Құран мен сүннетке бекем болайық.

Құран мен сүннетке бекем болайық.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сахаба Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп бұйырған: «Күмәнсіз, Алла тағала сендер үшін үш нәрседен риза болады, ал үш нәрседен наразы болады. Әуелі, сендердің тек Өзіне ғана ғибадат етулеріңнен, Оған ешнәрсені ортақ қоспауларыңнан және Оның жібінен мықтап ұстап, келіспеушілікке (бөлінушілікке) түспегендеріңе риза болады. Ал, өтірік-өсек айтуларыңнан, көп сұрақ сұрауларыңнан және дүние-мүлікті қалай болса солай жұмсауларыңнан риза болмайды» (Мүслим, Ақдия 5).

Осы жоғарыдағы хадис Құран Кәрімдегі мына аятты еріксіз еске түсіреді: «Барлықтарың бірлесе Алланың жібінен мықтап ұстаңдар. Бөлінушілікке әсте түспеңдер. Алланың сендерге берген нығметін еске алыңдар. Бір кездері сендер, бір-бірлеріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңді Ол жақындастырды. Міне Оның (осындай) нығметі аясында қандас болдыңдар. Сондай-ақ, сендер тозақ отының шұңқырының ернеуінде тұрғанда ол жерден сендерді Ол құтқарған да – Ол» (Әли Имран сүресі, 103-аят).

Бұл аят пен хадистің ортақ түйіні: «Алланың жібінен мықтап ұстап, келіспеушілікке түспеу» болып саналады. Расулуллаһтың (с.а.у.) Алланың жібі деуінен мақсат Құран Кәрім екендігін былайша баян еткен: «Расында бұл Құран Кәрім Алланың мықты, берік жібі, ашық-айқын нұры, өте пайдалы шипасы, одан ұстағандарға қорған және оған бойұсынғанға бостандық» (Дарими, Фадайлул-Құран 318).

Ислам – бірлік пен ынтымақтастыққа ерекше мән бере отырып қоғамды бөлшектеп ыдыратпауға, тыныштықты бұзып келіспеушілікке және топ-топқа бөлінуге тыйым салған. Сондай-ақ Ислам өз принциптерін алға тарта отырып, адамдардың арасын етене байланыстырып, бір-бірімен қоян-қолтық араласуға шақыратын дін. Бұның ең көркем мысалын Мәдинадағы Әус пен Хазреж тайпаларынан көруге болады. Жаһилия кезінде бұл екі тайпа арасында көреалмаушылық, бір-біріне деген дұшпандық соғыс-жанжалдың шығуына себеп болып тұратын. Исламның келуімен бұл екі тайпа бір-бірімен татуласып, ізгілік пен тақуалықта бір-біріне жәрдемдесе бастады. Тіпті, туған аға-бауырдай болып кетті. Міне, бұл Исламның мұғжизасы.

Кез келген жүйенің сапасы атқарған іс-шараларымен белгілі болады. Исламның сапасы да адам бойында қалыптасқан абыройының, қоғамдық тәртіпке тікелей әсер етуінен туындаған бірлік пен ынтымақтастықты жарыққа шығарған ауызбіршіліктен белгілі болды. Бұл керемет жүйенің қалыптасуында Құран Кәрімнің және оны өмірімен өрнектеген Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті де үлкен қасиетке ие.

Алланың Елшісі (с.а.у.) Ислам бауырластығына үнемі ден қоя отырып, мұсылмандардың бір-бірлеріне ізгілік жасауларын және жақсы қарым-қатынаста болуларын өсиет еткен. Екі мұсылман төбелесіп жатса дереу ажыратып, келешекте осындай бір мәселенің туындамауы үшін ерекше қажыр-қайрат көрсеткен.

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Бір-бірлеріңмен араздасып дұшпан болмаңдар, бір-бірлеріңе қызғаншақтық жасамаңдар, бір-бірлеріңнен теріс айналмаңдар. Әй, Алланың құлдары! Бір-бірлеріңмен аға-бауыр болыңдар. Бір мұсылманның дін бауырына үш күннен артық өкпелеуі халал емес» (Бұхари, Әдеп 57).

Бір күні Әбу Зәрдің (р.а.) киген киімі құлының (қызметшісінің) киген киіміндей екенін байқағандар: «Мына құлыңның киіп жүрген киімдерін сен өзің киіп, қызметшіңе басқа киім берсең болмас па еді?» - дейді. Мұны естіген Әбу Зәр (р.а.) былай дейді: «Мен бір адаммен сөзге келіп қалған едім. Оның анасы араб емес әйел болатын. Мен талас-тартыс кезінде оның шешесін балағаттадым. Ол адам мені Хазірет Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтып шағымданды. Сонда Расулуллаһ (с.а.у.) маған:

– Сен және пәленше бір-бірлеріңді балағттадыңдар ма? - деді. Мен:

– Иә, - дедім.

– Оның анасын балағаттадың ба?

– Иә, балағаттадым.

– Олай болса сенің жандүниеңде әлі күнге дейін жаһилияттың (қараңғылықтың) жаман мінез-құлықтары қалыптасып қалған біреу екенсің, - деді.

– Уа, Расулуллаһ! Жасым ілгерілеп жол ортасына келсем де менің бойымда әлі күнге дейін надандық іс-әрекеттер бар ма? - дегенімде Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Иә. Олар сендердің қызметшілерің әрі бауырларың. Ол бауырларыңды Алла сендердің қорғауларыңа берген. Кімде-кімнің қорғауына Алла тағала осылайша бір бауырын берген болса, оған жегенінен жегізсін, кигенінен киіндірсін. Оның шамасы жетпейтін ауыр жауапкершілік міндет жүктемесін. Егер күші жетпейтін міндет жүктеген болса, онда қызметшісіне жәрдем етсін, - деді (Бұхари, Әдеп 44).

Басқа бір риуаятта бұл оқиғада балағатталған адамның атақты азаншы Біләл Хабашидің болғандығы айтылады. Әбу Зәр (р.а.) оны «қара қатынның ұлы» деп балағаттаған екен. Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны жоғарыда айтылғандай жөнге салғанда ол кемеңгер сахаба иегін жерге қойып «Біләл аяғымен баспағанша иегімді бұл жерден алмаймын» деп өзін кешіруін өтінген екен.

Ұлы дінді ұстанғандар міне осылай болды. Қатесін түсініп, нәпсісін ауыздықтап кешірім сұраумен парасаттылығын көрсетеді. Ислам адамды осындай деңгейге жетелейді. Адамдар арасындағы теңсіздікті алып тастайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық мұсылмандарды әрдайым бірлікке шақырады. Мырза ма, құл ма ешқандай айырмашылық жоқ. Мұсылмандықты ең жоғарғы дәрежелі төлқұжат деп санады. Барлығы осы шатырдың астына жиналады. Бірақ әрбір мұсылманға жауапкершіліктерін ескертеді. Үстемдіктің, жеңілдіктің Алланың құзырында тек қана тақуалықпен (шынайылықпен) болатындығын айтады.

Ал бұл керісінше іске асса орны толмас өкініш. Бұл жайында Құран Кәрімде былай деп айтылған: «Аллаға және Расулына бойұсынғандар бір-бірлеріңмен тартыспаңдар, кейін бойларыңды қорқыныш билеп, күш-қуаттарың азаяды және сабырлық сақтаңдар. Өйткені Алла сабырлық сақтағандармен бірге болады» (Әнфал сүресі, 46-аят).

Демек бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында күш-қуат туындайды. Оның да бір жолы бар ол – Аллаға және Пайғамбарына бойұсыну. Яғни Құран мен Сүннетке мықтап жабысып, олардың салып берген даңғыл жолынан айрылмау.

Қажылық пен құрбан айттың маусымына аяқ басқан бұл айда бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды қайтадан електен өткізіп, кемшін жақтарымызды жөндеуден өткізіп, қайтадан қуаттанып, жанданудың дәл уақыты деп ойлаймын. Мұсылман ретінде бір жарым миллиард кісілік үлкен бір әулет болғандығымызды ұмытпайық және соған қарай қарым-қатынастарымызға да мұқияттылықпен қарайық.

Осындай тілекпен барлық оқырмандарымның мүбәрак құрбан айт мейрамдарымен құттықтай келе әуелі, Қазақстанымызға және де барлық Ислам әлеміне ізгілік пен бақыт беруін Ұлы Раббымнан тілеймін!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: