Алла тағаланың хақ діні Исламның екі қайнар көзі бар. Бірі – қасиетті Құран Кәрім, екіншісі – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мен сүнет жолы (өнегелі өмірі).
Құран ұлы періште Жебрейіл (ғ.с.) арқылы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға уахи етілген Алла тағаланың сөзі. Оқиғалардың ұрымтал кезінде, зердеге тез түйіп, тыңдағандар құлағына құйып алуға жеңіл етіп 23 жыл бойы уахи етілген. Содан бері оның бір сөзі де, бір әрпі де өзгермеген және өзгермейді де. Өйткені, оның қорғаушысы Өзі екенін Алла тағала Құран Кәрімде: “Құранды біз түсірдік, оны қорғайтын да өзіміз”, (“Хижр” сүресі, 9-аят) деп ескерткен.
Дінтанушы ғұламалар Құран тағлымдарын «ғұрпи ислам», «ғылыми ислам» деген екі сипатта түсіндіреді. Ғұрпи ислам – мұсылмандар мойындаған парыздар (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық т.б.). Ғылыми ислам – Құрандағы күллі ғылым (Жаратушы, жаратылыс, білім, билік, жер беті, аспан әлемі, пайда болу, өшу, құбылыстар, түрлі хикметтер, тіршілік заңдары, т.б.). Демек, Құран құлшылықтың қайнар көзі ғана емес, ғылымдар жиынтығы, ұлы танымның, кәміл имандылықтың негізі.
Құран – исламияттың негізгі Кітабы. Ислам діні құқықтық жағынан бір үкімді фиқһ әдіснамасы арқылы 4 дәлелге сүйене отырып шығарады. Олар – Құран, сүннет, ижма және қияс фукаһа. Бұлардан басқа истиһад, истиһсан, мәсәлиһи мурсәлә, зәрурет сияқты басқа да дәлелдері бар.
Құран Кәрім – барлық діни негіздердің бастауы. Адамның барлық рухани және материалдық қажеттіліктерін қамти отырып, екі дүние нығметтерін үйрететін ғылым, сондай-ақ әмбебап, иллаһи кітаптардың соңғысы. Адам баласына қияметтке дейін тура жолды көрсететін құбыланама. Алла тағала Құранды өз қамқорлығына алғаны туралы біз жоғарыда атап өттік. Ал иләһи кітаптардың өзгелері адамдар тарапынан өзгерістерге ұшырғаны мәлім.
Құран Кәрімде: “Яһудилер арасынды кітап сөзін өзгертіп жібергендер бар. Біз тыңдадық, бірақ бойұсынбадық. Сен бізді тыңда, енді біз саған құлдық салмаймыз”, дейді олар. Дінді мазақтау үшін “рағна” деген сөзді бұрып сөйлейді. Егер олар бұрмаламай, тыңдадық, бойұсындық, унзурна (дұрыс тыңда) десе өздері үшін тіпті жақсы болар еді. Бірақ күпіршілік жасағандары үшін оларды Алла рақымынан қақты. Біразы болмаса, көбі сенімге келмеді” (“Ниса” сүресі, 46-аят).
Қасиетті Құранда бұрынғы иллаһи кітаптардағыдай Аллаға, пайғамбарларға, періштелерге, кітаптарға, ақырет күніне, әр нәрсе, яғни жақсылық та, жамандық та Алладан болатынына сену керектігі айтылған. Мал-жанын, ұлтын, отанын, дінін қорғау және дін негіздерін үйрену, барлық құндылықтарды бойға сіңіру туралы уағыздалған.
Сондай-ақ пайғамбарлардың бірінен соң бірі келуінде діни өзгерістер болған емес. Уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік-саяси жағдайларға сай ғибадат пен шариғи үкімдер арасында ғана болмашы өзгешеліктер орын алып отырған. Алла тағала пайғамбарлар жіберу арқылы діннің шариғи үкімдерін толықтыра түсті.
Құранда ақыретке дейін орын алатын әр жағдайға, әр мәселеге қатысты қағидалардың барлығы қамтылды. Оның мағына жағынан теңдессіз илаһи күші және парасатты ұйқастыра осы жағдайларға сәйкес пайда болған.
Алла тағала тек хазреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) ғана емес, барлық пайғамбарларға да уаһи жіберген.
“Ей Мұхаммед! Біз Нұхқа және одан соңғы пайғамбарларға аян бердік, сол сияқты саған да ақиқатты аян еттік. Мұндай аян Ибраһимге де, Исмағұлға да, Исқақ қа, Жақыпқа да және оның әулеттері Исаға, Аюбқа, Жүніске, Һаронға, Сүлейменге де жіберілді. Дәуітке Забурды сыйладық” (“Ниса” сүресі, 163-аят).
“Әрі үстем, әрі хикмет иесі Алла саған да, сеннен бұрынғыларға да осылайша аян берді” (“Шура” сүресі, 3-аят).
Ислам ғұламасы М.Хидари “Тарихут-Тәшриил-Ислами” деген кітабында “Құран-Кәрім Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің 41-інші жылының 17-нші Рамазанында Хира тауында түсе бастады. Ең бірінші түскен аят бұл “Әләқ” сүресі. Аяттар бөлек-бөлек түсіп, ең соңғы аят хижраның 10-ыншы, өмірінің 63-інші жылында Зулхижжа айының 9-ыншы қажылығында түседі. Бұдан кейін Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 81 күн өмір сүрді” деген мәліміттер келтіреді. Ол “Бүгін мен сіздер үшін жіберілген дінді аяқтадым” деген аят еді.
Құран Кәрім – көркемдігі, әуездігі жағынан да теңдесі жоқ кітап. Жекелеген сөздері мен сөйлемдерінен, баяндау тәсілдері мен сөздік мағыналарынан қылаудай кемшілік табу мүмкін емес.
Құран Кәрім екі жерде – Мекке мен Мәдинада түсе бастаған. Сондықтан сүрелердің басында «Меккелік» және «Мәдиналық» деп жазылады. Меккелік аяттар 10 жыл, 5 ай, 13 күнде түсіп біткен. Мәдиналық аяттар хижраның 10-ыншы жылынан бастап, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғанға дейінгі аралықта түскен, яғни бұл уақыт 9 жыл, 9 ай және 9 күнге созылған. Меккелік аятар Мәдиналық аяттарға қарағанда көптеу. Меккелік аяттар Құран Кәрімнің 19/30 құраса, ал Мәдиналық аяттар 11/30 құрайды.
Құран аяттарының «Меккелік» немесе «Мәдиналық» екенін және олардың қай уақытта түскенін жақсы білген абзал. Аяттың түсу себебін білмесе оның мағынасын түсіну қиынға соғады. Мәдинада үлкен 19 сүре түскен. Олар – “Бақара”, “Әли Ғымран”, “Ниса”, “Маида”, “Әнфал”, “Тәубе”, “Нұр”, “Ахзап”, “Қытал”, “Фатах”, “Хұжрат”, “Мұжадәле”, “Хашыр”, “Мүмтахина”, “Жұма”, “Мұнафиқун”, “Талақ”, “Тархим” және “Насыр” сүрелері. Қалған 71 сүренің Меккелік екеніне дау жоқ. Ал аяттардың 24-і шүбәлі болып саналады. Бұл сүрелердің «Меккелік» немесе «Мәдиналық» екенін айыру үшін мынадай ерекшеліктерге мән берген жөн.
Олар:
Парыздар мен үкімдер Мәдинада түссе, дін әдістері мен таухид ілімі туралы аяттар Меккеде түскен;
“Я айюханнас” (Ей адамдар) деп басталатын аяттар Меккелік, “Я аюхАллазинә әману” (Ей иман келтіргендер) деп басталатын аяттар Мәдиналық болып табылады;
Меккелік сүрелер – қысқа, Мәдиналық сүрелер ұзын болып келеді;
Меккелік сүрелер рухани тартымдылыққа, нәзіктілікке толы болса, Мәдиналық сүрелер терең ойға құрылған;
Мәдиналық сүрелер толық әрі мазмұны салмақты, ал, Мәдиналық сүрелер негізінен бұйрық райда болады;
Меккелік сүрелерде үмметтерге бұрынғы өткен қауымдар үлгі етіп көрсетілсе (мәселен, “олардың жағдайларынан ғибрат алыңдар” десе) ал, Мәдиналық сүрелерде парыз, түрлі жазалар, жындар, амалдар мен ғибадаттар, т.б. қамтылған;
Меккелік сүрелерде христиандар мен яһудилерге арналған аяттар жоқ. Онда тек мүшріктерге ғана айтылған. Мәдиналық сүрелерде христиандарға, яһудилерге және мұнафықтарға арналған аяттар бар;
Меккелік сүреде жиһад жөнінде айтылмаған. Насихаттау, тауһид туралы аяттар болса, Мәдиналық сүрелерде жиһад туралы айтылған. Мәдиналық аяттардың саны 1456, қалғаны Меккелік аяттар.
Сүрелердің тәртібі хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүрген кезінде-ақ айқындалған. Ибн Аттияның айтуынша, “сүрелердің көбінің реті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тірі уақытында белгілі болған”. Басқа сүрелер сахабалардың айтуымен орналастырылғанымен оларға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қатысы болған. Расулуллаһ (с.ғ.с.) “мына сүре мына сүреден бұрын, басқа сүре бұдан кейін” деп көрсеткен.
Қолымыздағы қасиетті Құран Кәрім бүгінгі күнгі ұзын саны бір жарым миллиард болатын мұсылмандардың қолынан түспейтін Қасиетті Кітап. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) заманында жинақталып, хазіреті Оспан (р.а.) бір нұсқалы кітап етіп шығарған Құран Кәрім бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетіп отыр.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) тұсында Құранды өзінің тікелей басшылығымен жинақтатқан. Орын алған бірер кемшілік болса сахабалар тарапынан ескертіліп отырған.
Хазіреті Оспанның (р.а.) дәуірінде Құран Кәрім құрайыш диалектісін негізге ала отырып, бір нұсқаға көшірілді. Қалған нұсқалары толықтай өртелді. Себебі ол кезде Құран оқуда көптеген диалектикалық ерекшеліктер бар еді. Ешкім де Құранды бұзып оқымайтын. Хазіреті Оспан (р.а.) Құран оқуында қате тапқан адамды жазалауға әмір еткен. Оның бұл ісіне сахабалар ризашылықтарын білдірген. Хазіреті Әли (р.а.) “Егер хазіреті Оспанның орнында болсам, мен де осылай істеген болар едім”, - деген.
Қасиетті Кітаптың бізге жеткен нұсқасының қалыптасу үдерісі бірнеше ғасырды қамтыған. Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түскен алғашқы кезеңде оны сахабалар сүйектерге, ағаштың қабықтарына жазса, ал кейіннен екінші жазылуы хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) заманында орын алды. Онда Зәйд бин Сәбиттің (р.а.) хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) және хазіреті Омардың (р.а.) басшылығымен бір арнаға тоғыстырылды.
Хазіреті Оспаның (р.а.) халифалық дәуірінде Құран үшінші рет толықтырылып жазылып, онда хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) уақытында жазылған Құранның нұсқасы басшылыққа алынды. Бұл уақытта да Құранның харакеттері мен оқылу тәртіптері әлі толық болмаған.
Құранның қазіргі нұсқасының өзі үш кезеңді бастан өткізді. Бірінші кезеңде, Әмәуилердің алғашқы халифасы Мағауия ибн Әбу Суфиян Әбу-л Әсәдқа тапсырып, ол қасиетті Құранның харакеттерін нүктелер ретінде орналастырады. Екінші кезеңде, Әбдумәлік ибн Мәруанның уақытында әріптердің арасын ажырату үшін нүктелер қояды. Үшінші кезеңде, Құрандағы харакеттер мен сүкүндер қойылған.
Қасиетті Құранның адам өмірінде алар орыны ерекеше. Ол адамзатты қараңғылықтан нұрлы жолға бастайтын Жаратқанның рахмет мейірім көзі. "... Еліңді қараңғылықтан жарыққа шығар..." («Ибраһим» сүресі 5-аят). Адамға екі дүниеде бақыт сыйлайтын Тәңірдің қасиетті сөзі. Құранда адамды жер бетінің халифасы ретінде жаратқанын айтады. Яғни, адам Алланың жердегі өкілі деген құрметті сөз. Оны Құранда Алла Тағала: "Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды..." («Фатыр» сүресі 39-аят)-деп негіздеген. Құрандағы адамзаттың Жаратқанға деген құлшылығы тек намаз, ораза секілді ғибадат түрімен ғана шектемейді. Құлшылық мәнінің түсіндіру ауқымы өте кең көлемде қарастырылады. Адамның нәпсінің соңынан еріп ең төменгі дәрежеге түсіп, рухани құлдырауға бейім екенін: " ...Сосын оларды төмендердің төменіне қайтардық..." («Тин» сүресі 5-аят)- дей отыра оны әлсіз, қан төгуші, залым, қиянатшыл, ашкөз секілді жаман әдеттерден қашуды және өзін аулақ ұстауды үндеп, көркем мінез-құлықты, жамандық пен әділетсіздікке қарсы қоғамда құнды тұлға болып қалыптасуын талап етеді.
Алла тағала қасиетті Құранда адамның қоғамдағы орыны, оның өмір сүруі, тіршілігінің мәнің нақтылап берген, барлық сауалдарына жауап берген. Біздің ата-бабаларымыздың салып берген жолы, дәстүрі мен мәдениеті осы қасиетті Құраннан бастау алады. Құранның мәнін терең түсіне біліп, оны өмірлік тәжірибесіне арқау еткен. Абай атамыз:
"...Құран рас Алланың сөзі дүр ол,
Тәуилин білерлік ғылымың шақ.
Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз...",
- деген өлең жолдарымен ата-бабамыздың дәстүрі Құран заңдылықтарына қайшы емес екенін негіздеп отыр.
Т. ТҰРҒАНҚҰЛОВ,
Дінтанушы,
Тараз мемлекеттік педагогикалық
институтының оқытушысы
Ислам және өркениет, №33 (249)