Қағба және құрайыштар

Қағба және құрайыштар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Қағбаның сегізінші рет Құрайыш руы тарапынан салынғандығы туралы тарих және хадис кітаптарында көптеп айтылады. Бұл жолғы Қағбаны салу құрылысына пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі де қатысқан. Бұл уақытта Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жасы 35-те, яғни пайғамбарлық келуге 5 жыл уақыт қалған еді.

Құсай ибн Қилаб Қағбаны қайтадан салған соң, арада талай жылдар өтіп, қасиетті Қағба ескіріп, оны қайта салу керек болды және бір әйелдің жаққан отының ұшқыны Қағбаның сыртындағы жабуына тиіп, отқа оранды. Бұл оқиғадан соң, Құрайыш руы бас болып, барлық ру басылары дәрун-надуада кеңес құрып, Қағбаны қайта салу керектігін мақұлдады. Қағбаны салу құрылысына халықтан ортақ жылу жиналып, құрылысқа берілетін ақша тек таза, адал кәсіппен табылған болуы керектігіне мән берілді.

Осы кеңестен соң, Жидда қаласына жақын жерде Грекиядан Мысыр арқылы бара жатқан Рум кемесі апатқа ұшырап, Қызыл теңіз жағалауында қалғандығы белгілі болады. Құрайыштар осы кеменің ағаштарын сатып алуы үшін Уәлид ибн Муғираны Жиддаға жібереді. Уәлид кемені толық сатып алады. Бұған қоса сол жерде грек ағаш шеберімен танысып, онымен келісіп, Қағба құрылысына бақылаушы болуы үшін Меккеге алып келеді. Осылайша Қағбаны салу құрылысы басталып, барлық адамдар өздеріне тиісті жұмыстарын атқарады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бұл іске құлшына кірісіп, Қағбаға таудан тас тасығандықтан иығы ойылып кеткендігі туралы тарих кітаптарында айтылады.

Қағбаны жөндеу кезінде мынандай бір оқиға болды. Ғаббас ибн Әбу Тәліп Мұхаммедке (с.ғ.с.) иығына тас батпауы үшін үстіңгі киімін иығына қойса, ойылмайтынын айтады. Пайғамбарымыз үстіңгі киімін иығына қойып, тас көтеріп келе жатқанда, денесі ашық қалғандықтан кенеттен құлап түседі. Орнынан тездетіп тұрып, киімін денесіне жаба қояды. Бұл оқиғаны көзімен көрген Ғаббас кейін сұрағанда Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Денем ашық қалған кезде, құлағыма: «Ей, Мұхаммед, денеңді ашпа, сен пайғамбарсың, саған бұлай істеу жараспайды», – деген үн келді», – деді.

Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғайыптан естіген тұңғыш дауысы еді.

Қағбаны толығымен бұзып, астын қазған кезде, кезіндегі періштелер қойған, бұдан атамыз Адам (ғ.с.) жалғастырған, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар баласы Исмаилмен (ғ.с.) қайта салған Қағбаның негізгі іргетасын көреді. Бұл тас өте үлкен әрі қатты болғандықтан, ол тасқа кетпен де өтпей қалады. Құрайыштар Қағбаны салғанда үлкен өзгерістер болды.

Кеменің ағаштары Қағбаға толығымен жетпейтін болғандықтан, Қағбаның көлемін сәл қысқартты. Ол қысқартқан жер Қағбаның қалған бөлігі екенін білдіруі үшін, айналасын қоршап қойды. Шариғат кітаптарында бұл жер «Хатым» деп аталады. Ол қазіргі заманымызға дейін сақталған.

Арада біраз жылдар өтіп, Ислам діні толық орныққан заманда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жерді бұзып, бұрынғыша Қағбаны созып жасамақшы болған еді. Бірақ, көпшіліктің көңіліне реніш туатындықтан, сол күйі қалдырды.

Тағы бір өзгеріс – Қағбаға кез-келген адам кіре бермеуі үшін жерден биігірек етіп көтеріп, оған есік орнатты және баспалдақ салды. Бұған қоса Қағбаның ішіне алты жерден баған орнатып, оны бұрынғыдан да биігірек етіп көтерді.

Қағба жұмысы біткен соң, кезек жәннаттан түскен қара тасқа келген кезде, әр ру арасында келіспеушілік туып, үлкен дау-дамайға ұласты. Өйткені, бұл қасиетті қара тасты қою құрметін әр ру адамдары өздері ғана иемденбек болды. Бұл келіспеушіліктің қатты болғандығы соншалық, әр рулар арасында үлкен қан төгіске дейін баруға дайын тұрды. Қара тасты қою кезегін қалай шешерін білмей, ру басыларының бастары әбден қатты. Осылайша үш күн бойы Қағба құрылысы тоқтап қалды.

Құрайыштардың ішіндегі ең жасы үлкен болып саналатын ақсақалы Әбу Уммия мынадай бір ұсынысты айтты:

– Ертеңгі таң шапағында Сафа есігінен кім бірінші болып кіретін болса, сол адам бұл іске шешім айтатын болсын!

Ақсақалдың бұл ұсынысын барлық ру басылары қабыл етіп, ертеңіне кім бірінші болып кіреді екен деп, қарап тұрғандарында, ол есіктен бірінші болып Мұхаммед (с.ғ.с.) кіріп келе жатады. Оны көрген ру басыларының бәрі қуанады. Өйткені, олар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туралығына, адалдығына, өтірік сөйлемейтініне шек келтірмейтін еді.

Мұхаммедті (с.ғ.с.) шақырып, оған барлық жағдайды түсіндіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл істі шешуде парасаттығын көрсетеді, яғни бір шекпен алдырып, ортаға жайып, оның үстіне қара тасты қойып, әр рудан бір-бір адамды шақырып, әлгі адамдарға шекпенді ұстап көтеруін бұйырды. Міне, арты қан төгіске барғалы тұрған дау-дамай оңай шешіліп, бұл шешімге барлық рулар қуанышта болады. Ислам тарихында қасиетті Қағба құрайыштар тарапынан осылайша салынды.

Тоғызыншы рет Қағба – Ислам діні кеңірек етек алған кезде Абдулла ибн Зубайрдің (р.а.) тұсында салынды. Бұл туралы имам Бухари және Мүсілімнің хадистерінде, көптеген тарих кітаптарында айтылады. Біздің жыл санауымыз бойынша 683 жылы (хижра, 64 жыл) Меккеде қатты ұрыс болды. Ол кездегі халифа Язид ибн Мағауия-Хусайн ибн Мәмирдің қолбасшылық етуімен ибн Зубайрдің аяқ-қолын байлап әкелуі үшін әскер жіберді. Бұл әскермен ибн Зубайр арасында үлкен ұрыс болып, нәтижесінде халифа Язид дүние салуына байланысты, соғыс тоқтап, халифа әскері Шамға қайтты. Міне, осы ұрыстың әсерінен, Қағбаға жақын жердегі әскер шатыры өртеніп, сол кезде қатты жел тұрып, оттың ұшқыны Қағбаға тиіп, өртке оранды. Құрайыш руы Қағбаны ағаштан салғандықтан, ағаштар уақыттың өтуінен ескіріп, қурап тұрған еді. Өрт басталысымен, Қағба бірден құлады.

Абдулла ибн Зубайр ақсақалдарды, құрметті кісілерді шақырып, жинап, олармен Қағбаны қайтадан салу жөнінде ақылдасты: «Егер де сендердің біреулеріңнің үйлерің өртенетін болса, әлбетте, оны, жаңадан салмайынша көңілдерің көншімес еді. Қалайша біз, Раббымыздың үйін жаңартпасқа? Олай болса мен 3 күн Алладан жақсылық сұрап, сонан соң Қағба құрылысын бастаймын”,– деді.

Ибн Зубайр Қағбаны Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Ибраһимнің (ғ.с.) салғанын көргеніндей етіп тұрғызғысы келді. Ибн Зубайрдың айтуы бойынша, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): “Егер қаражатым жетсе, мен хижрдан 5 метр қосар едім, сонымен бірге екі есік қосып, бірін – кіруге, екіншісін – шығуға арнар едім», – дегенін, Айша (р.а.) анамыздан естіген. Ибн Зубайр айтты: «Мен қазір адамдардың пікірінен қорықпай-ақ солай істеймін», – дейді.

Жоғарыда айтқандай, ибн Зубайр Ибраһим (ғ.с.) негізін салғандай етіп Қағбаны тұрғызды. Шатырын ерекше ағаш Аудтан (Арабияда хош иісін тұтандырып шығарады) жасалған үш бағаннан тұрғызды, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қалағандай бірі – шығысқа, екіншісі – батысқа қарайтын екі есік салынды. Қағбаға Хатым қосылды (төмен қабырғалармен қоршалған Қағбаға жанасып тұратын жартылай дөңгелек бөлігі).

Әбдулла әз-Зубайр тағы да мынадай өзгерістер енгізді:

– Қағбаның шатырына жарық түсуі үшін кішкене терезе жасалды;

– есікті жер деңгейіне дейін түсіріп, тағы да бір есік қосты;

– Қағбаның биіктігін 4 метрге дейін көтеріп, оның биіктігі 9 метрге жетті;

– оның қабырғаларының ені – 90 см;

– құрайыштар тұрғызған үш бағанның орнына алты баған орнатты;

– төбесін жапқан соң, одан су ағатын орын істеді;

– жәннаттан түскен қара тас қатты өрттен кейін 3-бөлікке бөлініп сынған еді. Оны Зубайр күміспен қаптатып, орнына қойды.

Құрылыс кезінде ибн Зубайр Қағбаның айналасына төрт бағанаға жапқыштар іліп, тек жұмыс біткесін ғана ашты. Бірақ, осы бағандардың айналасынан тәуеп етуге рұқсат етілді, сондықтан, қайта тұрғызу кезінде де тәуеп етіле берді.

Қағба тұтас біткен соң, Зубайр адамдарға Тәнғим деген жерге барып, ихрам киімін киіп, кіші қажылықты өтеуді бұйырды. Кіші қажылықты өтеп болған соң, Аллаға шүкіршілік етіп, құрбандық шалды. Сол күні құрбандыққа сансыз мал шалынды.

Хижра бойынша 74 (693) жылы сол уақыттың белгілі билеушісі әл-Хажы ибн Юсуф әл-Тағафи, Әбдул Мәлік халифтің келісімімен, ибн Зубайр тұрғызған Қағбаны құрайыштар салған кездегідей қайта тұрғызды. Ол жасаған өзгерістер төмендегідей:

– осы кезге дейін өзгермегендей етіп көлемін кішірейтті;

– хатымды бөлді;

– батыс есікті жауып (әлі күнге дейін оның іздері байқалады), шығысты қалдырды;

– хатымды қоршап тұрған қабырғаларды бұзды;

– Қағбаның ішіне ибн Зубайр орнатқан ағаш баспалдақты алып тастады;

– есіктің биіктігін 2,25 метрге дейін кішірейтті.

Әбдул Мәлік ибн Маруан умраға келген кезде ол, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қағбаның әз Зубайр салғандай болуын қалар едім», – деген хадисін естіп өз істеріне қатты өкінді.

Уәлид ибн Абдул Мәліктің халифалық заманында, ол Меккенің әміріне арнайы 36 мың динар жіберіп, Қағбаның есігін, су ағатын төбесіндегі құбырын және ішіндегі діңгектерін алтыннан салуға әмір етті. Осылайша Уәлид Ибн Абдул Мәлик ең бірінші Қағбаны алтындаған деген атқа ие болды.

Харун әл-Рашид халифа пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қалауындай етіп, Қағбаны ибн әз-Зубайр салғанындай, қайта тұрғызғысы келді. Ол Имам Мәлікпен ақылдасқанда: «Қасиетті Қағба ел билеушілерінің қолындағы ойыншықтай, қайта-қайта өзгертіле бермеуі тиіс. Сондықтан, шешіміңді өзгертуге тиіссің», – деді.

Оның ақылын тыңдаған Харун әл-Рашид қайта салмады, ол сол қалпында ұсақ жөнеулерден өтіп, Қағба 966 жыл өзгеріссіз тұрды.

Амангелді Еренғайыпұлы

Иман журналы №9 (86)2011ж

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: