Құнарлы торыпақ сияқты бол!

Құнарлы торыпақ сияқты бол!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні Меккелік мүшриктер хазірет Әбу Бәкірдің қасына келіп Пайғамбарымызды нұсқап: «Сенің адамың мыналарды айтып жүр екен: Бір түн ішінде осы жерден Ақса мешітіне барып, ол жерден көкке көтеріліп Алламен кезігіп кері қайтыпты, бұған не дейсің?» - десті қабақтарын шытып. Сонда кезде Хазірет Әбу Бәкір бұған ешқандай таңқалмады тіпті «әсте мүмкін емес» деген сыңай да танытпады. Олар ашуға мініп: «немене бұған таңқалмайсың ба?» деді булыққан кейіпте. Хазірет Әбу Бәкір: «Жоқ, неменеге таңқалайын» деді мүлк етпестен. Олар: «Яғни…» деп енді әңгімелерін айта бастап еді Әбу Бәкір: «Ол не айтса бәрі дұрыс» деді тағы да кідірместен. Бойындағы иман арқылы «Сыддық» яғни «шыншыл» деген лақап атқа ие болды. Міне пайғамбарлықтан кейінгі ең жоғарғы дәреже осындай қайырымды жанға бұйырды (қараңыз Ниса сүресі, 69-аят).

Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) келтірген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Алла Тағаланың маған берген білімі мен тура жолы жер бетіне жауған жаңбыр тәрізді. Жауған жаңбырды бойына сіңіріп, мол өсімдік шығаратын топырақ түрлері болады. Ал енді кейбір топырақтар бойына жауынның суын сіңірмей көлшік ретінде сақтайды. Алла мұндай суды халыққа пайдаландырады. Яғни жан-жануарлар ол суды ішіп шөлін қандырса, адамдар егінді суғару үшін пайдаланады. Сондай-ақ топырақтың тағы бір түрі бар. Суды сіңірмейді, көлшік ретінде сақтамайды, оған шөп те шықпайды. Міне бұл, дінді түсініп, Алланың маған берген білімінен пайдаланып, оны үйреніп һәм үйрететін, бірақ осылардың бәріне құлақ аспай қарсы тұратын адамға ұқсайды» (Бұхари, Ілім 20; Мүслим, Фәдайл 15).

Барша хадисшілердің кітаптарында «ең сахих хадис» деп алған бұл жоғарыдағы хадис, адамдардың Исламда және мұсылмандықта қандай қабілетте екендіктерін өте тамаша бейнеде суреттеп, сипаттап тұр. Тәлім-тәрбиенің мақсаты да осы қабілеттерді кәдеге жарату үшін емес пе? Кісінің тәлім-тәрбиесі де қабілетімен тікелей байланысты. Адам бойындағы бұл қабілет жақсы дамыған болса білім берудегі өнім кемелдене түседі, ал дамымаған болса өнім азая бастайды.

Адам баласы топырақтан жаратылған. Адамның болмысын, табиғатын көркем түрде баяндаған хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алла Тағала тарапынан өзіне берілген тура жол мен ілімді жер бетіне жауған мол жаңбырға ұқсатумен бастаған. Алла Елшісінің бұл теңеуі жайдан-жай айтылмаса керек-ті.

Құранда: «Адамдардың қолдарымен істеген күнәлары себепті бұзақылық – құрлықты және теңізді қамтиды» (Рум сүресі, 41-аят) - делінген.

Адамзат рухани күйзеліс ішінде өмір сүріп жатқан-ды. Таухид сенімі жойылған, Арабстан түбегінде болсын, Рум, Парсы аймақтарында болсын пұтқа, отқа табыну және көп тәңірлік сенімі кең етек алған болатын. Мұнымен қоса әлем этикалық тұрғыдан азғындық ішінде шатқалақтауда еді. Міне осындай жаһандық дағдарыс кезінде Алла Тағала Хазірет Мұхаммедті (с.а.у.) адамзатқа тура жол көрсетуші әрі ақиқатқа бағдар ретінде һидаят пен ілім беріп жіберді. Оған ілескендер дұрыс жолға түсіп һидаятқа бастайды, бас тартқандар дұрыс жолдан адасып азғындықтың ортасында жүзетін болды. Яғни сусыздықтан қақ жарылып, бір тамшы суға зәру болған топырақ сияқты. Қалайша мол жауған жаңбыр тіршілікке өмір беріп тірілтер болса, һидаятқа мұқтаж болып қурап, жұтап қалған көңілді Ислам дәл солайша жан бітіріп тірілтеді. Мақаламыздың басында тілге тиек еткен көңілі иманға толған Хазірет Әбу Бәкірдің мысалына ой толғайық. Тура жол мен ілім көңілді жаңбыр суымен тазалайтын жауынға ұқсайды.

Ал енді Әбу Жаһилдің жағдайына көз жіберейік. Екеуінің арасы жер мен көктей. Әбу Жаһил тура жол мен ілімнен несібесі жоқ, қараңғылықта қалып қойған адам. Қияметке дейін иман, ықылас, әділдік, адамгершілік сынды жақсы қасиеттер ауызға алынғанда әуелі Хазірет Әбу Бәкір ойға оралар болса, күпірлікте, надандықта алғаш ойға келетін Әбу Жаһил болды. Қандай кереғарлық десеңізші.

Алланың Елшісі (с.а.у.) адам баласын топыраққа ұқсата отырып, тура жол мен ілімді бойына сіңіргендерді үш сыныпқа бөліп хадисін былай жалғастырады:

1) Құнарлы топырақ: Бойына жаңбыр суын сіңіріп мол шабындық шөп өсіреді. Адамдар мен жан-жануарлар оның өнімінен пайдаланады (яғни тура жол мен ілім өзіне пайда беріп, оны өзі үйренеді һәм үйрететін адам).

2) Сортаң топырақ: Суды сіңірмейді бірақ, көлшік сияқты үстінде ұстап тұрады. Адамдар мен хайуанаттар оның суынан пайдаланады (яғни тура жол мен ілімді үйреніп һәм басқаларына үйретеді бірақ онымен өзі амал жасамай дұрыс пайдаланбаған, алайда өзгелерге пайдасын тигізген адам).

3) Құнарсыз топырақ: Суды сіңірмейді де, шөп те өсірмейді (тура жол мен ілімге мән беріп қабылдамаған адам).

Ислам тарихының жауһарлары сахабалар, табиғиндар, олардан кейінгі келген буындар, күнімізде саусақпен санайтындай ғана қалған ғалымдар, парасатты тұлғалар және Алла жолының көсемдерінің барлығы бірінші сыныптың өкілдері. Олар һидаят пен ілімді өз бойларына сіңіргендіктен қаншама ғасыр өтсе де күні бүгінге дейін олар әлі өмір сүріп жатқандай. Мұсылмандар олардың еңбектерінен әлі күнге дейін пайдалануда. Міне олар нағыз құнарлы топырақ. Яғни күні бүгінге дейін һижри 150 жылында дүние салған Әбу Ханифаның ижтихадымен өмір сүріп жатсаң, һижри 256 жылында қайтыс болған Бұхаридің жинақтаған хадистерін қолданып жүрсек, һижри 505 жылы дүниеден қайтқан философ ғалым Ғаззалидің еңбектерін пайдаланып жатқан болсаң және һижри 676 жылында өмірден өткен Нәуәуи сияқты ғалымдардың еңбектерімен сусындап жатқан болсаң, бұлардың бәрін ол ғалымдардың топырақтарынан іздеуге мәжбүрміз. Құнарлы топырақ сияқты һидаят пен ілім өздеріне пайда берді, оны әрі үйреніп әрі үйретті, тіпті қияметке дейін әлі үйретіп келе жатқан өшпес мұра қалдырып кеткен ғұламаларымыз міне солар. Олар күні бүгінге дейін тура жол көрсетуші көсемдеріміз.

2000 жылдың бастарында Қазақстанда болдық. Оңтүстік Қазақстанның Шымкент қаласының бір ауданында 90 жасына келген ақсақалмен бізді таныстырды. Жүзінен нұр жарқырап тұрған ақсақал бізге Қожа Ахмет Яссауи атамыздың «Диуани Хикметінен» жатқа өлеңдер оқып берді. Атамыздың Диуани Хикметін бастан аяғына дейін жатқа біледі екен. Кеңес өкіметі кезінде адамдарға дінмен өмір сүрулеріне рұқсат етілмесе де, ақсақал той-томалақтарда бабамыздың өлеңдерін жатқа оқиды екен. Бұл өлеңдер, халықтың діни сенімдерінің жойылуына кедергі болумен бірге олардың Исламды ұмытпауларына да үлкен үлесін қосқан. Бұл оқиғаға көзіміз бен құлақтарымыз куә болды. Бұл сонау ХІІ ғасырда өмір сүрген халыққа жол көрсетіп, һидаятқа бағдар болған Алла досының өмірінен бір ғана мысал. Олай болса сегіз ғасыр бұрын қайтыс болған Қожа Ахмет Яссауиды дүниемен ешбір байланысы жоқ деп кім айта алады?!

Адамдар өлімді – рухтың тәннен шығып кетуімен шектейді. Алайда нағыз өлім, жүректің иләһи ақиқаттарға, тура жолға деген ерекшелігін жоғалтып алуында жатыр. Не істесең де бәрі бос, қанша суарсаң суар түк шықпайды. Яғни құнарсыз топырақ суды ұстап тұрмайды шөп те өсіріп шығармайды. Олар есік-терезелерін ақиқатқа қарсы тұмшалап жауып тастаған тірі жаназалар сияқты. Құран бұған ұқсаған адмамдардың жағдайын: «Жүректері бар бірақ түсінбейді, көздері бар бірақ көрмейді, құлақтары бар бірақ естімейді. Міне олар хайуандар сияқты тіпті олардан да төмен» дейді (Ағраф сүресі, 179-аят).

Енді айналамызға бір көз жіберіп қарайық. Бұл үш сыныптағы адамдардың бәрі көзіміздің алдында жүр емес пе?! Шын ықыласымен Исламды үйреніп онымен амал жасап және басқаларға да үйретіп жүрген мүмин-мұсылманды, Исламды үйренсе де онымен амал етпестен бірақ басқаларға үйретіп жүрген мұсылманды, ал бұл екі сыныпқа да кірмейтін Ислам десе төбе шаштары тік тұратын, мұсылман көрсе қаны қарайып, оларды төмен санап сөгуді батылдық деп білгендерді әр уақыт кездестіріп, куә болып та жүр емеспіз бе?! Бес уақыт азан дауысы көктерге жансыған мұсылман мемлекеттерінде күпірлік ішінде ғұмыр кешіп жатқандармен әр уақыт қарсыласып жатқан жоқпыз ба?! Ғылымның атын жамылып көркем сөздермен Алланың дінінен ұзақтататын ғалымсымақтарды әр күні ақпарат құралдарынан көріп те жүрміз. Ғылым адамға өз жаратқанын табуға көмектесудің орнына одан ұзақтататын болса «бұл сонда қандай ғылым» деп пенде сұрауы керек.

Білім мен тәлім-тәрбиеге есігін ашқан бұл айда, тәрбие берушілер мен тәрбиеленушілер өздерін есепке алулары қажет: «мен қандай топыраққа иемін? Оны қалай суаруыма болады? Оны қалайша өнімді мол беретін жағдайға әкеле аламын?» деп өздерінен сұраулары тиіс.

Дүниеде өмір сүргенімізде өлмейтіндей, өлсек те тірі жүргендей болуды қаласақ, жоғарыда айтылған хадистің төңірегінде «топырақ» жайлы кең ой толғап, тура жолды таңдап, оны басқаларға жеткізуге міндеттіміз. Босқа күрек сермеп, босқа шаршап-шалдықпаған жөн шығар.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: