Тағдырға иман ету – ислам ақидалардың бірі. Тағдыр мәселесі - Алланы тану негіздерімен тығыз байланысты. Сондай-ақ, Жаратушының заты мен көркем есімдері және сипаттарын дұрыс танудың негізін қалайтын тақырып. Өйткені, Алланы танудағы міндетті сенімдердің бірі – Алланың шексіз біліміне, қалауына және құдіретіне иман екені белгілі. Тағдыр мәселесі Алланың білім, қалау және құдірет сипаттарымен тығыз байланысты. (Табсыт ақаид исламия, Хасан Аюб, алтыншы басылым)
Осы жерде негізгі алты хадис ғалымдарының бесеуінің еңбегінде келтірілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір сөзінің орайы келіп тұр: Адам және Мұса (ғ.с.) пайғамбарлар Алла құзырында бір-бірімен сөйлеседі. Адам ата (ғ.с.) Мұса пайғамбарды (ғ.с.) иландырады. Мұса (ғ.с.) Адам атаға: «Сізді Алла тағала өз қолымен (яғни құдіретімен) жаратқан, Өз мейірімен сізге жан берген, періштелерді Сізге құрмет еткізіп идірген, Өз жәннатын сізге мекен еткізді. Ал, сіз қате жасап (тыйым салынған ағаш жемісін жеп) адамдарды жерге түсірдіңіз» – деп жазғырды. Сонда Адам (ғ.с.): «Сені Алла тағала өз елшілігіне және сөзіне таңдап алған, саған барлық нәрсенің жайы баян етілген тақта (кітап) берген Мұсасың ғой. Сені Алла өзіне жақындатып сөйлескен. Мені Алла жаратпай жатып, Таурат қанша жыл бұрын жазылған?» – деп сұрады. Мұса (ғ.с.): «Қырық жыл бұрын» – деп жауап берді. Адам ата: «Сен Тауратта: «Уа ъасо Адаму Роббаһу фағоуа» аятын оқыдың ба?» – деп сұрады. Мұса (ғ.с.): «Иә» – деді. Сонда Адам ата (ғ.с.): «Мен жаратылмай тұрып, қырық жыл бұрын Алла тағала жазып қойған нәрсе үшін мені неге жазғырасың?» – деген екен. Хадисті Әбу Һүрәйра (р.а.) риуаят еткен.
Бұл хадис үлкен ақиқатты екі пайғамбардың әңгімесі арқылы бізге дәріс етіп үйретуде. Ендігі кезекте Адам ата (ғ.с.) сөзінің сырын талқылайық.
Расында, тағдыр ұғымы – ақиданың негізін құрушы түсініктің бірі. Сол себепті тағдырға иман ету – Аллаға және Оның сипаттарына иман етуді толықтырушы сенім саласы және таухидтің негізгі тарауы болып есептеледі.
Шын мәнінде, Алланың білімі барлық нәрсені қамтитындығында дау жоқ. Алланың сол білімінің негізінде болашақ, яғни тағдыр жазылған. Бұл жайлы Құранның «Юнус» сүресінің 61-аятында:
«... Аспан мен жердегі титімдей, тіпті одан да ұсақ, әйтпесе, үлкен нәрселер болса да ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Оның барлығы лаухул мазфузда жазылған» дейді. Шын мәнінде, жалғыз Алла тағала ғана ақиқатын білетін бұл ғайып кітаптың парақтарында тағдыр жолдары, амалдардың баяны мен бақытсыздық пен бақыт нәтижесі жазылған. Алайда, бұл ғайыпты білуді бізге жазбаған.
Адамның өмірінде еріксіз, тек Алланың қалауымен болатын жайттар да бар. Адам баласы ол жайттарды қабыл етуі міндетті. Мысалы, дүниеге келу заманы, өмір сүретін дәуірі, дүниеге алып келуші ата-анасы, өзінің дене бітімі, жынысы, сыртқы көрінісі, өмірге келу мен қайтыс болу уақыты, т.б. бұлар адамның еркінен тыс, тек Алланың қалауымен болатын жайттар.
Мұны «Қасас» сүресі, 68-аятында: «...Алла өзі қалағанын барлыққа келтіреді, қалағанын таңдайды, таңдау құқысы оларда емес. Алла пәк. Олар теңдестіргендердің бәрінен үстем» – деп түсіндіреді.
Тағдырдың бұл түріне иман ету – уәжіп. Бұған нақли және ақыли дәлелдер өте көп. Адам Алла тағала әмірі шеңберінде орындаған барлық сақтық және алдын алу шараларынан кейін еркінен тыс жеке басы, отбасы тап болған ауырпалық немесе мал-мүлкі мен дүниесіне тиген шығыны – тағдыр. Алланың қалауы. Бұны осылай қабыл ету – иман шарты. Сондай-ақ, бұл болып жатқан қиыншылық өзінің бір қателігі себепті емес екендігін ұғынуы да шарт. Имам Термизи риуаят еткен хадисте: «Білгенің жөн, егер адамзат барлығы бір болып саған пайда бермек болса да, Алла саған жазған жақсылығынан артық ешбір пайда бере алмайды. Ал, егер (адамзат) барлығы жабылып саған бір жамандық етпек болса, тек Алла саған жазған қиыншылықтан басқасы болмайды» – делінген.
Бұл хадис «Анғам» сүресінің 17-аятымен қуатталған: «Егер саған Тәңір бір тауқымет жазса, оны соның өзінен басқа ешкім жеңілдете алмайды. Ал, егер саған Тәңір бір жақсылық жіберемін десе (оған да Құдайдың өзінен басқаның қатысы болмайды). Өйткені, Оның құдіреті бәрінен күшті». Бұл аят тағдырға деген сенімнің көрсеткіші.
Тағдырға деген түзу сенім адам бойында батылдық, азаматтық, тәуекелшілдік секілді жақсы мінездерді қалыптастырады. Сондай-ақ, мұсылманның жүрегіне тыныштық пен жан рақатын да береді. Тағдырға дұрыс сенген мұсылманның ұраны – «Сен айт: «Алланың жазмышынан бөлек бізге ешнәрсе де болмайды. Біздің медеткеріміз сол ғана» – де. Мүминдер тек Аллаға ғана сүйенсін» («Тәубе» сүресі, 51-аят). Бұл аятта Алла тағала біздің қиыншылықтарға мойымай, жігері-мізді қайрай түсуімізге үндейді.
Тағдыр тақырыбына қатысты тағы бір мәселе – біздің қалауы-мызға қатысты жағы. Біз күнделікті іс әрекетімізді орындауда қалау және күш еркіндігін сезіне-міз. Яғни біз, қуыс кеуде секілді еріксіз қимылдың тұтқыны емеспіз. Бізде қалау және сол қалауды жүзеге асыратын күш-қайрат бар.
Алла тағала адамзатқа кітап (Құран және одан алдыңғы кітаптар) түсірді. Адамдарға кітапта көрсетілген әмірлерге бойсынуға және тыйым салынған істерден өздерін аулақ ұстауға бұйырды. Сондай-ақ, бұл үкімге бойсынған және қарсы шыққандар үшін бұл дүние және ақыреттегі сыйлық пен жазасын да көрсетті. Сонымен қатар, адамдарды дінге шақырушы етіп елшілерін жіберді.
Егер де адам зәредей қалау еркіндігі жоқ, ауада қалықтаған құстың қауырсыны секілді желдің айдаған бағытына қарай кете беретін болса, Алла тағала кітап түсіріп, елші жібермеген болар еді. Өйткені, еріксіз, қалаусыз және таңдау жасай алмайтын жаратылысқа арнайы кітап түсіру және жол көрсететін елші жіберу жөнсіз болар еді. Одан да қисынсызы еріксізді – адамды қалаусыз істеген әрекеті үшін марапаттау немесе жазалау. Мұның барлығы пайдасыз және бос әрекет деп бағаланар еді. Алайда Алланың ісінде ешбір пайдасыз пәрмен жоқ. Барлық ісінің астарында үлкен сыр мен даналық жатады.
Алла тағала бұл ғаламды жоқтан бар етіп, әлем ішіне тіршілік үшін заңдылықтар мен жүйені қоса жаратты. Сол жаратылыс дәстүрлерінің бірі - нәтижеге қол жеткізу үшін себептерін орындау. Адамзат та үлкен ғаламның бір бөлшегі. Сондай-ақ, сол ғаламның жаратылыс заңдарына бойсынады. Құранда «Фатх» сүресінің 23-аятында бұл жайлы «Бұл Алланың бұрыннан ұстап келген жолы. Ол белгіленген жол ешқашан өзгермек емес» – деп әмір етілген.
Алланың бұл заңы барлық жан-затқа қатысты. Мәселен, егінші, қолөнерші, саудагер, әрбір еңбек етуші өз кәсібінің себептерін орындайды. Мысалы, дихан жер жыртып, дән егіп, егістікке су тартады. Осының барлығын істеген соң, егер жер құнарлы болып, дән сапалы, сонымен қатар ауа райы да егінге қолайлы болса, Алла тағала дәнді өсіріп, өнім шығарады. Ал, енді шаруа жоғарыда айтылған аят-хадистерді теріс түсініп, менің ризығын ана құрсағында-ақ белгіленіп қойған, тағдырыма жазылған нәрсе әлбетте болады деп, үйінде қол қусырып отыратын болса, егін де, өнім де жоқ. Тағдыр сенімін дұрыс түсінбеген қолөнерші, саудагер, түрлі сала мамандары ақымақ шаруа секілді жұмыс істемей қойса, өндіріс орындары тоқтап, ел тоқырауға ұшырайды.
Ең ғажабы, кейбір жандар тағдыр туралы аятты оқып, өздігінше иман етеді де, жаратылыс дәстүрі жайлы аяттарға мойынсынбайды:
«Мүлк» сүресі, 15-аятта: «...Сол жерде жүріңдер, Тәңірдің бұйырған ризығын жеңдер. Тірілген соң бәрің Тәңірдің алдына барасыңдар» – деген. Алла ризықты беру үшін себеп жаратқан. Ол жер бетінде кәсіп етіп әрекет жасап, Алладан ризық сұрау. Бұл Алланың заңы. Сол секілді Алла пенделерді жәннатқа және жаханнамға кіргізу үшін себеп жаратқан. Ол құлшылық ету және күнә жасау.
Дүниелік істерде бір нәтижеге қол жеткізу үшін септігі тиетін себептерді орындау керек. Сол секілді ақыреттік амалдар да себеппен тығыз байланыста. Яғни, діни амалдар да жаратылыс заңдылығына бағынады. Бұл заңдылық Алла елшісінің Құран аяттарын түсінуі, пайғамбардан (с.ғ.с.) сахабалардың қасиетті Кітап аяттарын үйренуі. Олар Алла жолында күресіп, осы негіз бойынша әрекет етті. Соның нәтижесінде дінді толыққанды орындап, мемлекет негізін салды. Сондай-ақ, адамзат ішінен ең жақсы үмбет, яғни халық болып шықты. Ол буынның өз ғұмырында міндет болған себептерді тәрк етіп тағдырға сүйеніп, тәуекел жасағанын көрмейсіз.
Анас бин Мәлік (р.а.) жеткізген хадисте: «Расында Алла тағала (жүкті ана) құрсағына бір періштені бекітеді. Ол періште: «Раббым! Тамшы су болды, Раббым! Ұйыған қан болды, Раббым! Тістем ет болды» дейді. (Нәрестенің) дене бітімі тәмамдалар шақта періште Алладан: «Ұл ма, қыз ба? Бақытсыз ба, бақытты ма? Ризық несібесі қандай? Ажалы қашан?» - деп сұрап, ана құрсағында (баланың тағдыры) жазылады» деген. Бұл бірауыздан келісілген хадис. (Ахадис қудсия маъа шархиха. Абдуқадир Ъирфан Ъашша Хассун, Ана құрсағында пендеге бекітілетін тағдыр тарауы).
Адам баласы дүниеге келмей жатып ана құрсағында жатқан кезде-ақ тағдыры жазылып қояды. Хадистегі бақытты және бақытсыз деген ұғым мұсылман немесе кәпір, иманды немесе имансыз деген мағынаны білдіреді. Осы жерде «ал мисақ» мәселесін айта кеткен жөн.
«Ағраф» сүресінің 172-аятында: «Адам балаларын кезінде Алла тағала әкелерінің белінен шығарды да: «Ал, енді Мені құдай емессің деші» – деп, оларды өздеріне-өздері куә болуға көндірді. «Ия, біздің тәңіріміз Сенсің. Біз бұған куәлік етеміз» – деді олар. Қиямет күні: «Біз мұны білмеп еді» демеулері үшін...» дейді.
Ибн Мухаммад Насафи өз еңбегінде: «Алла тағала мисақ күні адамзатты жаратып, Адам атаның белінен шығарып уәде алмақ болған кезде адамзат мұсылман да, кәпір де емес еді. Олар тек жаратылыс болатын. Содан кейін барып Алла адамдарға иман мен күпірлікті таңдауға ұсынды. Иманды жүрегімен сеніп, таңдағандар мұсылман болды. Ал, иманнан бас тартқандар кәпір және тілімен иман сөзін айтып, жүрегі қабыл етпей қалғандар екіжүзді мұнафиқ болып қалды» – дейді. Әл-мисақ - біздің Алла тағалаға уәде берген күн. Сол күні біз өз еркімізбен таңдау жасадық. Біздің таңдауымызға байланысты, тағдырымызға бақытсыз, яғни имансыз немесе бақытты, яғни мұсылман деп жазылды. Құрсақта бақытсыз және бақытты деп жазылуы сол әл-мисақ күніндегі уәдеге байланысты.
Сол секілді иманды ұсынушы – Алла, ал қабыл алу немесе бас тарту – пенденің өз еркі. Һидаят беру, тура жолды көрсетуші - Жалғыз Алла. Ал, ізденіп ұмтылушы, дұға етіп тура жолды сұрау, әрине, пенденің ісі. Адамның іс-қимылынан күнәға ұмтылушылық байқалса, Алла оны сол жамандықты істеуіне тосқауыл болмайды. Адам жақсылыққа ниет етіп, талпынса, Алла ол пендеге де амалын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Демек, пенде сыйға да, жазаға да өз ниетімен, ұмтылысымен және ісімен лайық болады.
Осы арада тағдырды дұрыс түсінбеушілер мынадай сұрақ қояды: «Жақсылық пен жамандық, иман мен күпірлік, құлшылық пен асылық Алланың қалауымен десек, не үшін пенде жазаға тартылады?».
Бұған Бахрул калам кітабында: «Құлшылыққа әмір беруші Алла тағала, құлшылықты орындау пендеге уәжіп. Күнә және басқа да жаман істерден тиюшы Алла тағала, сол жамандықтан сақтану пендеге міндет. Жақсы да, жаман амалды орындау барысындағы шама-шарқы мен күш-қайратты беруші Алла. Ал, сол амалға ниет етуші, ұмтылушы және өз қолымен істеуші пенде. Сондықтан да пенде сауапқа да, жазаға да лайықты болып табылады».
Тағдыр мәселесінде жабария ағымы: «Алла тағала әу баста мұсылмандарды мұсылман етіп, кәпірлерді кәпір етіп жаратты. Малғұн Ібіліс жаратылғалы кәпір, ал Әбу Бәкір және Омар исламнан бұрын да мұсылман болған» деп түсіндіреді.
Ал, Әбу Һүрәйра (р.а.) риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір туылған нәресте болмыспен (яғни ханиф дінімен) туылады. Содан кейін ата-анасы баласын яхуди немесе насарани немесе мажуси етеді. Мал да өз төлін кемтар етіп тумайды. Туған төлдің дене бітімінен мін көрдіңіз бе?» - деген. Адам баласы дүниеге келген сәтте жүрегі хақ дінге бейім тұрады. Бірақ ата-ана, қоршаған орта сол жүректегі ханиф сенімді бұзады немесе соны ары қарай дамытады.
Әһли сүннә уәл жамаға Жабария ағамының сөзіне жауап ретінде «Ібіліс Алланың әміріне қарсы шығып, Адам атаға бас имеген соң кәпір болды» деп түсіндіреді. Жабария ағымының көзқарасындағы тағдыр: «Кәпірлер күпірлік пен күнә істерге мәжбүр етілген. Олар сол үшін азап та тартады. Ал, мұсылмандар бойсынуға және иманға мәжбүр. Бұл ағымның атауы да осының негізінде қойылған жабария (мәжбүрлік ұғымын ұстанушылар).
Ал, біз, яғни әһли сүннә уәл жамаға: «Пенде таңдау жасайды және құлшылық жасауға да, күнә істеуге де шамасы жетеді. Алайда, ешнәрсеге еріксіз істеуге мәжбүр емес. Бірақ жақсы ниетіне сәттілік және жаман пиғылына сәтсіздік беруші Алла тағала. Демек, жақсылық пен жамандық Алладан» деп сенеміз. (Бахрул калам, иман және күпірлікті таңдау бөлімі).
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ