Сүннетке амал ету

Сүннетке амал ету

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ атам мұсылманшылыққа мойынсұнған күннен бастап, сүннетті салтым деп білген. Салт дәстүрімізге сүннеттің сіңгенінің арқасында атеистік саясат замандарында да біз асыл дінімізден айырылмадық. Дін апиын деген дәуірде қазақ ақындары

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, - деп жырлаған. Қазақ жеріне Ислам аттап кірген күннен саф діннің құндылықтарын сақтағанбыз.

Сүннетпен жүру әрбір мұсылман баласына міндет. Ал, енді сүннетпен жүру деген не өзі? Хадис кітаптарының өзіміз білетін қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларын оқып, өз бетімізше сүннетті орындай аламыз ба? Олай болса, неге ислам ғұламалары хадистерге түсіндірме жасап шархтар жазды. Барлық ғұмырларын хадистерді зерттеуге жұмсады.

Қазіргі таңда бағзы жастар: «мен сүннетпен намаз оқимын. Мен пайғамбар қалай оқыған болса, дәл солай оқимын. Ал, бір танысым мазхабпен оқиды», деп де айтатын балалар бар. Менікі дұрыс, сенікі қате дейтіннен ары аспайды. Баланың ісі шала деген осы шығар? Сүннет пен мазхабты екі бөлек деушінің өзі сауатсыз екендігін аңғартады. Арнайы діни білімі болмай тұрып, жылдар бойы көз майын тауысытып дін оқуын шариғаттың ана тілі, арабшадан оқыған имам ағасына күдікпен қарауын шалалық деп атаудан басқа шара жоқ. Біле білген адамға сүннетті ең әуелі қорғайтын құралдардың бірегейі ол мазхаб. Мазхаб еңбектерімен етене таныс адам бұл сөздің ақиқатын түсінеді.

Мәселен, шариғат кітабын парақтап көрген ынсапты адам мазхабтың Құран мен сүннетке негізделген үкімдер екенін көреді. Мысалы, дәрет бабында: намаз оқуға ниет еткен кісі әуелі дәрет алады. Оның парызы: бетті жуу, екі қолды шынтақпен қоса жуу, бастың төрттен бір бөлігіне масих тарту және екі аяқты тобықпен қоса жуу. Бұл Маида сүресінің 6-аяты негізінде. Ал, бір сумен басқа және екі құлаққа масих тарту сүннет. Өйткені «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет алып, басына түгел масих тартты», деген хадис имам Бухариде келтірілген. Осы сияқты басқа да барлық діни мәселеде мазхаб ғұламалары өз пәтуаларын Құран мен сүннет негізінде шығарады.

Демек, мазхабқа қарсы болу, ол Құран мен хадиске қарсылық білдіруі. Намаз тақырыбында көптеген мәселелер бар. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаз тақырыбында:

صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِى أُصَلِّى

Мағынасы: «Мен қалай оқыған болсам, сондай етіп оқыңдар», деген сөзі бар.

Бұл хадис қашан, қай жерде және не себепті айтылғанын білмей хадисті мағына беруге болмайды.

Бұл хадис фиқһ кітаптарында «қаза намаз» бөлімінде жазылған. Оқиға былай болған. Хандақ шайқасында мұсылмандар қорғанамыз деп төрт намазды қаза етеді. Шайқастан соң пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Біләлға азан шақыруға бұйрық береді. Барлығы жиналық қаза намаздарды рет ретімен оқып шықты. Намаз біткеннен кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِى أُصَلِّى

яғни: «Мен қалай оқыған болсам, сондай етіп оқыңдар», деді. Осы хадис негізінде фиқһ ғалымдары ең бірінші қаза еткен кісінің қаза намазы бестен аспаған болған, намаздарын ретімен өтейді деп пәтуа берген.

Ал, қазіргі бағзы бауырларымын өздері былай тұрсын аяғы ауыр келіншектерінде талтайтып намаз оқытады. Бұл үлкен сауатсыздық. Дәлелдері жоғарыдағы хадис. Дұрыс хадисті орынсыз орында қолдану деген осы.

Сонда хадистің хикметін, сүннеттің сырын аузында сүті кеппеген жас бала қалайша ұғынып қалды? Қалайша ол ата бабасының сүннетті қате орындап жүргенін білді? Әйтпесе мешіттерде дінге қызмет етіп жүрген ағаларының неге ақылына құлақ аспайды?

Ғұламалар арасында

الحديث مضلة إلا للفقهاء

Яғни: «Хадисте фақиһтан (шариғат мәселесін жетік білетін ғалымнан) басқа адам тез қателеседі», деген сөз бар. Бұл сөзді Ибн Уйайна айтқан. Өйткені хадис Құран секілді кейде хадис мәтіні жалпыға қаратылып айтылғанымен жекелеген адамдарға қатысты болып шығады. Кейде керісінше жеке адамға айтылғанымен үкімі жалпыға ортақ болады. Ал, бағзы хадистер үкімі тоқтатылған. Сенім мәселесіне қатысты хадистердің жөні тіпті бөлек. Мұндай хадистер сыртқы мағынасы мәселен: «Раббымыз аспаннан түседі» деген сияқты түсініксіз болып келетін тұстары бар. Ал, фиқһ ғылымының маманы хадистегі мұндай мәселені нәзік түсінеді.

Сөзіміз түсінікті болу үшін тарихтан бір мысал айтып көрелік. Бір әйел хадис мәжілісіне сауал сұрап келеді. Ол мәжілісте Яхия бин Муъин, Зуһайр бин Хирс және Халаф бин Салих секілді ғұламалар отырады. Әйел: етеккір болған әйел баласы марқұмды жуындыруына болады ма?, деп сұрайды. Хадисті талқылап отырған кісілер жауап таппай, үндемей қалды. Осы кезде Әбу Сәур мәжіліске кіріп келеді. Ол фақиһ ғаым. Хадисшілер әйелге: әне, анау кісіден сұраңыз, деп Әбу Сәурге нұсқайды. Ол: ия,етеккір әйел марқұмды жуындыруына болады. Айша (р.а.) анамыздан риуаят етілген: Сенің етеккірің қолыңда емес, деген хадис негіз болады. Айша (р.а.) өзі де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басын жуып беретін. Демек, етеккір әйел тірі адамның басын жуатын болса, марқұмды жуындыруына әбден болады, деп пәтуа айтады. Мұны естіген хадисшілер: ия, дұрыс айтады. Бұл хадисті пәленше түгеншеден, ол пәленшеден риуаят еткен деп шұбыртып жөнеледі. Сонда әйел жауапты білсеңіздер жаңа қайда болдыңыздар, деген екен.

Аъмаш үнемі Әбу Ханифадан мәселе сұрап жүреді екен. Имам Ағзам оның сұрағын жауап берген соң, Аъмаш: бұл пәтуаны неге сүйеніп айтып отырсыз, деп сұрайтын көрінеді. Әбу Ханифа сіз маған Нахъи риуаят етті, Шаъби риуаят етті және басқа рауилерден деп айтқан хадистерге сүйене отырып айтамын, деген екен. Сонда Аъмаш: Сіздер фақиһ ғұламасыздар! Біз құспыз, ал сіздер құсбегісіздер, деп айтқан екен. Яғни хадис ғалымдары көп жағдайда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерін жат алғанымен оның астары мағыналарын біле бермейді. Ал, фақиһ ғалымдар хадисті өмірде пайдаланудың шеберлері болып келеді.

Сондықтан да болар пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

رب مبلغ أوعى من سامع ورب حامل فقيه ليس بفقيه ورب حامل فقه الى من هو أفقه منه

Яғни: «Кейде хабар жеткен кісі естушіден артық түсінеді. Кейде білім арқалаушы білімді болмайды. Кейде білім арқалаушы өзінен артық түсінушіге білімді жеткізеді», деп айтқан.

Сүннетке берік болу және хадиске амал ету деген осындай болуы қажет.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

طلب العلم فريضة على كل مسلم وإن طالب العلم يستغفر له كل شيء حتى الحيتان في البحر

«Білім іздеу әрбір мұсылманға парыз. Расында білім іздеушіге барлық жанзат истиғфар жасап дұға етеді. Тіпті теңіздегі балыққа дейін», деген сөзінің мәні де осында жатыр.

Хадистегі білім сөзі Алланың кәләмі Құранды және расулінің сүннетін білдіреді. Сондай ақ, Құран мен сүннеттің хикметін түсінуге сеп болатын барлық білімді қамтиды. Сонымен бірге дүниауи ілімдер де осы мағынаның ішіне кіреді.

Егінші адамдарға жақсы дән дақыл өсіру үшін тер төксе, құрылысшы сапалы үй тұрғызуға күш жұмсаса, әскери оқудағы сарбаз ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін әскери білімнің қыр сырын үйренсе, бұлардың барлығының ниеті тек Алла үшін және мұсылман баласына пайдалы болуды мақсат етсе, хадистегі жақсылыққа ие болып, сүннетке амал еткен болады. Яғни, кімде кім өзінің қарым қабілетіне қарай білім алып, ниеті Алла тағала және Оның елшісінің разылығы болып, сол біліктілігін мұсылман игілігі үшін пайдаланаса деген мағынаны да білдіреді.

Анфал сүресінде де

وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُمْ

Мағынасы: «Сендер де шамаларың келгенше әр түрлі әзірлік көріңдер...», дейді.

Міне, сүннетке амал етемін деген адамға осы хадис ғұмырлық сабақ. Әркім өз мамандығымен шұғылдануы қажет. Сонымен бірге өз саласын жетілдіріп, кемелдендіріп отыруы қажет. Осы хадиске амал етсек, мұсылмандардың тұрмысы жақсара түседі.

Мәселен, жамағат бізге халал мен харам жайында түрлі сауалдармен келіп жатады. Сусындар мен тағамдарды аттарын айтып, олар харам ба немесе халал ма, дейді. Біз дін маманы ретінде аяттар мен хадистер негізінде халал мен харамды түсіндіріп береміз. Ал, тағамдағы түрлі кодтардың мағынасын біз білмейміз. Оны өз маманы, яғни тағамтанушылар дұрыс біледі. Сол секілді түрлі бет қолға жағатын иісмайлардың (крем) қайсысын пайдалануға болады деп сұрап келіп жатады. Біз дермотолог және косметолог мамандары секілді иісмайлардың құрамын білмейміз.

Осы тәрізді банк жүйесі, медицина, тағамтану және басқа аса қажетті сала бойынша сұрақтар қойып жатады. Біз дін маманы ретінде рұқсат пен тыйымның арасын толық түсіндіріп бере аламыз. Алайда, қай дәрі дәрмек құрамында не барын дәрігерлер дұрыс біледі.

Демек, мынандай хадис бар екен, мынау сүннетке сай емес екен деген бос дау дамайды тоқтатып, төрелікті дін маманына беру қажет. Ал, басқалар өз саласы бойынша, мұсылмандарға үлес қоса алады.

Мәселен, көзге салынатын егудің (уколдың) құрамында доңыздың миына алынатын қоспа бар екен. Ораза айында ауыз бекітіп отырған қария хабарласып, ораза күні сол уколды қабылдасам болады ма?, деп сұрады. Міне, офтальмолог көз дәрігері осы хадиске амал етсе, көзге салынатын егудің (укол) құрамы тек халал қоспалардан болуы үшін еңбек етсін, ізденсін.

Қаржы саласында студент болып жүрген жастармен әңімелессек, «астафирулла, банкте бәрі харам онда жұмыс істемеймін», деп «тақуа» бола қалады. Нағыз хадиске амал жасағысы келсе, банк жүйесін мейлінше ислами ету үшін терең білім алсын, сол салада еңбек етсін.

Қазіргі таңда түрлі мамандық оқып жүрген жастар, өз мамандығын шетке ысырып қойып, дін мамандары ретінде «пәтуа айтқанды» жанынан жақсы көреді. Тіпті, қазақ тілі және журналист мамандары да дін туралы әңгіме қозғағанда алдына жан салмайды. Нағыз маман болса, неге қазақ тілін дамытпайды, нағыз журналист болса неге дінді сынағанша, имамдар дайындаған мақаланы газет бетіне жариялап, мұсылмандардың сауатын ашуға ұмтылмайды.

Жоғарыдағы хадиске қайта оралайық. Ғұламалар хадистің басты мағынасы дін ілімі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үндеген білімі Құран және хадис ілімі. Құранды және хадисті түсінуге себепкер барлық ілімді меңзеген, дейді. Бұл білімдерді: негізгі және толықтырушы деп екіге бөліп қарастырады. Негізгісі: құран тәпсірі және мағынасы. Алайда, құранды араб тілін жетік меңгермейінші жақсы түсіну мүмкін емес. Ал, тіл дегенде оның грамматикасы, әдебиеті, шешендік өнері және араб халқының тұрмыс салттық ерекшеліктері секілді салалары тағы бар.

Ал, мұны жылдар бойы білім алып жүрген дін мамандары ғана біледі. Кеше ғана намаз оқыған адам, бұл теңіздей ұшы көрінбейтін терең білімді меңгеруі өте қиын. Ал, өздігінше дін мәселесінде бір жайтты айта салуы одан да қауіпті. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.)

مَنْ كَذَبَ عَلَيَّ مُتَعَمِّدًا ، فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ.

Яғни: «Кімде кім менің атымнан біле тұра жалған сөйлесе, тозақтан өзіне орнын әзірлей берсін», деген.

Барша мұсылман жұртына жұма мүбарак болғай! Шынайы сүннетке амал ететін бауырларымыз көп болғай!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: