Ұстазға құрмет - шәкіртке міндет.

Ұстазға құрмет - шәкіртке міндет.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
  

Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпы-нады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарын-да ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол - ұстаз.

 

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), - делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

 

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде:

 

«Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар» (Хайсами, М. Зәуәид, Илм, 1/129, 30);

 

«Надандардың арасындағы ғалым - өлілердің арасындағы тірі секілді» (Кәшфул-хафа, әл-Ажлуни);

 

«Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» (Тирмизи, Илм, 7);

 

«Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), - деп, ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған.

 

Анығында «ұстаз» деген кім? Ұстаз - шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.

 

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаз-дан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Бердақ - Күнқожаны, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған.

 

Расында, ұстазға құрмет - шәкіртке сын.

 

Ежелгі Үндістанның әдептілік кодексі - «Ману баптарында»: «Шәкірт өзінің ұста-зына төсекте жатып, тамақ ішіп отырып немесе одан алыста тұрып яки жүзін басқа жаққа бұрып жауап бермеуі, әңгімелеспеуі тиіс. Егер ұстаз түрегеліп тұрса, ол да тік тұрып, иба білдіруге тиіс», - деуі ой саларлық (Әдептану. Ұ.Асылов, Ж. Нұсқабайұлы. Мектеп баспасы, 2003. Б.82.).

 

Ертеректе мұсылман әлемінде ғалым-дарға, ұстазға деген сый-құрмет жоғары болған. Ұзақ жыл білім жинаудың, білгенін басқаларға үйретудің, кітап жазу секілді оқу-ағарту ісімен айналысудың беделі биік тұрған. Өйткені ұстаздар бұл іске сауап тұрғысынан көбірек мән беріп, қоғам тәрбиесіне өздерінің жауапты екенін терең сезінген. Пәнді үйретумен ғана шектелмей, шәкірттеріне өмірлік дұрыс ақыл-кеңес беріп, адамгершілік пен имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрыс, мінезімен жақсы үлгі-өнеге көрсеткен. Қажет кезінде шәкіртінің дәрістен тыс жағдайларына да алаңдаушылық таныту арқылы шын жанашырлық танытқан. Оқу, білім, ғылым, мәдениет, адамгершілік, әдеп, тәрбие - бәрін ұстаздан үйренген шәкірт ұстазды өз ата-анасынан кем қадірлемеген. Ұстазының алғысын алмаса, алған ілімінің берекесін көре алмайтындығына сенген. Тіпті ұстазды қатты құрметтегені сонша - есігін қағудың өзін әдепсіздікке балап, сыртта тұрып, шыққанын күткен. Шәкірт ұстазына ғана емес, оның жақындарына да құрметпен қараған. Ұстазының үй жағына аяқ созып жатудың өзін тәрбиесіздік деп білген. Ұстазы өмірден озған жағдайда, ата-анасына дұға еткеніндей, оны да қайырлы, игі дұғасына қосқан. Төмендегі мысалдар соның айғағы:

 

Шағби (р.а.) айтады: «Бір жаназа нама-зын оқығаннан кейін Зәйд ибн Сабитке (р.а.) қашырын жақындаттым. Осы кезде Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) келіп, үзеңгіні ұстап бергісі келді. Бұны көргенде, Зәйд: «Әй, Пайғамбарымыздың көкесінің баласы, әуре болма, үзеңгіні жібер», - деді. Ибн Аббас: «Жоқ, бізге ғалымдарды құрметтеу бұйырылған», - деді. Бұны естігенде, Зәйд (р.а.) дереу Ибн Аббастың (р.а.) қолын сүйіп: «Олай болса, бізге де Пайғамбарымыздың ең жақын туыстарына (әхлі-бәйт) осылай құрмет көрсету бұйырылған», - деді» (Ғазали, Ихия, 1/1).

 

Хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», - деп, бір әріп үйреткен адамның өзі үлкен құрметке лайық екендігін білдірген.

 

Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызды жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», - деп, өзін ілімге баулыған, әдеп пен тәрбие үйреткен ұстазына өмір бойы қалтқысыз құрмет жасап, үнемі жақсылық тілеп өткендігін айтқан.

 

Имам Шафиғи бір малшыны көргенде, ізетпен орнынан түрегеледі. Қасындағылар: «Малшыға сонша құрмет көрсеткеніңіз қалай?», - деп сұрағанда, «Бұл кісі кезінде қанша кітапты қарап таба алмаған бір мәселенің жауабын маған үйретіп еді, сондықтан бір рет те болса ұстаздық жасаған кісіге құрмет көрсетуді өзіме міндет деп білемін», - деп жауап берген.

 

Бұқара ғалымдарының бірі медреседе сабақ беріп отырып қайта-қайта орнынан тұрады. Себебін сұрағанда: «Ашық тұрған есіктен ұстазымның ойнап жүрген баласы әлсін-әлсін бой көрсетіп қала берді. Ұстазыма құрмет ретінде әр көрінген сайын мен орнымнан тұрдым», - деп, ұстаздың жақындары мен бала-шағасын да құрметтейтіндігін көрсеткен («Тәнбихул мұғтариин» (Исламдағы айтулы кісілердің өсиеттері), Имам Шағрани).

 

Бұл мысалдар мұсылмандардың ілім үйретушіні қаншалықты бағалап, ұстазға қаншалықты зор құрметпен қарағанын көрсетеді.

 

Ұстаздық - жауаптылығы зор, қадірлі мамандық болғандықтан, Ислам дінінде осы қадірлі мамандықтың иесіне бірқатар талаптар да қойылған. Мақсат - ұстаздың абыройыны кір шалдырмай, беделін биіктету.

 

Ең бірінші талап етілетін нәрсе, ұстаз-дың сөзі мен ісінің бір жерден шығуы. Яғни шәкіртін адамгершілікке баулитын ұстаздың өзі де тәрбиелі, әдепті болуы тиіс. Имам Ғазали бұл туралы: «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық», - деп мысал берген (Ғазали, Ихия, 1/1). Құранда бұл жайлы: «Сендер халықты жақсылыққа шақырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма?» («Бақара» сүресі, 44-аят), - делін-ген. Араб шайырларының бірінің: «Әй, елге сабақ үйретуші! Осы айтқан тәлі-міңді алдымен өзің істесең қайтеді?! Өйткені, сен басқаларға емделудің жолын айтқанмен өзің науқас адам сияқтысың. Әуелі өзіңді емде. Сонда барып айтқан тағылымың елдің көкейіне қонады» дегені де тегін емес (әр-Рази, Тәфсирул-кәбир, ІІІ/48). Расында, жүріс-тұрысы, тәрбиесі нашар адам «ұстаз» деген қадірлі атқа лайық емес. Ондай адам шәкірттеріне сөз тыңдата алмай, қор болады, келекеге ұшырайды. Ал ұстаздың сөзі қашанда тыңдалуы қажет. Ол үшін айтқан сөз бен жасап жүрген істің қабысып тұруына, әдептіліктен мін жібермеуге қатты көңіл бөлу керек.

 

Екінші талап етілетін нәрсе, шәкіртін өзіне жақын туыс, бауыр деп қабылдауы. Алла тағаланың: «Мүміндер бір-бірімен бауыр» («Хұжурат» сүресі, 10-аят), - деген бұйрығы ұстаз бен шәкірттің де бір-бірімен бауыр екендігін ұқтыруда. «Мұсылмандар тұтас дене тәрізді. Бір мүшесі ауырғанда, басқа мүшелері де қосыла сыздайды», -деп хадисте айтылғандай, ұстаз шәкіртінің барлық қиындықтарына бірге жан ауыртуы керек (Бұхари, Сахих, Әдеп, 12). Үнемі мейіріммен қарап, шәкіртке дәл әкесіндей қамқорлық жасап, оны барлық жамандықтардан қорғай білгені жөн. Өйткені адамзаттың дара ұстазы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен сіздерге барлық нәрсені үйрететін әке сияқтымын», - деу арқылы ұстаздар қауымына шәкіртке әкелік мейіріммен қарау керектігін аңғартқан (Әбу Дәуіт, Сүнән, 1/18). Бұл тұста «Ұстазы мейірлі болса, шәкірті пейілді келер» деген аталы сөзді есте ұстаудың мәні зор.

 

Үшіншісі, оқушының деңгейімен санасу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Бізге, пайғамбарлар қауымына адам-дардың деңгейімен санасу бұйырылған», - деуі осы жайтты аңғартуда (Ғазали, Ихия, 1/57). Оқушының қабылдау түйсігін ескерместен, я болмаса ұғымына ауыр соғатын мәліметтерді үйіп-төгу - кері нәтиже беруі мүмкін. Ондайда оқушы мұғалімнен қашып, түрлі күйзеліске де ұшырауы кәдік. Сол себепті оқушының қабылдау деңгейін анықтап, соған сай сабақ өтпеген жағдайда жақсы нәтижеге қол жеткізу қиын.

 

Төртіншіден, қатты ашуланғанда өзін тежей білуі. Өйткені, ашумен зекіп, ауыр сөздер айту, қағып-жұлқу балаға ешқандай пайда бермейді. «Керісінше, оқушының мұғалімге деген құрметін азайтып, қар-сылық білдіруге дейін апаруы мүмкін. Сол себепті ұстаздықта ептілікті қажет ететін мәселенің бірі - оқушының нашар қылығын бетіне басу арқылы емес, сөзбен меңзеп, тұспалдап айту арқылы қойдыру» (Ғазали, Ихия, 1/57).

 

Бесіншіден, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, білмегені болса, үндемеу. Өйткені ұстазға бәрін білу шарт емес. Алайда, қате жауап айту - ұят іс. Шағби бұл туралы «Білмеймін деу - ілімнің жартысын құрайды» деген (әл-Мақдиси, Адабуш-Шарғия, ІІ/65).

 

Алтыншыдан, білім бергенін оқушыға міндетсімеу. Бұл туралы Имам Ғазали былай дейді: «Бір қиындыққа тап бола қалса, оқушысынан көмек сұрайтын кейбір мұғалімдер бар. Оқушым алдымда құрдай жорғалап тұрса дейді. Егер көмек бермесе, онымен іштей жауласа бастайды. Осыншалықты төмен деңгейге түскен ғалым не деген сиықсыз?!» (Ғазали, Ихия, 1/57).

 

«Әй, мұғалім, оқушыны неге өзіңе борышты қыласың? Қайта сен ешкімге берілмеген қайтарымды Алладан алмайсың ба? Егер оқушы таппасаң, осыншама сауапты қалай иеленер едің?! Олай болса, әй, мұғалім, сен де өз ісіңнің қайтарымын оқушыдан емес, Алладан күт» (Ғазали, Ихия, 1/56).
Мұсылмандық танымдағы педагогика-лық еңбектерде үлгілі ұстаз болудың тағы да мынадай ерекшеліктері аталған: «Ол ең әуелі өз мамандығын бес саусақтай меңгеруі әрі жақсы көруі тиіс. Әр сабаққа дайындықпен сергек күйде келіп, шәкірттеріне жаңа нәрсе үйретуге талпынуы керек. Пәнге аса бір ыждаһаттылық танытып, үнемі шәкірттеріне болашаққа деген үміт бергені жөн. Өзінен жалықтырып алмай, анық білген нәрселерін ғана айтқаны дұрыс. Өзінің материалдық жағдайына қанағат етіп, ұстаздық беделіне нұқсан келтіретіндей жағымсыз әрекеттерге бармауы тиіс. Қашанда өзгелерге үлгі болатын кішіпейіл, кеңпейіл, сабырлы, байыпты қалпынан танбай, шәкірттерін жақсы көріп, пәнді барынша махаббатпен үйретуі қажет» (В. Йылдыз. Ирфан ордусу. Измир. 1993. 25-35 бб.).
Мұсылман ғалымдар шәкірттің де ұстаз-ға деген бірқатар әдептерін анықтаған. «Әуелгісі, ілім алуға ниеттенген шәкірт соған дайындық ретінде бойын барлық жаман қылықтардан тазартуы керек. Бұл оның ілімге деген құрметі болып табылады. Екіншіден, науқастың дәрігерді тыңдап, айтқандарын бұлжытпай орындағаны секілді шәкірт те ғылымның «шипасын» өзіне қабылдау үшін ұстазын мұқият тыңдауы қажет. Бұл тұрғыда шәкірт жауған жылы жауынды өзіне тез сіңірген топырақ секілді ұстазының ақыл-кеңестерін дереу жадына тоқып, үйреткендерін қағып алуы керек» (Ғазали, Ихия, 1/50).


Үшіншісі, ұстазға үнемі сыпайылық, кішіпейілдік таныту. Білетіндер мен білмейтіндердің айырмашылығы жер мен көктей екендігі Құранда ескертілгендіктен, («Зүмәр» сүресі, 39-аят) әрі беруші қолдың алушы қолдан жоғары тұратындығы хадисте айтылғандықтан, білім алушы білім берушінің дәрежесін жоғары бағалап, ұстазын сыйлауы тиіс (Бұхари, Сахих, Зекет, 18, ІІ, 117). Бұған қоса, ілімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің тиянақты ғылымға қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы да айтылады (Зәрнужи, Бурханаддин әл-Ханафи, Таалимул-мутааллим ли тааллуми тариқил-илм, Шарих: Ибрахим ибн Исмайыл, Стамбул, 1318 һ, 54 б.).


Үнемі біреудің қас-қабағын бақылау оңай емес, әрине. Бұл үлкен сабыр-лылықты талап етеді. Алайда шәкірт өз мұратына жету үшін бұған шын ниетімен көнуі тиіс. Ислам ғалымдары ұстаздан қателік көрген жағдайды да назардан тыс қалдырмаған. Бүрсауи бұл жайында: «Оқушы оғаш көрінген қылығын көрсе де, ұстазының сөзіне я ісіне қарсылық танытпауы тиіс. Ондағы қылықты дереу жамандыққа жорымауы қажет. Қайта қателікті өзінен іздегені жөн» деген (Бүрсауи, Рухул-Баян, 7/276).

 

Төртіншісі, сынау мақсатында емес, тек білу мақсатында ғана сұрақ қою. Хазреті Әли (р.а.) бұл жайлы былай деген: «Көп сұрақ қоймау, берілген жауапты қанағат тұту, ұстаз шаршаған жағдайда оны қинамау, кетпек болғанда етегіне жабысып жібермей қоймау, сырларын әшкереле-меу, жаңылысқанына түсіністікпен қарау - бұның барлығы шәкірттің әдебіне жатады. Діннің шеңберінен шықпаған жағдайда, Алла разылығы үшін ұстазды құрметтеп, қадірлеу - әрбір шәкірттің борышы» (Ғазали, Ихия, 1/51).

 

Бұған қоса, «ұстаздың алдында бәсең дауыспен сөйлеу, алдынан қия баспау, құрметсіздік болып табылатын басқа да ұнамсыз қылықтарды жасамау, оны сыртынан мазақтамау - ғалымдарға деген құрметке жатады» (Алуси, Рухул-мәани, 8/174).

 

Қорыта келгенде, әр мұсылманға ілім үйренуді парыз еткен Ислам дінінде ұстазға деген құрмет жоғары бағаланған. «Адамдардың ең жақсысы - басқаларға пайдасы тигені», - деген соңғы елші, ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.) әлемге үйретуші ұстаз ретінде келгені тегін емес. Олай болса, ертеңгі өмірдің баянды да бақытты болуын қалаған әрбір адам ұстазға құрмет көрсетуді өзіне қастерлі борыш деп білуі тиіс.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (5)

Оқи отырыңыз: