сонда рақымшылық періштелері мен азап періштелері оның рухына таласады. Оның жүрген жолын қадымдап есептеп, жақсылық ауылына бір қадам жақын екені анықталады да, жанын рақымшылық періштелері алып кетеді. Міне, хадисте баяндалғандай, адамның ортасы қаншалықты жамандық-қа, опасыз қылықтарға апаратыны жеткізіліп отыр. Сондықтан да, Алла тағаланың мүмін пендеге жақсы адамдар-мен жолдас болуға өсиет беруі – оған жасаған ең ұлы игіліктер санатына жата-ды, ал Алланың пендені жазалауының бір түрі – оны жаман адамдарға жолдас етіп сынауы да ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда дана бабаларымыздың:
«Жора-жолдас не керек,
Жауға бірге шаппаса?
Арғымақ мініп не керек,
Жамбыдан озып, артпаса?», – деп, дос қадірі мен шынайы достықтың ара-жігін ажыратып, саналы да игі жандармен ғана достық құру керектігін біздерге паш еткендей.
Айтжан Қапарұлы,
«Ислам және өркениет», №15 (231),