«Расында, шындық жақсылыққа бастайды, жақсылық жәннатқа бастайды.
Адам шын сөйлей берсе, Алланың қасында «сыддық» - шыншыл болып жазылады. Ал, өтірік бұзықтыққа шақырады, бұзықтық тозаққа бастайды. Адам өтірік айта берсе, Алла қасында «каззаб» - өтірікші деп жазылып қойылады».
(Хадисті имам Бухари мен имам Муслим риуаят еткен.)
«Өтірік - өрге баспайды» - дейді дана халқымыз. Өтірік айту - адам бойындағы ұятқа әрі имандылыққа күмән келтіретін зор күнәнің бір түрі. Адам баласы адалдыққа бет алу үшін өтірік айтуды доғаруы қажет. Оны да тудыратын екі себеп бар. Әуелгісі - өзіңе, келесісі - өзгелерге қатысты. Әйтсе де, Алланың алдында айыпты болмағың келсе, күнә атаулының қай-қайсысын да жеңе білуі керек. Өзгеден қаймығып, жалған жалтарыстық табу үшін, түбін ойламай айта салған өсек пен орынсыз әрі пайдасыз айтылған өтіріктің тартар жазасы бірдей. Себебі, өтіріктің түбі - тұрақсыздық пен пәтуасыздық екенін ұмытпағанымыз жөн.
Осындайда тағы да бір халық даналығы еске түседі: атам қазақ бұл күнәға «Өтіріктің түбі - бір-ақ тұтам» деп қысқа да нұсқа анықтама берген. Демек, пәтуасыздық пен тұрақсыздық - адамды имандылықтан тайдырып, күнәһарлыққа жетелейді. Сондықтан да, Құран кәрімде адамдардың өтірік айтуы - Алланың алдындағы басты күнәларынан деп жазылған. Ислам ғұламалары Құран мен хадис арқылы жалпы өтіріктің харам екендігіне көптеген дәлелдер келтілген. Өтірік - күнәлардың ең жаманы, қателіктердің ең үлкені. Бүкіл үммет Құран мен хадисте келген дәлелдерге қарап, оның тыйым салынған екеніне келіскен. Әбу Һурайра жеткізген мына хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Мұнафиқ - екі жүздінің белгісі үшеу: егер сөйлесе - өтірік айтады, уәде берсе – орындамайды, егер аманат тапсырылса – қиянат жасайды», - деп екі жүзділік пен оның сипаттары туралы ескертіп, одан жиренуге шақырады», - дейді.
Тегінде, жалған сөйлеу үлкен күнәлардың бірі екенін білдік, бірақ төл дініміз Исламда өтірік айтуға рұқсат етілген мына жағдайларды да еске сала кеткен жөн: Хадисте: «Адамдардың арасын жақсарту үшін өтірік айтқан адам өтірікші емес» десе, енді бір Ибн Шуһаб атты сахабадан жеткен хадисте: «Адамдарға үш жерден басқа орында өтірік айтуға рұқсат еткенін естімедім: соғыста, адамдар арасын жарастыруда, ерлі-зайыптыларды табыстыруда»,- делінген.
Кезінде, данышпан Абай атамыз адам баласының бойындағы сорақы бес дағдыдан жиреніп, бес ізгі қасиеттің парқын түсініп, адами саналы түрде талғам жасауға шақырған мына өлеңі әр ақылды адамға ой салса керек:
«...Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл іс көнсеңіз»,- дейді ойшыл-ғұлама.
«Бірде хазреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп:
- Уа, Алланың елшісі, менің айыға алмай жүрген үш дертім бар: зина жасау, өтірік айту, ішімдік ішу. Бұлардан қайтсем құтылам? - дейді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):
- Өтірік айтпа, - депті. Ол кісі Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасынан кеткеннен кейін, зина жасағысы келіпті, бірақ артынан: «Ертең Расулулла сұрайтын болса, қалай өтірік айтам?!» деп ойлайды. Одан соң ішімдік ішкісі келіп тұрғанда, тағы да «Ертең сұраса, қалай өтірік айтам?!» деп ойланыпты. Осылайша өтірік айтпаймын деп жүріп үш дертінен де құлан таза арылыпты».
Сайып келгенде, өтірік айтуды жеке басқа зиянды, әрі жеккөрінішті іштей ыдырау мен өзара сенімсіздікке жетелейтін қоғам індеті деуге де болады. Ұлы Жаратушымыз Алла талаға баршамызды осы зор күнәдан сақтасын, елімізге амандық, халқымызға ынтымақ пен бірлік нәсіп етсін!
Саттығұл Қадырұлы,
«Ахмет ишан Оразайұлы» атындағы
Жезқазған аймақтық мешітінің наиб имамы.