Құран біздің өмір сүру қағидамыз жазылған атазаңымыз. Мұсылман баласы өміріндегі барлық сұрақтарға осы илаһи кітаптан жауап алады. Адамды толғандырған һәм мазалаған сауалдар шешімін осы кітаптан табады. Бұл жақсылық пен жамандықты ажыратушы кітапты оқитын және амал ететін әрбір пенде Алланың ризашылығына бөленері хақ. Бүгінгі жұмалық уағыздың тақырыбы бауырластық.
Құранда Хұжрат сүресінің 10-аятында
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ.
«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», деді.
Алла елшісі (с.ғ.с.) діндегі бауырластық жайлы айтқан бір сөзінде
إنّ من أمنّ الناس عليّ في صحبته و ماله أبو بكر, و لو كنت متّخذًا خليلا لاتّخذتُ أبا بكرٍ و لكنّ أُخوّة الإسلام و مودَّته ...
Яғни: «Адамдардың арасында маған жанымен және малымен жәрдем еткен (мен ең көп қарыздар кісі) Әбу Бәкір. Егер мен дос таңдасам Әбу Бәкір менің ең жақын досым болар еді. Алайда, Исламдағы бауырластық бұдан үстем...», деген екен.
Әрине, бір құрсақтан туған бауырлар бір біріне өте мейірімді болады. Алайда, өмірде есейгенде безбүйрек болып кеткендері де аз емес. Бірақ, діні мен ділі бір болғандар араб ақыны айтқандай «бір анадан тумасаң да, саған бауырдай болатын жан бар». Біздің сенімімін бізді бауыр етеді. Бірақ, ол бауырластық біздің қоғамда қаншалықты байқалады. Әрқайсымыз өзіміздің ынсабымыздан: діндес бауырыма қаншалықты көңіл бөлемін? деп сұрақ қойып көрейік.
Алла елшісі (с.ғ.с.) он үш жыл бойы Меккеде дін таратты. Осы жылдар Мекке шаһарының мүшриктерінен қатты қысым көрумен өтті. Алайда мұсылмандар саны азаюдың орнына, күн санап өсіп отырды. Алла елшісі (с.ғ.с.) жайлы хабарды естіген ақиқатты іздеуші адамдар шар тараптан Меккеге келіп мұсылманшылықты қабылдап жатты. Солардың ішінде Ясриб қаласынан келгендер пайғамбарды өз қалаларына қоныс аударуды өтінді. Жәрдемші боламыз, пана боламыз, деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) барлық мұсылмандарға Ясрибке көшуді тапсырды. Сахабалар үй жайын, мал мүлкін тастап Алла жолында һижрет етті. Мұсылмандар мүшриктердің азаптауынан біржолата құтылды.
Алайда, жаңа қалаға келген меккелік мұсылмандар отбасының баспанасы жоқ еді. Сонымен бірге бала шағасын асырайтындай жұмыстары да болмады. Мұсылмандар өздері жаңа бір қоғамға айналды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына һижрет етіп келген күннен бастап жаңа қоғамның негізін сала бастады. Ең әуелі мешіт құрылысын қолға алды. Себебі мешіт мұсылмандардың рухани орталығы. Сонымен қатар мешіт дінді үйрену, сауат ашу және ғибадат орны. Мешіт дегенде біздің санамызға осындай түсінік келуі қажет. Жаңа қоғамның келесі негізі адамдардың қарым қатынасын нығайту. Сол себепті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екінші кезекте мухажир және ансар сахабаларды бір бірімен бауырластырды. Бұл меккелік және ясрибтік мұсылмандар арасындағы бауырластық байланыс туыстық қарым қатынастан да берік болды.
Алла елшісі кемелдік дәрежедегі бауырластық байланыстың негізін қалай салды? Бұл мәжіліс Анас бин Маликтің үйінде өтті. Онда тоқсан кісі қатысты. Қырық бесі мухажир және тең жартысы ансар еді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларды бір біріне жәрдем беру негізінде бауырластырды. Тіпті, екі бауырдың бірі қайтыс болған күнде бір бірінің мұрагері болуға құқық берді.
Бұл жөнінде Бухари сахихының, тафсир тарауында Ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят бар:
كان المهاجرون حين قدموا المدينة يرث المهاجريُّ الأنصاريَّ دون ذوي رحمه للأخوة التي آخى النبي بينهم
«Мұхажирлер Мадинеге (Ясрибке) қоныс аударып келгенде Алла елшісі (с.ғ.с.) бауырластырған мұхажир ансардың (туысқаны болмаса да) мұрагері болды. Ниса сүресінің «Әке шеше және жақындарыңның қалдырған мұрасына мирасқор еттік» деген аяты түскеннен кейін бұл тоқтатылды. Мұрагерлік тек туысқандар арасында болатын болды. Осымен бауырластықтың мұрагерлігі тоқтатылғанымен, бір біріне жәрдем етуі және насихат етуі жалғаса берді».
Ислами бауырластықтық қоғамға берер пайдасы:
Бірінші: Болашағын ойлаған әрбір мемлекет өз халқының бірлігін басшылыққа алуы қажет. Ал, халықтың бірлігі тек ұрандап айқайлаған бос сөздерден тұрмауы керек. Бірлік бір елде тұратын жұрттық бір біріне деген бауырмалдығы мен өзара мейірімімен көрініс табуы шарт. Ал, бір бірін бауыр сезіне алмаған қоғам адамдары ұлы бір мақсат үшін ауызбіршілік құра алмайды. Ал, мақсаты бір болмаған халық мемлекет ретінде өмір сүре алмайтыны анық.
Екінші: Қай заманда болмасын әрбір қоғам жай тобырдан айырмашылығы ауызбіршілігінде. Бір қоғам адамдары өзара ауызбіршілік пен жәрдем негізінде қарым қатынас құрады. Оның ауызбіршілігі мен жәрдемі өмірдің және тұрмыстың барлық жағын қамтиды. Ал, енді өзара ауызбіршілік пен жәрдем беру қарым қатынасы теңдік және әділдік негізінде болса ол нағыз әділетті қоғам болмақ. Ал, бірін бірі алдау мен жәбірлеуге бағытталған болса, залым және дұрыс жолдан тайған қоғамға айналады. Дүниелік тіршілік пен қарапайым тұрмыстық күн көру себепті әділетті басшылыққа алған қоғамның сол әділдікті теріс пайдаланбай, үлгілі түрде іске асырудың кепілі не? Қоғамдық әділеттіліктің табиғи кепілі бұл бауырмалдық. Қоғамда бауырмалдық рухы сезілсе, ол рух заңның қорғанына айналады. Мемлекет әділдікті өз адамдарының арасында бауырмалдық пен мейірімділік арқылы жүзеге асырады. Ал, қоғамда бауырмалдық болмаса, мейірімділік жоғалса адамдар іштарлық пен көреалмаушылық дертіне шалдығады. Ал, бұл зұлымдық пен шектен шығуды тудырады. Қоғамда бауырмалдық жойылған сәтте зұлымдықтың ең қорқынышты түрі бой көтереді.
Сол себепті де Алла елшісі (с.ғ.с.) мұхажир және ансар сахабалардың бауырластығын әділетті қоғамның бастамасы етті. Осылайша мұсылман қоғамы дүниеде ең үлгілі мемлекетке айналды.
Үшінші: Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл ісі тек сөз жүзіндегі ұран болмады. Мұхажирлер мен ансарлар арасындағы бауырластық олардың өмірінің барлық жағын толық қамтыған бауырластық болды. Бауырға айналған сахабалар бір бірінің алдында шынайы жауапкершілікті сезінді. Бұл бауырластықтың бір ақ көрінісін айтсақ жеткілікті. Ансар сахаба Сағд бин Рабиғ өзінің мұхажир бауыры Абдурахман бин Ауфқа өз баспанасымен және мал мүлкімен тең бөлісті. Ал, өз кезегінде Абдурахман бин Ауф рахметін айтып, тек Мадина базарын көрсетуді сұрады. Өзі еңбек еткенді жақсы көретіндігін білдірді. Мұхажир бауырына осылайша малы мен баспанасын ұсынған тек Сағд қана болмады. Барлық ансарлық сахабалар өздерінің мұхажир бауырларына барынша көмек көрсетті.
المسلم أخو المسلم لا يظلمه و لا يسلمه من كان في حاجة أخيه كان الله في حاجته, و من فرّج عن مسلم كربة فرّج الله عنه بها كربة من كُرَب يوم القيامة, و من ستر مسلما ستره الله يوم القيامة.
Мағынасы: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол (бауырына) зұлымдық және сатқындық етпейді. Кім (бауырының) шаруасына жәрдем етсе, Алла оның жәрдемшісі болады. Ал, кім (бауырының) дүниелік бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қиямет күнгі қайғысын сейілтеді. Кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла оның айыбын жасырады», деген.
Ұлы бауырластықтың белгісі өз бауырыңа пайдалы болуды қалауың. Жеке басыңызға жеткен бір пайдалы нәрсе сізді қалай қуантар болса, діндес бауырыңызға пайдалы болу соншалықты дәрежеде сізді шаттандыруы қажет. Егер діндегі бауырыңызға бір пайда кетіру үшін тер төгетін болсаңыз сіз Аллаға ең сауабы мол ең шынайы құлшылықпен жақындай түскеніңіз, деп жазады Мұхаммед Ғазали.
Абдулла бин Аббас (р.а.) Алла елшісі мешітінде итикаф құлшылығында еді. Бір кісі мешітке келіп хазіреті Абдуллаға сәлем берді де отырды. Ибн Аббас оған: ей пәленше! Уайым қайғыда отырғаныңды көрып тұрмын, не болды, жөніңді айт?, деді. Ол: уа, Алла елшісі көкесінің ұлы! Менің пәленшеге берешек қарызым бар. Мына қабір иесі (ардақты пайғамбарымызды меңзеп) құрметімен ант етемін, қарызымды өтеуге шамам келмей отыр, деді.
Ибн Аббас: мен барып сөйлессем қайтеді?, деді.
Ол: егер қаласаңыз, деді.
Абдулла бин Аббас (р.а.) аяқ киімін киіп, мешіттен тысқа шықты. Әлігі кісі: Сіз мешіттегі шаруаңызды ұмыттыңыз, деді. Ибн Аббас: ұмытқаным жоқ, бұл қабір иесінен
من مشى في حاجة أخيه و بلغ فيها كان خيرا له من اعتكاف عشر سنين و من اعتكف يوما ابتغاء وجه الله تعالى جعل الله بينه و بين النار ثلاثة خنادق أبعدَ مما بين الخافقين.
«Кімде кім бауырының шаруасы үшін жүгіріп, орындап беретін болса, он жыл итикаф еткеннен абзал әрі жақсы болмақ. Ал, кім Алла ризалығын көздеп бір күн итикафқа кірсе Алла тағала оны мен тозақ арасына шығыс пен батыстан алыс болған үш орды қояды», деген сөзін естіген едім, деп көзіне жас алады. Бұл пайғамбарымыз дүниеден озғанына аз уақыт болған кез еді.
Бұл хадис имам Бухари және Муслимде келтірілген. Аталмыш хадис көркем бейнедегі бауырластық байланыстың ұлылығын суреттеп тұр. Сондай ақ қоғамның іргетасы мен қабырғалары берік болуы үшін қажетті жалпы қызмет түрлерінің дәрежесін көрсетуде.
Ұлы сахаба Абдулла бин Аббас (р.а.) діндес бауырының шаруасын бітіріп беруді итикафтан жоғары қойып тұр. Ал, итикаф Алла құзырында жоғары құлшылық. Итикаф намаз, ораза және зікір құлшылықтарын қамтитын ғибадат. Сонымен бірге сахаба ол сәтте Алла елшісінің мешітінде итикафта еді. Ал, Алла елшісі мешітінің мәртебесі өзге мешіттерден жоғары. Және онда жасалған құлшылық сауабы еселенетіндігі жөнінде хадистер де бар. Бұған қоса хазіреті Ибн Аббас білімінің тереңдігімен ерекшеленген сахаба. Итикаф құлшылығын тотқатып, діндес бауырының шаруасына жәрдем етуге сахабаға жол сілтеген білімі. Себебі сахабаларды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай тәрбиелеген.
Дүниенің ауыртпалығы кісі белін қайыстыратындай көп. Ал, қиыншылықтар шұрайлы шөпке де, тілім тілім болған жерге де нөсерлеп жауатын жаңбырша толассыз адамдардың әлін діңкелетіп жібереді. Адам баласы жеке өзі ұзақ уақыт бойы қиыншылыққа төтеп беруге қауқарсыз. Ал, «Жолдасы көптің олжасы көп» дегендей басына түскен ауыртпалықты бауырлары бөлісетін болса, қиындықты оңай жеңеді.
Алла елшісі (с.ғ.с.) досқа көмек беру туралы
انصرْ أخاك ظالما أو مظلوما
Мағынасы: «Бауырыңа зұлымдық етіп жатса да, зұлымдық көріп жатса да жәрдем ет», деген екен. Сонда сахабалар: уа, Алла елшісі! Зұлымдық көргенге жәрдем етеміз. Ал, зұлымдық етіп жатқанға қалай жәрдем етеміз?, деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның зұлымдық істеуіне жол берме! Міне, бұл сенің жәрдемің», деп жауап берген екен.