Иманнан қымбат не бар?

Иманнан қымбат не бар?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Мұхаммед ғалейһи салам! Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді шаттыққа бөле!»

(Құран.)

Бұл шығарманы бастамас бұрын өзімнің қандай күйде болғаным бір Алла тағалаға және өзіме ғана аян шығар. Санамда сан ойлар ұялап, ойым онға бөлінді десем, қате айтпаған болар едім. Тұңғиықтың түбіне терең сүңгіп кеткенімді де сезбей қалыппын. Өйткені, Алла тағала, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы немесе дініміз туралы ешқашан ойтолғаныс жазам деп ойламаған екенмін. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілікті шақырғаны да өтірік емес. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, өзімді сабырға шақырып, не де болса бастап көруге кірісіп, жазуға ден қойдым.

Сөйтіп жүріп, қуанышты жағдайларға кез келдім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірімен таныс болу үшін әртүрлі баспасөз беттеріндегі мақалаларды, жеке автор-лардың шығармаларын оқы-дым. Діни кітаптарға көз жүгіртіп, біраз мәлімет ал-дым, ойыма тағы да ойлар қостым.

Алладан басқа Тәңірдің жоқ екені және Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның құлы, әрі Елшісі екендігіне берік сенемін. Мұхаммед (с.ғ.с.) – Алланың бізге жіберген соңғы елшісі.

Абай атамыз:

«Алла – мінсіз, әуелден, Пайғамбар – һақ,

Мүһмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ.

«Құран» рас, Алланың сөзі – дүр ол,

Тәһуәліне (шындығына) жетерлік ғылымың шақ,»– деп Алланың адалдығын, Пайғамбардың (с.ғ.с.) барлығын мойындайды. Сонымен қатар:

«Мүһмин болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.

Шыр айлан да таза ойла бір иманды,

Мүнафиқ (екі жүзді) намаз қылмап па мағлұм ғой ол,»– деп имандылыққа шақырады.

Аллаға иман келтіру – қасиетті дініміз Исламдағы басты парыз. Сені бақиға аттанған бейнелермен жалғастыратын жалғыз сәуле сол – иман. Олар иманына сеніп о дүниеге сапар шекті. Әруағы сенен құран дәметіп жүргеніне сеніп, ұмытпай хатым түсіресің, өзің де иман тілейсің. Жаныңның қыл ұшына байланып тұрғанын сезініп, тәубеңе келесің. Шариғаттың шартынан шықпайсың. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақ жолынан тайғың келмейді. Өйткені, бұл жалғандағы иманымыздың беріктігі – бақиға дайындық.

Тағы да Абайға жүгінейік. Оның «Жиырма сегізінші қара сөзіне» назар салып көрейікші: «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді (ендеше) ақылды еркіне жібермесек, Құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған – ақылмен таныр» - дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды (ақылмен) оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақылы тоқтамаған соң діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып ғибадат не болады? Жоқ, сен (илан) жақсылықты, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ (жамандық) қылдырған құдай емес; ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес; байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес – деп нанып ұқсаң болар, әйтпесе (иманың) жоқ».

Яғни, «әуелі иманды түзет!»– дейді. Себебі, иман – адамгершіліктің, танымның, тұрақтылықтың, рух жақындығының нысанасы! Ең қасиетті сенім мен сезімнің жиынтығы.

Тарихтағы мәліметтер бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам дінін таратуды бастағанда, Алланың айтқан бұйрықтарын орындай бастағаннан-ақ оған қарсы шығушылар болмаған. Солардың бірі – сол замандағы Құрайш жұрты екен. Қаншама уақыт бойы күресіп, Алланың жалғыздығы мен адалдығын мойындаудан бас тартпаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Қағбаның есігінің жанында тұрып, жиналған көпшілікке уағыз айтыпты. Ол (с.ғ.с.):

– Сендердің араларыңда күнәһар, қылмыскер, басқыншы адамдар бар. Сендер, қанша рет мұсылмандарды азаптадыңдар, оларды Меккеде аяусыз жазаладыңдар. Мәдинаға бірнеше рет шабуыл жасадыңдар, олардың көсемдерін өлтірдіңдер, тұтқындарды зынданда ұстадыңдар, қорладыңдар. Тұтқындарды босату үшін мал-мүлік талап еттіңдер. Олардың балаларын ұрлап, құлдыққа саттыңдар,– деп Құрайш тайпасының зорлық-зомбылықтарын естеріне алады, бірақ кек қуып, бұрынғы әрекеттері үшін жазалауды мақсат етпейді. Бұл кезде құрайштар Ислам дінін мойындаған болатын. Сондықтан, оның берген сұрауларына шын ықыластарымен жауап беріп, туыстық ниет білдіреді. Сөйтіп кішіпейіл, мейірімді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды кешіреді.

Пендешілікпен кейде біреу ауыр сөз айтып қалса, ашуланып, дүниеде одан жаман адам жоқтай, ол қас жау секілді болып, аузымызға келгенін айтып, иманымызды да ұмытып кетеміз. Бұл – ақиқат. Бір ісіміз оңынан болмай, өзгенікі сәтті болып жатса, көре алмаудан, қызғаныштан күйініп кетеміз. Ең қарапайымы, біреу сенің орныңа отыра қалса, жайшылықпен қарамай, жанжалдасып, айқай-шу шығарып, қара жанымызды тартып алғандай ұрысамыз. Біреу қателесіп, тамағымызды ішіп қойса, аштықтан өлетіндей, тамақтан құр қалатындай, ызадан қанымыз басқа теуіп жататыны да рас. Біреу әрдайым сені сыйлап, сені құрметтеп жүрсе, «жауапты басқаша қайтарамыз». Қолымызға бес тиын түссе, мастанып, «төбеміз көкке жеткенше қуанамыз». Одан қалса, «тағы алсам, тағы жесем, ақшаға байысам» дейтініміз де, өкінішке орай, аз емес. Өзіміз еңбек етпей, біреудікін ұрлап жегенді жақсы көреміз. Оқымаймыз, өйткені ұйықтаудан қолымыз босамайды. Жанымыз билікке, атақ-даңққа құмар. Біреу өрге шығып бара жатса, міндетті түрде оны құлату керек, әйтпесе, «сен бәрінен құр қаласың, ол барлығына ие болады» деген ойда өмір сүріп, қиналмастан, ұялмастан, «ақылыңды өзіңе жарат» деушілер де жетерлік. Нәпсіқұмар жандарымыз қаншама десеңізші! «Байлық дүние-малының көптігінде емес, қайта нәпсінің жоқтығынан білінеді» (хадис) дегендей, бұл сөздер біреудің санасына қонар, біреуіне қонбасы да ызаландырады. Тәлім-тәрбие, адамгершілік, инабаттылық, мейірімділік, жақсылық дегендер қайда? Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «жақсылық» ұғымына: «Біреудің көңілін шаттандырып, езуіне күлкі үйірту» деген анықтама беріпті. Шіркін, мұндай ой әрбір адамзаттың жүрегіне қонып, тұла бойына дарыса ғой! Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қаншама қантөгіс, қаншама мұсылманның жанын опат еткендерге кешіріммен қарады. Біз байлыққа бола, қағаз ақшаға бола, кешірім дегеннің не екенін де ұмытып кеткен сияқтымыз. Бұл жерден Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бойындағы ерекше қасиет нағыз адамзатқа, мұсылманға тән қасиет екенін көреміз. Ол (с.ғ.с.) өзінің адалдығымен, рақымдылығымен, дұшпандарын да тәубеге келтірді. Ал, тәубе дегеніміздің өзі – кісінің өзін-өзі адамгершілік жағынан жетілдіріп, рухани тазаруы, адамның істемеуге тиісті іс-қылығына пұшайман болып, оның зардабын түзету және өзін-өзі жазғыру арқылы келешекте ондайды болдырмауға үзілді-кесілді бел байлауы, бұзылған әділдікті қалпына келтіруі. Біздің дінімізде құдайға күнәһар болып, хақ жолынан адасқан адам кейін бұл қателерін, күнәларын мойындап, оған опық жесе, бетінен қайтса, кешірімді. Алла оны кешіреді. Қасиетті Құранда: «Кім зұлымдық істегеннен кейін, тәубе қылып, жақсы істер істесе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Алла күнәні кешіруші һәм мейірімді,»– делінген. Біз, қаншама қателік, зұлымдық, опасыздық, әділетсіздік жасасақ та бізді ол кешіреді. Бізге үлкен мейіріммен қарайды. Ал, біздің жауабымыз қандай? Алла тағала бізді өзгелерден ерекше етіп жаратты. Біз, өз баласын жейтін харам доңыз емеспіз, біз Алланың мейіріміне бөленген, табиғатымыз бөлек «адамзат» атаулымыз.

Бұл жалғанда түзу жүріп, бес парызымызды орындап, құлшылығымызды жасап, арымызды сақтап, біреуге қастандық жасаудан аулақ болып, адалдықты ардақтап, игі ниетпен ғұмыр кешуіміз керек. «Аштарға азық бер, ауру кісінің көңілін сұра, кінәсіз тұтқындардың босануына көмектес,»– деген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Тағы Ол (с.ғ.с.): «Адам – өз бауырың ғой, оған жек көріп қарамағын, жер бетімен жүргенде тым шіренбегін: Алла Тағала даңғойлар мен мансапқорларды жақтырмас. Әрбір әрекетіңде кішіпейіл бол, сөйлегенде де сыпайы айт, себебі, ең ұнамсыз дауыс есектікі ғой,»– деген екен. Ойланып қарайықшы, біреуге ас беріп, қарнын тойдыру, денсаулығы нашар адамның халін сұрап, әділетсіз қамауға алынғандарды құтқару – баршамыздың қолымыз-дан келеді. Өйткені, Алла адамның қолынан келмейтін істі бұйырмаған. Барлығымыз да адам болып жаратылғандықтан, бір-бірімізге бауырмыз, туыспыз. Бірімізді біріміз жақсы көріп, сыйлауымыз керек. Өзімізді өзіміз құрметтеп, аяушылықпен, жылы жүрекпен қарамасақ, біз кім боламыз? Біздің жалған дүниеміздің өзі қайда барады? Ертеңгі бақилық өмірге қандай жақсылығымызбен барамыз? Шайтанның азғыруына бой бермей, Алланың барлығын мойындап, жұмақтан орын алуымыз – өзіміздің харекеттерімізге байланысты.

Ардақты ағайын, құрметті достар! Алланың барлығы және әділдігі, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның бізді жақсылыққа шақыру үшін елшілікке жіберілгені, біздің дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран екендігін ұмытпай, бүгін адасқан болсақ та, «Тәубеліге Тәңір жақ» демекші, тәубемізге келіп, ниетімізді пәк етіп, құлшылығымызды адал өтеп, ата-анамыздың үмітін ақтап, бірлігімізді сақтап, иманымызды жоғалтпай, сабырға келіп, жамандықтан бас тартып, шайтанның арам пиғылын дініміз арқылы жеңіп, жалғанның әр жылдам секундын босқа өткізбей, еріншектіктен арылып, тұла бойымыздың тірілігін аңғартып, бақилық болғанша лүпілдеп тұратын жүрегіміздің «айнасын» таза сақтап, бір дақ түсірмей, қатеңді түзеуге көп уақыт бермейтінін ұмытпай, дәл осы сәттен бастап рухани дүниемізді Алла жолына бағыштайық, о дүниеге мұсылман болып барайық!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: