Неке (араб тілінде «никах») - үйлену, келісу, қосылу, бірігіп өмір сүру деген мағыналарға саяды. Үйлену, үй болу - атам заманнан бері жалғасып келе жатқан жаратылыс заңы, адамзат жолы. Әрбір ата-ана ер жеткен ұлы мен бойжеткен қызының тілеуін тілеп, ақ некелерін қиюға асығып жатады. Тіпті қазақта бесіктегі балаларын жақын білетін иманды, парасатты адамдардың балаларына атастырып қоятын салт болғаны белгілі. Онысы балам текті жердің қызын алсын немесе текті жердің баласына барсын деген ізгі ниеттен туған қадам еді.
Жалғыздық құдіреті күшті иеміз Алла тағалаға ғана тән. Сол себепті Алла тағала әу баста Адам атамызды топырақтан жаратқаннан кейін «жалғызсырамасын, өмірдің ащы-тұщысын бірге көрсін, ұрпақ көріп, өсіп-өнсін, жер бетінде халифалық міндетін толық атқарсын» деп, өз түрінен (Адам болмысының бір бөлшегі) Хауа анамызды жаратқан. Бұл турасында Құранда «Ағраф» сүресінің 189-аятында: «Көңілі жылып, жаны жай тапсын деп жұбайын (Хауа ананы) жаратқан Ол (Алла)» - деп, ерлі-зайыпты болу, жұп болып өмір сүру Адам ата мен Хауа анадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі қағида екенін аңғартады. Адам ғана емес, бүкіл жаратылыстың аталық-аналық болып өмір сүретінін де ең алғаш Құран аяттары арқылы білдік. Бұл жөнінде Алла тағала өз кітабында: «Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп қып жаратқан Алла қандай пәк» («Ясин» сүресі, 36-аят), - дейді. Ал Құрандағы он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен бұл шындықтар ғылыми тұрғыдан соңғы жүзжылдықтарда ғана дәлелдену үстінде.
Шаңырақ көтеріп, үй болу - иманымызды шыңдау, болмысымызды ұғыну болып табылады. Әріден сөз етер болсақ, Хауа анамыз Адам атамыздың бір бөлігінен жаралса, қазіргі ғылым-техника дамыған дәуірде де бала ата-анасының генінен пайда болып, ет пен сүйектен ажырап шығатыны дәлелденді. Сондай-ақ, тегіміз Адам атадан тарап бірден - он, оннан - жүз, жүзден - мың, миллион, тіпті әр ғасырда миллиардтаған адам дүниеге келіп, дүниеден өтуі кездейсоқ құбылыс емес. Бұнда ойланған адам үшін Алланың бірлігіне, ұлылығына, құдіретінің шексіз екеніне қатысты тайға таңба басқандай анық дәлелдер бар. Құран Кәрімде: «Оның (Алланың) белгілерінен бірі; сендерді топырақтан жаратуы. Сосын сендер адам болып, тарқаласыңдар (өсіп-өнесіңдер). Сендерге, оған тұрақтауларың өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да оның (Алланың) белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» («Рум» сүресі, 20-21 аят), - делінген. Яғни, ер мен әйелдің бір түрден жаралуы, бір-бірін сүюі, өсіп-өнуі де Алланың ұлылығын дәлелдеуде. Танымал тәпсірші Ибн Кәсир осы аятты: «Алла әйел затын басқа бір түрден (жын немесе хайуан) жаратқанда, ер-әйелдің арасында сүйіспеншілік болмас еді. Керісінше, бір-бірінен жиіркену пайда болар еді. Алланың ер мен әйелді бір түрден жаратуы - адам баласына рахым етуі» - деп түсіндірген.
Ақ неке қиып, үй болу - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті, үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі. Бір хадис шәрифте: «Үйлену - менің сүннетім» (Хаким, 2/146; Ибн Мәжжа, 1/295.) - десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» (Ибн Мәжжа, Никах, 1; Әбу Дәуіт, 1879.) - деп, бойдақтарды үй болуға шақырған. Әрдайым айналасындағы сахабаларын дүниеге қатты қызығушылықтан сақ-тандырып, үйленуге үндейтін. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларын дүние-мүлікке беріліп кетуден сақтан-дырған кезде хазреті Омар (р.а.): «Сонда өмірден не алайық?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Зікір айтатын тілі, шүкіршілік ететін ділі бар, ақырет үшін сендерге жәрдемші болатын салиқалы мұсылман әйел алыңдар» (Ибни Мәжа, Никаһ, 5.) - деп мұсылмандық тәрбиемен сусындаған, үлкендерді, ерін сыйлайтын, кішілерге мейіріммен қарайтын иманды, ибалы әйелдердің дәрежесін көтеріп, мағынасы терең сөзімен сүйіншілеген.
Сүннетке сай үй болу - діни қағидаларды бұлжытпай орындауды білдіреді. Өйткені, сүннет - дініміздің негізгі тіреуі. Біз, қазақ, сүннет ұғымын кішкене баланы сүндеттеумен ғана шектеп қоямыз. Бұның да сүннет амал екені рас. Бірақ сүннеттің толық мағынасы - бүкіл болмысымыз Құранның әміріне сай, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесіне лайық болу. Мысалы, оң жағымызбен жату, тамақты оң қолымызбен жеу, үй болып шаңырақ көтеру, т.б. Барлық амалды сүннетке сай орындаған жағдайда мұсылманның әрбір тыныстауының өзі құлшылыққа айналады. Бұл Алланың мейіріміне бөлену, сауапқа толы құлшылық.
Жалпы, адам өмірі өткінші (дүниелік) және мәңгілік (ақыреттік) болып екі сатыдан тұрады. Дүниеде сыйластығы берік отбасының әр қас-қағым сәттері үшін сауап жазылып, күнәлары кешірілетіні жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ері әйеліне, әйелі еріне сүйіспеншілікпен қараса, Алла да оларға рақымдылық етеді. Егер ері жұбайының қолынан ұстаса, саусақтарының арасынан екеуінің күнәлары төгіледі» - деген. Әрі үйленген адамның нәпсісіне қарсы көз, қол, аяқ сияқты мүшелер және іс-әрекет арқылы жасалатын зинадан сақтанудың мүмкіндігі шексіз. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, жастар! Сендердің араларыңда үйленуге шамасы жететіндер болса үйленсін! Өйткені, ол көз, іс-әрекет зинасынан сақтану жолы. Ал шамасы жетпегендер, ораза ұстасын! Өйткені, ол қалқан әрі сақтандырушы» (Бұхари, Никаһ, 2; Мүсілім, Никаһ, 1,3; Сыям, 43; Ибни Мәжа, Никаһ,1.) - деп үй болудың сауабы мол құлшылық әрі күнәдан тазару жолы екенін үйретіп кеткен. Ал ерлі-зайыпты адам ақыретте сауапсыз болмайды. Себебі, олар бұл дүниеде үш түрлі жағдайдан тыс қалмайды:
1) Имани тәрбие көрген, артынан дұға ететін салиқалы ұрпақ қалдыру. Өйткені ұрпағының ата-анасы үшін тілеген дұғаларының сауабы олар тірі кездегідей барып тұрады. Бұл жөнінде Әбу Һүрайра (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: басқаларға берген садақа, басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салихалы ұрпақ» (Мүслим, Уасия, 1631), - деген.
2) Балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған бала. Бұл дүниеде ата-анасының ыстық ықыласына қанбаған, мейірім құшағына енбеген бала қатты жылайды екен. Сонда Алла тағала періштелерінен: «Бұл бала не үшін жылап жатыр?» - деп сұрайды. Баланы жұбата алмаған періштелер: «Әке-шешесі күнәһар еді. Ал бұл балалар соларға барғысы келеді» - дейді. Әділетті, мейірімді Алла бейкүнә балаларды ата-анасымен бірге азаптамайтыны анық. Балалар болса, әке-шешесінің алдынан шығып, етегіне жабысатыны, Алла оларды жәннатқа кіргізбейінше жібермейтіні жайлы риуаяттар бар (Жамиғус-сағир, 3/2364.). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла балиғат жасына жетпей үш баласы өлген әр мұсылманды, балаларға болған мейірім, рахымымен жәннатқа кіргізеді» (Бұхари, жаназа 6, 91; Мүслим, бир, 153.) - деген. Басқа бір хадисте екі баласы өлген адам деген. Яғни, баласының өліміне сабыр еткен адам үшін бір баласы шетінесе де Алланың қалауымен шапағатшы болады. Риуаяттарда әуладтың, яғни шетінейтін баланың ұл немесе қыз бала болуын ашық айтпағанын да білгеніміз жөн.
Сонымен қатар, белгілі бір ауру немесе қатты қимыл-әрекет жасау себепті іштегі нәресте түсіп қалған жағдайда, түсікке ат қойса, қияметте Алланың қалауымен шапағатшы болады. Бұл турасында, Жәмиғус-сағир еңбегінде: «Түсік балаларға ат қойыңыздар. Өйткені, Алла ат қойылған баламен таразының сауап жағын ауырлатады. Болмаса, ол бала қиямет күні былай дейді: «Уа, Алла тағалам! Бұлар маған ат қоймады. Мен арқылы алатын сауаптарынан құр алақан қалды» (Жамиғус-сағир, 3/1075), - делінген.
3) Бала нәсіп болмаған жағдай. Ондайлар баланың аманат екенін біліп, сабыр еткен тақуалар үшін Алланың мол сыйы барын ұмытпаған дұрыс. Себебі, Алланың қалауымен ол дүниеде баласы болып, ол өзіне шапағатшы болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеде балиғат жасына жетпей жан тапсырған балалардың ақыреттегі жағдайы туралы: «Бақшаның қасындағы ұзын адам Ибраһимнің (а.с.) айналасында балалар жүр. Барлық бала мұсылман халде жан тапсырады» - деген. Сонда сахабалардың біреуі: «Уа, Алланың елшісі! Мүшріктердің балалары қалай болмақ?» - деп сұрайды. Сол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүшіріктердің балалары да» (Бұхари, бабур-руья, 7047), - деп жауап берген. Бұл хадисті кейбір ғұламалар «ұрпағы жоқтар баласыз қалмайды. Ал қамқоршысынан айырылған балалар ата-анасыз қал-майды» деп жорамалдаған. Үйленіп, сыйластықпен, өзара түсіністікпен ғұмыр кешіп, ыстық пен суыққа бірге төзіп тіршілік еткендердің ақыретте сауапсыз қалуы мүмкін емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай үй болудың сыры да сол болса керек.
Отбасы болу - қоғамның негізі әрі берекенің бастауы. Қазақ атамыз ер жігіттің үш жұрты бар: «Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты» - деп, жігіттің қайын жұртын, туып-өскен өз жұртынан бөле қарамаған. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» - деп қыз бен жігіттің үй болуын береке-бірліктің ұйтқысы деп білген. Сондай-ақ, ерлі-зайыпты адамдар кешірімділікпен бірінің олқылығын екіншісі толтырып, өзара тату өмір сүрулерін Құран кәрімде: «Әйелдер сендер үшін бір жамылғы, сендер де олар үшін жамылғысыңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят), - деп ыстық пен суықтан сақтайтын киімге теңеген. Ендеше, жасы жеткен қыз-жігіттеріміздің бас құрауы - пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындап, имандылық жолға түскені. Бұл керегесі берік, шаңырағы биік ел болғандығымызды ұқтырса керек.