Азан - ислами рәміз

Азан - ислами рәміз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Азан - барша мұсылманды бес уақыт намазға шақыратын діни аса ізгі амал. Азан - Ислам нышаны һәм рәмізі. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны бар. Кезінде асыл дініміз қанат жая бастаған дәуірде мұсылмандарды құлшылыққа шақыратын бір белгі, әдістің қажеттілігі туындады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалармен ақылдасып, намазға шақыру әдісін белгілеу үшін мәжіліс өткізді. Сол мәжілісте әркім әр түрлі пікірлер айтты. Сахабалардың кейбірі христиандар секілді қоңырау шалуды ұсынса, енді бірі иаһудилер тәрізді сырнай тартайық деген ойын ортаға салды. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер секілді намаз уақыты кіргенде от жағуды ұсынған да болды. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

Осы тұста хазрет Омардың (р.а.) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындалатын болды. Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах есімді сахабаға жүктелді.

Осыдан көп ұзамай-ақ Абдуллаһ бин Зәйд (р.а.) атты сахаба бір түс көрді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен. Абдуллаһ таң атар-атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, бүге-шүгесіне дейін баяндады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны мұқият тыңдап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де, бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан шақырып, Мәдина қаласын жаңғырта бастады. Бұл азанды сол түні, хазрет Омарды қосқанда, 7 сахабаның дәл сондай түс көргені белгілі болды. Сөйтіп, азанның нақ осы қалпында айты-луы керектігіне еш күмән қалмады. Осылайша, бүкіл адамзатқа түскен Исламның таза һәм шынайы дін екендігі азаннан да көрініс тапты. Сырнай тарту немесе қоңырау шалу не от жағудың ғибратқа толы азанға ұқсай алмасы анық. Ислам діні жер жүзіне жайыла бастаған күннен бастап, азан бір сәт те айтылмай қалған емес. Сондай-ақ, қиямет күніне дейін әлемнің түкпір-түкпірінде азан даусы жаңғырып, өз міндетін атқара бермек.

Аллаға шүкір, еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Мешіттеріміздің саны артып, оның іші жамағатқа толуда. Осы жамағаттың бес уақыт намазға жиылуына азанның әсері зор. Азанның мағынасы мен маңыздылығы және азаншының қияметтегі басқа адамдардан артықшылығы, азаншының шақыруына жауап берген адамға берілетін әжір сауап қандай десеңші?!

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше рет республикалық деңгейде Құран жарысын өткізді. Нәтижесінде, еліміздің түкпір-түкпірінен құран жаттаған қариларымыз дүбірлі аламанда бақ сынап, олардың саны мен деңгейі айқындалды. Сондай-ақ, халықаралық құран жарыстарына қатысатын үміткерлер де іріктелді. Алайда, елімізде азаншылар арасында жарыс өтпеген. Тіпті, мұндай байқау Орта Азия елдерінде де өткізілмепті. Бұл рухани бәйгені «Нұр Астана» мешіті қолға алды. Жарысты өткізудегі негізгі мақсат - азанның шығу тарихы, азанның мағынасы мен маңыздылығы, азаншының ерекшеліктері және азанның қыр-сырымен халықты етене таныс-тыру. Сондай-ақ, ел арасындағы әдемі әуезді азаншыларды анықтау. Екі номинация бойынша өтетін бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 55 үміткер іріктеліп алынды. Аталмыш шараны ұйымдастыру барысында «Азан жайлы не білеміз?» атты шағын кітапша жарыс күні көпшілікке таратылмақ.

Үні құдіретті азан бес уақыт намаз уақыттарының кіргенін хабарлаумен қатар, дүниеге келген сәбиге есім қояр кезде құлағына азан оқылады. Ибн Аббастың (р.а.) жеткізуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немересі Хасан туыла сала оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтқан. Нәрестенің құлағына азан шақырып, оған жақсы ат қою - ата-ананың перзенті алдындағы маңызды міндеттерінің бірі.

Ибн Сунни Хасаннан риуаят еткен хадисте ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде кім дүниеге келген баласының дереу оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтса, баланың қыр-соңынан қалмайтын умму сибян (сәбилердің анасы) есімді шайтанның оған зияны тимейді»,- деген. Осылайша, нәрестенің ең алғашқы естігені азан болғаны абзал. Дей тұрғанмен, кейін де баланың құлағына азан айтуға тыйым жоқ. Сондай-ақ, қатты ашуланған, науқастанған, жаман мінезді адамның немесе жан-жануардың құлағына азан оқуды да шариғат құптайды. Жын мен шайтан қорқынышты бір бейнеде көрінген кезде, бұлардың кесірінен сақтану үшін де азан оқылады. Өйткені, шайтанның азан оқылған кезде қашатындығы хадисте айтылған. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлидің ренжіп отырғанын көріп былай деді: «Ей, Әбу Тәліпұлы! Саған не болды? Ренжулісің ғой. Отбасыңның біріне айт, құлағыңа азан айтсын. Өйткені, азан қайғыны кетіреді»,- деді. Сосын ол құлағына азан айтқызып көрген еді, шындығында, дәл солай болып шықты. Сондай-ақ, Әлиге дейінгі риуаят етушілер де осылай жасап көрген еді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі тура шыққандығы баян етіледі. Басқа риуаятта ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қайсыбір адам немесе қандай бір хайуан теріс мінез танытса, оған азан айтыңдар»,- деген болатын. Демек, азан жай ғана құлшылыққа шақыру емес, адамзат баласына рухани һәм денсаулығына шипа.

Осы аса жауапты һәм сауапты міндетті атқарушы адамды азаншы дейміз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) азаншылықтың ерекшеліктері туралы көптеген хадистері бар. Бұлардың кейбіріне тоқталып өтейік: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаым, имамдарды тура жолға сал, тура жолдан айырма, азаншыларға кешірім ет!» деп олар үшін дұға жасаған. Сондай-ақ, ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде кім жеті жыл үздіксіз сауап үмітімен азан айтса, оған тозақ отынан азаттық беріледі» десе, келесі бір хадисінде: «Кім он екі жыл азан айтса, оған жәннат уәжіп болады. Оған әр азаны үшін алпыс, ал әрбір қаматы үшін отыз жақсылық жазылады»,- деген. Сол себепті азаншы міндетін атқару - үлкен бақыт. Шынайы ниетпен, сауабын бір Алладан күтіп, азан шақыру - жәннат сыйын тарту ететін ізгі амал. Ол аз десеңіз, азаншының күнәлары даусы жеткен жердің бәрін толтырса да кешіріліп, қиямет күні оның даусын естіген барлық нәрсе оған куәлік етуі және қиямет күні басқа адамдардан бойлары ұзын болып тұратыны хадистерде айтылған.

Ибн Омардың (р.а.) айтуы бойынша, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) екі азаншысы болған. Оның бірі - баршамызға танымал Біләл әл-Хабаши, екіншісі - Абдуллаһ ибн Умми Мактум.

«Исламның алғашқы азаншысы» атану бақытына ие болған түп тегі эфиопиялық Біләл әл-Хабашидің Ислам тарихында өшпес орны бар. Дінге шақыру жасырын жүріп жатқан кезде Исламды қабылдап, әртүрлі азаптарға душар болған алғашқы сахабалардың бірі. Ол Үмәийә ибн Хәләф есімді байдың басыбайлы құлы болатын. Бірақ, оның жүрегі иман шәрбатымен сусындаған соң, ол бай-бағбанның басыбайлы құлдығынан құтылып, барша адамзат баласын жаратқан бір Алланың шынайы құлына айналды. Ең алғаш азан айту міндеті табысталған күннен бастап, Біләл тамаша жуан қоңыр даусымен күніне бес рет мұсылмандарды намазға шақырған. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірісінде азанды алғашқы күннен соңғы күнге дейін тек қана Біләл шақырған.

Азан тек араб тілінде ғана айтылады. Ханафи мәзһабында қамат та азан секілді «Аллаһу әкбар» 4 рет, «Әшһәду әл-ләә иләәһә ил-лаллааһ» 2 рет, «Әшһәду әннә Мухаммадәр расулуллааһ» 2 рет, «Хаййә ъалас-солааһ» 2 рет, «Хаййә ъалал-фалаах» 2 рет, «Аллаһу әкбар» 2 рет, «Ләә иләәһә ил-лаллааһ» 1 рет айтылады. Жаназа, үтір уәжіп, екі айт, тарауих, жаңбыр тілеу және түрлі нәпіл намаздарға азан мен қамат айтпай оқылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде күн тұтылған кезде оқылатын намаз секілді белгілі себептерге байланысты жамағатпен намаз оқылатын кезде «ас-солата жамиъаһ» яғни «жамағатпен намазға келіңіздер» деп жар салынатын болған. Намаз Мекке дәуірінде парыз етілген болса, ал азан Мәдина қаласына хижрат еткеннен кейін шариғатқа енді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және алғашқы екі Халифа тұсында жұма намаздың азаны тек хұтпаның алдында ғана айтылатын. Хазірет Османның (р.а.) халифалық еткен дәуірінде намазға үлгере алмай қалып жатқан көпшіліктің өтініші бойынша екінші азан қосылған.

Азан айтатын адам үстіне шапан киіп, құбылаға жүзін бұрып, екі саусағын құлақтарына қойып айтады. «Хаййә ъаләс-солаһ», «Хаййә ьаләл-фаләх» сөздерін айтып жатқанда бетін оң және сол жаққа бұрады. Қамат айтқан кезде құбылаға қарап тұрып, қолдары түсірілген күйде тез-тез айтады. Әбу Жухайфа (Алла одан разы болсын) былай дейді: «Біләлдің азан айтқанын көрдім. Ол жүзін оң мен сол жаққа бұрып, «Хаййә ъаләс-солаһ», «Хаййә ьаләл-фаләх» деп жатты. Екі саусағы екі құлағында болатын».

Азан мағынасы жағынан намазға және исламға шақыру. Өйткені, оның ішінде ақиданың үш негізі қамтылған. Алланың барлығы, бірлігі, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы. Шынайы ықыласпен азан шақырғандар қиямет күні басқа адамдардан биік болып тұратыны хадистерде айтылған. Неліктен? Өйткені, азаншы бізге күніне бес мезгіл намаз уақытының кіргенін хабарлап, ғибадатымызды өз уақытында орындауға үндейді. Алланың бірлігіне, барлығына, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың елшісі екендігіне куәлік етуге, өз уақытында намазға жығылуға, мәңгілік жан рахаты мен екі дүние бақытына бөленуге шақырады. Алайда, біз осы үні ел жүрегін елжіретіп, естіген жанды елең еткізетін мағынасы ғибратқа толы азанға қалай жауап беріп жүрміз? Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) Біләлға: «Арихна иә, Биләл!», «Уа, Біләл! Азан шақырып бір сейілтші»,- деген болатын. Демек, намаз ғибадаты арқылы рахатқа бөлену үшін азан айтуын сұрады. Ендеше, біз де қапы қалмайық! Азанның негізгі міндеті - намазға шақыру болса, құлшылығын құлшынып сол мезетте орындаған адам азанға ең биік дәрежеде жауап берген бақытты адам болмақ.

Қалижан қажы ЗАҢҚОЕВ,

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: