Жер мен көктің мақтанышы.

Жер мен көктің мақтанышы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Расында Аллаһқа және ақырет күніне иман келтіріп, Аллаһты көп еске алатындар үшін Аллаһ Елшісінде керемет үлгі-өнеге бар».

 

(Азхаб сүресі, 21-аят)

 

Бағбан гүл бағын суғарып қанша еңбектенсін,

Қаншама гүл бағына маңдай терін төксін,

Расулуллаһ, Сенің нұрлы жүзіңдей,

Ашылмайды бірде-бір гүл, әуре болып жүрмесін.

 

 

Ол сондай гүлдің раушаны... Сол раушанның жұпар иісін сезіну, рухани әлемінен нәсіп алу, сол раушанның жапырағынан түскен тамшылардың бірі болу үшін Мұхаммедтің (с.а.у.)  үмметі етіп жаратқан Аллаһқа сансыз шүкірліктер болсын! Құрметті мұсылман жамағаты қасиетті Мәуліт айы құтты болсын!

 

Әлем жаратылып, тіршілік пайда болғалы бері, әр нәрсенің ең қадірлісі болады. Мақұлықтардан - адам, Адамдардан - Пайғамбарлар, Пайғамбарлардан - Мұхаммед (с.а.у.)  оның нұры, оның ғибратқа толы ғұмыры, оның кіршіксіз пәк әлемі, саф көңілі, көркем мінезі Мұхаммедтің  (с.а.у.)  әлемге жіберілген рақым нұры  екендігінің  белгісі еді. Бұл туралы, Алланың кәләмі қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 106-аятынды: «Біз Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» деп айтылған.

 

Жер бетін жайлаған зұлымдық пен надандық, зинақорлық, нақақтан адам қанын төгу сияқты  сұмдықтарды тоқтату үшін, адамзаттың бес  күндік бұл жалғанда нендей мақсатпен жүргендігінің  сырын түсіндіру үшін және бүкіл әлемге «ғалам» деген алып кітаптың өз заңдылықтарын үйрету үшін, имансыздықтан жүректері тас болып қатқан, сейілмес қараңғы түнекпен тұмшаланған адамзат санасын өзінің мүбарак нұрымен сейілтіп, мінсіз тәлімімен тәрбиелейтін тәлімгерге бүкіл әлем мұқтаж еді...

 

«Ғалам» атты алып кітапты бүкіл адамзатқа түсіндіруші, үйретуші соңғы Ұстаз, ақырғы Пайғамбар осы әлемнің нұры саналған, Хақ Тағаланың да, халықтың да ерекше ықыласына бөленген сүйікті Елші  Меккеден  Мәдинаға  көшкен кезде ел-жұрт қаншама сарыла жолын тосып күтті.  Осы сағыныштарын әнге қосып «Бізге толықсыған ай туды, бұған қалай шүкір етпессің?!» деп тебіренді.  Оның (с.а.у.) мүбарак жүзін көру үлкен думанды мерекеге ұласты. Сүйікті Елшінің Мәдина қаласына келуінің өзі үлкен мереке болса, Оның (с.а.у.) бүкіл ғаламға нұр болып туылуы неліктен қуаныш болмасын?!

 

Оның дүниеге келуімен түсініксіз бүкіл жұмбақ ғаламның мәні мен мағынасы ашылды, надандық дәуірінің бұлты сейілді, Хақ  Жаратушысын танымай, пұтқа табынғандардың жүректері жібіді. Ол (с.а.у.) Алланың әмірін, оның қасиетті дінін - Исламды насихаттау, Алланы адамзат баласына  танытып,  дәріптеу үшін бүкіл ғұмырын Хақтың жолына арнады. Айналасындағылар мен бүкіл әлемге тек жақсылығын, мейірімін таратты. Тіпті, соңғы демі шығар сәтте де «Барша адамзатқа менің айтқандарымды жеткізіңдер, намаздарыңды жалғастырыңдар, намаздарыңды жалғастырыңдар, намаздарыңды жалғастырыңдар» деп өсиет айтқан да ол еді... Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

 

Әр нәрсенің  ақ пен қарасын айыру үшін адамға әуелі сана, тәрбие, тәлім керек. Ал, барша адамзат үшін тәрбиенің бастауы  -  Мұхаммед (с.а.у.), оның ғибраттары, хадистері мен сүннеттері,  тәрбиенің  кәусарына  қаныққан нұрлы өмірі.  Пайғамбардың  әр ісі мен сөзі - тәрбие. Тұнып тұрған даналық бұлағы. Ол (с.а.у.) қиямет-қайымға дейінгі барша адамзат баласы үшін теңдессіз үлгі-өнеге иесі, Исламның ең алғашқы тәрбиешісі, тәлімі мінсіз Тәлімгер, барша әлемнің мырзасы, ұлы тұлға болып қала бермек.

 

Атақты  Гете  де хақ дінді танып: «Адамзат баласы хазреті Мұхаммедке (с.а.у.) қарыздар», - деп бекер айтпаса керек. Қазіргі адамдардың  бойынан тақуалықты, мейірімділікті, сабырлықты, ізгі тәрбиені көрсем, ол  Пайғамбарымыздың (с.а.у.)  қалыптастырған әдеті, мінсіз тәрбиесі, оның бойынан табылған барша асыл қасиеттердің ұшқыны ғана деп білемін.

 

Біз әрбір істе Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) басшылыққа алып, оның істеген әр ісін өзімізге үлгі-өнеге етіп алуымыз керек. Өйткені, оның (с.а.у.) әр ісі сауап пен үлгіге, ақырет үшін де, бұл дүние үшін де пайдалы хикметтер мен ғибраттарға толы.

 

Екі дүниенің сардары, кешірілген Пайғамбар, Алланың хабибі бола тұра көп құлшылық ететін, аяқтары іскенше намаз оқитын, көп ораза тұтатын, көп садақа беретін де Ол еді,  саллаллаһу алейһи уассалам. Бар ғұмырын Алланың жолына арнаған, Аллаһты бірлеген, еш жалықпастан  адамзатты Ислам дініне шақыратын, сұрағандарға  беретін, аштарды тойдыратын да Ол еді, саллаллаһу алейһи уассалам. Адамдардың ең сабырлысы  еді. Мүлдем қабақ түйіп, ашуланбайтын. Өзіне тас лақтырып, денесін жарақаттаған қауым үшін де Ұлы Жаратушыдан оларды кешіруін сұрады.  Өте кешірімшіл еді. Жер мен көктің  мақтанышы болған Мұхаммедте (с.а.у.)  адамзат баласы өзіне үлгі етер асыл қасиеттер, тамаша тәрбие көп еді. Оның өнегесі осындай ұлы еді... Әрбір жасөспірім намыс пен әдептің үлгісі, шыншыл да турашыл хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.)  өмір жолын үлгі деп білсін.

 

Бізге  тәлімі мінсіз тәлімгердің үмметі болуды нәсіп еткен Аллаһқа сансыз шүкірліктер айтып, оның жолынан адастырмауды, оның шапағатына бөленуді тілейміз. Өйткені адамзат Жаратушысы мен Пайғамбарын тануға  мәжбүр. Пайғамбарды  танымаған, білмеген адамның рухы семіп,  өмірден түңілу пайда болады. «Оны (Пайғамбарды) мадақтағанда  тілімнің дәмі кіреді, оны еске алғанда шекер мен бал жегендей боламын», - деп  Ахмет Иүгінеки бабамыз айтқандай,  айналамыздағы қаптаған проблемалардан арылудың, тынығудың бір ғана жолы бар, ол - рухқа иман нәрін егу. Ол Аллаһ пен Пайғамбарды танып, иман еткен жағдайда ғана пайда болатын рухани ләззат.

 

«Мұхаммедті сөзбен мадақтай алмаспын, қайта менің сөздерім Мұхаммедтің арқасында мадаққа ие болды»  деген араб шайыры Хасан бин Сабит қандай орынды айтқан. Астарына үңіліп, тылсым сырына қанығып, тұңғиығына терең бойлаған сайын Ардақты Пайғамбарды тануымыз  жалғаса бермек...

 

Я, Расулаллаһ, сағындым сені. Сенің мүбарак нұрлы жүзіңді бір көрсем ғой... Тым болмаса, сен жұтқан ауа болсам ғой, мүбарак денеңе кірер едім... Я, Расулаллаһ, ең болмаса сенің  көлеңкең  болсам  ғой,  сенен еш  ажырамас  едім... Иә, Мұхаммед (с.а.у.)  сондай гүл...  Ол ғажап гүл әлі де барша адамзатқа өз жұпарын шашып келеді.

 

Я, Аллаһтың Елшісі, сен Аллаһтан  кейінгі сүйілуге  лайық тұлғасың!  Аллаһтың ардақтысы, ұлы тұлға Мұхаммедке  Алланың игілігі мен сәлемі болғай! Әмин!

 

 

Лаура  Алмаханова.  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: