Джунаид ұстаздың шәкірті

Джунаид ұстаздың шәкірті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Бағдад өте бай да әсем қала болған. Онда әлемдегі ең ұлы империя – Абассидтер империясының астанасы орналасты. Империяны атақты Харун ар-Рашид басқарған. Бағдад дүниенің төрт бұрышынан керуендер ағылып келіп жататын ірі сауда орталығы болды. Алайда, бұл қала тек байлығымен ғана емес, ағартушылық орталық ретінде де әлемге әйгілі еді. Сол Бағдадта Сари аль-Сакати атты ағасының тәрбиесінде өскен, Аллаға шын берілген Джунаид атты ұлы ұстаз бар еді. Бірде он бір жастағы Джунаидты ағасы Меккедегі аль-Харам мешітіне алып барады. Мұнда келсе, төрт жүзге тарта кемеңгер “қайырымдылық” ұғымына нақтырақ түсінік беру үшін талқылау үстінде екен. Джунаид пен ағасы шетке жайғасып мұқият тыңдап отырды. Қарт Сари немере інісінің ақылына тәнті болып жүруші еді, сондықтан бұл жолы да оның ойын білгісі келіп, басқалардың назарын өзіне аудару үшін жөтеліп алды да: “Әрине, ағалар, сіздердің барлықтарыңыздың ойларыңыз қажет те, мақтауға тұрарлық. Бірақ мейірімділік танытып, менің немере інімді тыңдап көріңіздерші. Ал, Джунаид, не айтасың? Шынайы қайырымдылық дегеніміз не?” – деді. Ғалым ағалар үнсіз ғана балаға көз тастады. Ол көтеріңкі дауыспен: “Қайырымдылық – Алланың бізге берген ризықтарына қастандық жасамау және оны біреуді бағындыру үшін қолданбау керек деген ұғым” – деді. Мұндай тиянақты жауапқа ғалымдар таң қалды. Тіпті қарт Сари де жымиып: “Джунаид, сенің тілің – Алла Тағаланың берген сыйы” – деді. Кейіннен Джунаид ержетіп, Бағдадта ұстаздық қызмет етті. Шәкірттері оның адамгершілігі мен шынайылығын өте жоғары бағалаған. Кейбірі тек дәрісін тыңдауға келсе, біреулері бірге тұратын болған. Кемеңгер ұстаз шәкірттерінің бәріне де үлкен махаббатпен қарады. Алайда бір бала оның ерекше назарында болды. Ал басқа балалар бұған қызғанышпен қарай бастады. Джунаид: “Ол ақылдырақ және Аллаға деген ерекше сезіммен тәрбиеленген” – деп түсіндірді де, бұған олардың қөздерін жеткізу үшін барлық шәкірттеріне тапсырма берді: “Әрқайсысың құс базарына барып құс сатып алыңдар да, оны ешкімге көрсетпей өлтіріп, маған алып келіңдер!” – деді. Балалардың барлығы да құс сатып алып, оны өлтіріп, Джунаидқа әкеліп көрсетіп жатты. Кенеттен бөлмеде құс қиқуы мен қанат сыбдыры естілді де, ұстаз алдына қолына тірі құс қондырған сүйікті шәкірті оралды. Бәрі де аң-таң. Бірі: “Бауырым, саған не болған? Немене, ұстаздың бұйрығын орындағың келмей ме?!” – десе, екіншісі: “Міне, ақымақ!” – деп күлісті. Ал Джунаид шәкіртінен: “Сен неге құсты өлтірмедің? Мұны қалай түсіндіресің?” – деп сұрады. “Ұстаз, сіз құсты ешкім көрмейтін жерде өлтіруді бұйырдыңыз, бірақ бұл мүмкін емес қой. Неге десеңіз, Алла Тағала біздің не істегенімізді, не ойлағанымыздың бәрін де көріп тұрады. Ұлы да шексіз көреген Алладан бір нәрсені жасыру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Міне, сондықтан да Алладан қорыққанымнан құсты өлтіре алмадым” – дейді ақылды бала. Джунаид оған риза болып, шәкірттеріне: “Ал сендер оның бәріңнен де ақылдырақ екенін және Аллаға деген махаббатының ерекше екенін енді түсіндіңдер ме?” – деп еді, шәкірттері өз қателерін түсініп кешірім сұрады. Сондай-ақ, осы балаға ұқсап Аллаға жақындай түсуді ойлап, іштей Жаратушыға жалбарына бастады.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: