Адамзат жаратылғалы бері о дүниеге аттанғандар саны сексен миллиардтан асады екен. Әрбір қас қағым сәт сайын өмірден мыңдаған адам өтіп, мыңдаған сәби шыр етіп жарық дүние есігін ашып жатыр. Талайлар бір күндік сәуле үшін басын оққа тікті, ал біреулер әлі де бір күндік сәуле үшін тырмысып жүр. Әрине, тірі тірлігін істейді. Бірінің сапары ұзын, бірінің ғұмыры қысқа, бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, қашан өле-өлгенше қатардан қалмау керек, өмір сүру керек. Әйтсе де сол «өмір сүруді» әркім әртүрлі деңгейде өткізеді. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүргенде оның дәл қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін біреулер ажырата алмай да қалады. Өмір болса жалғаса береді.
... Арайланып таң атты. Түнімен сәл тыныштық тапқан қалаға қайтадан жан бітті. Өмір сүру үшін тіршілік басталды. Тіршілік жасау үшін біреу жұмысына, біреу оқуына, енді біреу... асығып барады. Міне, мынау балалар бақшасы, оған да тұс-тұстан адамдар ағылып жатыр. Жалғыз емес, қос-қостан. Кішкентайларды үлкен адамдар жетектеп алған. Бір әйел осы арамен күнде баласын алып өтеді. Өзге емес, дәл осы ана мен баланың өтіп бара жатқанын мына үйдегі адамдардың да бәрі білетін секілді. Өйткені, әлгі бала күнбе-күн осы уақытта неге екені белгісіз, қарсылығын қарлығыңқы даусы арқылы шығарып өтеді. Тәтті ұйқысын қимағаны ма, әлде, әлі де болса үйренбеген ана ортаға барғысы келмей ме, әйтеуір, кіп-кішкентай болып алып, тартыншақтап, мына тіршілігіне өз наразылығын білдіреді. Бірақ, оған бәрібір балалар бақшасына бару керек, ал анасына жұмысынан қалмау қажет. Әйтпесе, екеуінің де тіршіліктерінің қалыпты күйі бұзылуы мүмкін. Қалыпты күй бұзылса, өмір сүру де қиындап кетері сөзсіз. Оны анасы дұрыс түсінгенімен, бала байғұс қайдан білсін. Ол үшін тәтті ұйқысы қанса, тамағы тоқ болса, сосын алаңсыз ойын қуса болғаны. Бірақ, өмір жас сәбидің аңсағанын бергісі келмейді. Тіршілік үшін қажет тұрмыс тауқыметі мен алда күтіп тұрған машақат оның пәк жанына өмір сүрудің қатқыл ұрығын осылайша еге бастайды. Сәби қайдан білсін, өмір сүру деген не екенін...
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде: «Адам баласының бақыты - ол Алла тағала белгілеген тағдырға разы болуы. Адам баласының бақытсыздығы - ол жақсылықты Алла тағаладан тілемеуі және Оның белгілеген тағдырына разы болмауы»,- делінген.
* * *
... Қазір ауа райы жылы болғанымен, азынаған жел. Әлсін-әлсін үйіріп соққан жел көшедегі құмды топырақты әуеге көтеріп әкетіп, қуыс-қуысқа тығады. Жер жарықтық бәріне көнеді: күн қызыса - құрғайды, су тисе - миы шығады, бұл жақтың жер райы солай. Ал мына құрылыстың тұрғызылып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Тұралап қалған құрылыс кедей бір фирмаға тиген екен, бес қабатты болса да қатарға қосылар емес. Өйткені, өзге құрылыстарға қарағанда, мұнда техника деген жоқтың қасы. Жалғыз ғана мойны ырғайдай боп бір-ақ кран тұр. Өзге жұмыстың бәрі қол күшімен атқарылады. Сондықтан, жұмыс қолы көп керек, бірақ жалақы мардымсыз. Сонда да болса жұмыс сұрағандар жыртылып айырылады. Ана отағасының осында келгеніне біршама уақыт өтті. Қыстай жоғары қабаттарға кірпіш тасыды, кіріктіргіш езді, лай жақты. Қанша қабаттанып киініп келсе де, Сарыарқаның сары аязы мен суық желі сай-сүйегін сырқыратып жібереді. Бірақ, әлі жалақысын да толық алмады. Әзірге, оған моитын отағасы жоқ. Өйткені, кейде там-тұмдап анда-санда болса да тиын-тебен береді. Жұмыс берушілер бұлардың өзегі үзіліп кетпесінші дейтін шығар. Мына фирмада еңбек етіп жүріп, аштан өліпті десе, жатқан тағы дау-дамай ғой. Отағасының отбасы бар, солар үшін қарызданып, түбі, әйтеуір, қайтарам ғой деп ақша алады. Онысы бірақ, киімге, пәтер ақыға, жолға деп бөле келгенде жейтін нанға ғана жетеді. «Нан болса, ән де болады» дегендей, олар осыны да місе тұтады. Сөйтіп, қыс артынан көктем келді.
Енді анада кешкілік арып-ашып үйіне барса, үлкен қызы жылап отыр. Күні бойы оқуына бармапты. Биыл қызы, Құдай қаласа, мектебін бітіруге тиіс еді. Неге десе, қыс бойғы етігін жаз шыққанда мектепке қалай киіп барсын... Әп-әдемі қыз бала ғой, ұялады емес пе?! Қызының құрбыларының бәрі жазғы жұқа киімге ауысқанда, мұның... мән-жайды түсінген отағасы жүдеу бөлменің ішінде бүрісіп отырған қызының көзіне қарай алмай, босағада шөкімдей болып шөге кетті. Алғаш рет қорланған жанын тығарға тесік таба алмай, налығаны-ай! Не үшін өмір сүріп жүргені, балаларын мына дүниеде қуанта алмаса. Үлкен кесеге қайнаған суды мол етіп құйып, бір түйір қант қосып, соның дәміне нан батырып жеп отырған кішкене ұлы әншейінде дып-дырдай болып көрінетін әкесінің кенеттен кішірейіп кеткеніне таң қала ма, әлде, бала болса да, аяныш сезіммен бе, жәудірей отырып қарап қапты. Бала өмір дегеннің не екенін қайдан білсін...
Құран Кәрімде: «Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан, сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. (Мұхаммед, сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр. Қашан оларға бір қайғы жетсе: «Олар, шын мәнінде, біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз» деді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау мен мәрқамет бар. Әрі олар тура жолдағылар» («Бақара» сүресі, 155-157-аяттар),- делінген.
* * *
...Тәңертеңгі абыр-сабыр қарбалас басылып, қаланың көшесі сәл саябырсып қалғандай болды. Жолаушыларды таситын көліктерге жанталаса жүгірген адамдар қарасы да азайыпты. Осы кезде жоғары қабаттан төменге түскен қария ауланың бақ жағындағы жұлым-жұлымы шығып, табанмен әбден тапталған орындыққа тізе бүкті. Өзге де кіре-берістедегі орындықтарда өзі секілді бір-екі егде адам отыр. Ағылып өте шыққан көліктердің үні болмаса, бұл ара тып-тыныш секілді. Бәрі де өз шаруасымен айналысып жатыр ғой, кімнің кімде жұмысы болсын, деп ойлады қарт. Балдырғандар - балабақшада, балалар - мектепте, үлкендер - қызмет орындарында, ал өзі сияқты қауқары шектеліп, соңғы сағатын тосқандардың ісі, осы - күту.
Кенет қарттың ойын улап-шулап кеп қарсыдағы орындықтың арқалығына жайғасқан төрт-бес бозбаланың қылығы бөліп жіберді. Ауыздары бір тынбай сағыз шайнаған олар өзара бір нәрселерді әңгімелеп, қарқ-қарқ күледі. Алдарында отырған мұны адам-ау деп елейтін түрлері жоқ. Тыным таппай шаймаңдаған ауыз көп сөйлегендіктен бе, әлде сол сағыздан ба көпіріп кеткен, оны нақ алдарына былш еткізіп түкіре салады. Кенет әлгілердің біреуі би биледі, біреуі шылым шекті, енді бірі түнде алдап жүріп ақыры бір қызды қолға түсіріп, арам ойын жүзеге асырғанын шаттана айтты. Оған араларындағы жалғыз қыз «менен артық па екен» деп жарқыратып санын одан әрі аша түседі. Шылым шегіп болғаны тұқылын түкірігі үстіне тастай салды да, табанымен езгіледі-ай кеп...
Шал үнсіз отыра берді. Қозғалса, аналардың бірі мұны қағып кетердей көрінді. Ол жастардың бұл қылығын жақтырыңқырамай қалғанмен, іштей аса ренжи қойған жоқ. Өйткені, несін жасырсын, өзі де кезінде тап мыналардан асып түспесе, кем болған жоқ. Қазір ғой, бойдан қуат тайған соң, өзіне жақпайтын әдеттерді істемеңдер деп жастарға ақыл айтатыны... Әйтпесе, бұ да кезінде не істемеді. Талай адамды зар қақтырды, оқыды, лауазымды қызмет атқарды. Соның бәрі-бәрі артта қалды. Құдайға тәуба дейді, біреулер секілді далада қаңғырып қалған жоқ, қарттар үйіне алынды. Әйтеуір, көмусіз қалмайтынын біледі. Жас кезінде өзіне ақыл айтқанды жек көруші еді. Бірақ, өзі жоғары лауазымды қызметте істегенде өзгелерді бір шыбықпен айдағанда алдына жан салмайтын. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен біреуді алдап, біреудің күшін пайдаланып, біреуге арқа сүйеп бар өмірін өткеріпті. Қара басының қамын күйттеп, жеке мүддесі үшін қаншама жазықсыз жанды жылатты. Қазір қараса, жұртқа жасаған титімдей жақсылығы болмаған соң, ғұмырының қалай өтіп кеткенін де білмейді. Өзіне-өзі байсалды, байыпты, беделді, кәдімгі бір адамдай көрінетін. Сөйтсе... ешкімге керегі жоқ жан екен ғой. Не деген өкініш! Бар өмірі осы ма?
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім де кім біреуге зиян келтірсе, Алла тағала оның өзін зиянға ұшыратады. Кім де кім біреуге қиыншылық тудырса, Алла тағала оның өзін қиыншылыққа душар етеді»,- деген.
* * *
...Бұл арамен де адамдар әрлі-берлі ағылып жатыр. Бірақ, мына сасыған жәшіктерге олар көп жақындағысы келмейді. Иісі жаман. Оның үстіне өлімнен ұят күшті деген, өзін адам қатарына қосатындар жақындамайды. Бұл араға ит пен құс та үйіріле бермейді. Себебі, қалған-құтқан тасталған тамақ қалдықтарына өзгелердің ортақтасқанын қаламайтындар бар. Міне, солар қоқыс тастайтын жәшіктердің шын қожайындары. Бүгін олардың екеуі көптен бері бір-бірімен кездеспеген бе, құшақтасып тұр. Біреуі - әйел, бірі - еркек. Адам екендігін, әйтеуір, сөйлеген сөздері мен кісіге ұқсайтын сұлбасына қарап ажыратасың. Әйтпесе... Әйелдің екі қолында екі бос шыны. Басы деп жалбыраған шашынан айырасың, үстіндегі сау-тамтығы қалмаған киімінің кірі бетімен бірдей. Көз деп көз емес, оның орнында жылтыраған екі нүкте, мұрын деп мұрын емес, добалдай бір қара ісік, бір сөзбен айтқанда, тұрпаттан тұрпат, кескіннен кескін, беттен бет жоқ.
Екіншісінің де бұдан асып тұрғаны шамалы. Кір-қожалақ киімінің бір сау-тамтығы қалмаған. Күс-күс қолымен әйелді құшақтап жылайды. Неге жылайтыны белгілі, баяғы тағдырына риза емес. Бұлар өмірдің дауылына шыдамай ықтап кеткен жандар. Қауқарсыз күйге түсіп, алып толқындардың соғысынан жаңқадай шашылып, жағаға шығып қалғандар. Олардың бар көздегендері - санасын тұмшалайтын «бір жартылық» табу, сосын болса бір бөлке нан, әрі қарай аман қалса, келесі күнге аяқ басады. Олар үшін енді осы өздерінің әлемінен басқа әлем жоқ. Олар өзге адамдардың дүниенің төрт бұрышын кезіп, байлықтың майын ішіп, мынау өмірдің қандай рахатын татып жүргенін білмейді, енді біле де алмайды, тіпті білгілері де келмейді. Себебі, бәрібір, тағдыр солай дейді. Олар үшін бәрі бекер, тек мына әлемге жаратылғандары ғана бекер емес. Бірақ, басқалар оларды өмірдің артық адамдары деп есептейді. Ал өмірдің не екенін бұлар өзгелерге енді қалай түсіндірмек?..
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-терінде: «Алла тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, оны сатушы және сатып алушыны, арақты дайындаушы мен дайындатушыны, оны алып келуші мен алдыртушыны және арақтан күн көргенді лағынеттеді».
«Ішкілік ішетін адам Алла тағалаға Қиямет күні мас күйде жолығады. Алла тағала: «Ей, сорың құрығыр! Не ішкенсің?» деп сұрағанда, ол: «Арақ» деп жауап береді.
- Мен оны саған харам етпедім бе?
- Иә, харам еткенсің.
Осыдан кейін Алла тағала оны отқа тастауға бұйырады»,- деген.
* * *
...Көшеде әрі-бері ағылған ығы-жығы халық, көліктер. Кәсіпорын, мекеме, зауыттар бір қалыпты ырғақты күйіне бөленген. Ал мына министрліктегі бөлмеде тіршілік басқа. Ертеңгісін өзіне сыптай тартылып, сықиып жұмыс орнына келген орта жастағы шенеунік бір-екі қағазға көз жүгірткен соң, қатты шаршаған адамның кейпіне түсіп, мамық орындыққа шалқая кетті. Алдындағы жалтыраған үстел үстіне хатшы қыз дәмді жеміс-жидек әкеп қойды. Кесеге көк шәй құйып берді. Онан соң бөксесін бұлт-бұлт еткізіп, ақ балтырын жалтырата шығып кетті. Хатшы қыз қаншама жерден жалаңаштанса да, шенеуніктен «қайыр» жоқ екенін жақсы біледі. Ол өзгелердің терін сығып, қанын сорып ішсе де, мына өмірдің майына малынып жүрсе де, Құдайдың қарғысына ұшырап, өмірге ұрпақ әкелу бақытынан айырылған. Бәлкім, бұл Жаратушының сынағы ма? Бірақ, өмір сүру үшін тірі болу керек. Сол үшін ішіп-жейді. Жаны қиналмас үшін арын да, барын да сатады. Өзіне осы арқылы жеткен жетістігі қымбат. Ол бұл жай-күйін жұртқа сездіргісі келмегенмен, оны айналасы жақсы біледі. Қарақан басының қамы үшін неден болса да тайынбайды.
Шенеунік теледидарды қосып, біраз тамашалады. «Спартак» көркем фильмі жүріп жатыр. Бір күндік сәуле үшін арпалысқан гладиаторлар... Бұл экраннан көзін алмай рахаттана жемісін жеп, шайын ұрттап отырды. Кенет әлдене есіне түсіп, сағатына қарады. Ұялы телефонын алып, біреуге қоңырау шалды. Сосын қарқ-қарқ күлді, күлген сайын қозы қарыны бүлк-бүлк етеді.
- Жұмыс бастан асады, бауырым! Бірақ, сен үшін уақыт табамын енді. Тек «көк қағаздарды» көптеу әкелсін де, түрмеден тап бүгін шығуына көмектесемін, ал ананы ит жеккенге айдатқызамын, сараң немені... Солай деді де, телефонды қойып, рахаттана жымиып, жүзімін үзіп жеуге кірісті. Өмірі үшін кім көп төлейді, сол күресте жеңеді, деді жұдырығын түйіп. Ол қасіретті тағдырының кемшін тұсын осылайша өзгелердің жарық сәулесін сөндірумен толтырғысы келеді. Өйткені, бұған да өмір қымбат.
Құран Кәрімде: «Олардың жүректерінде дерт бар. (Күншілдік дерті бар). Сонда Алла олардың дерттерін арттыра түсті. (Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ, оларға өтірікшіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар. Оларға «Жер жүзінде бұзықтық қылмаңдар!» делінсе, олар «Біздер түзетуші ғанамыз» дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде, олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді» («Бақара» сүресі, 10-12-аяттар).
Александр ЗҰЛҚАРНАЙҰЛЫ