Расында Алла Тағала адам баласын жалғыз Жаратқанға ғибадат ету үшін жаратқан. Рақымды да, Рахман Раббымызға Құран әмірі бойынша құлшылық ету әрбір пендеге парыз. Сондай ақ, бес күндік бұл дүниеде тіршілік етіп, маңдай терін төгіп еңбек ету де тағат ғибадат. Адам баласы өзін және отбасын асырау үшін адал кәсіппен нан табуы құлшылық. Өйткені, бұл да дініміздің бұйрығы.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кісінің отбасына жұмсаған қаражаты садақа, кісінің өзіне қарап отырған бала шағасын асыраусыз қалдыруы күнә,» деген мағынадағы сөздері осының айғағы.
Алла елшісі (с.ғ.с.) еңбек туралы:
مَنْ طَلَبَ الدُّنْياَ حَلاَلاً وَ تَعَفُّفًا عَنِ الْمَسْأَلَةِ وَ سُعْيًا عَلَى عِياَلِهِ وَ تَعَطُّفًا عَلَى جَارِهِ
لَقِيَ اللهُ وَ وَجْهُهُ كَالْقَمَرِ لَيْلَةِ الْبَدْرِ.
Яғни: «Кімде-кім, кісіге мұқтаждықтан сақтанып, бала шағасын асырап, көрші қолаңына жақсы қарым қатынаста болып дүниені халал жолмен тапса, Алланың алдына барғанда жүзі толған айдан жарқын болады,» - деген.
Жұма сүресінің 10-аятында:
فَإِذَا قُضِيَتِ الصَّلاَةُ فَانْتَشِرُوا فِي الْأَرْضِ وَابْتَغُوا مِنْ فَضْلِ اللَّهِ وَاذْكُرُوا اللَّهَ كَثِيرًا لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
Мағынасы: «Намаз өтелген соң, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаматынан несібе іздеңдер. Сондай ақ, Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине құтыласыңдар,» - деген.
Тафсир Ибн Касирде: Ъирак бин Малик (р.а.) жұма намазын оқып болған соң, мешіт қақпасының алдында тұрып:
أَللَّهُمَّ إِنّيِ أُجِبْتُ دَعْوَتَكَ وَ صَلَّيْتُ فَرِيضَتَكَ, وَ انْتَشَرْتُ كَمَا أَمَرْتَنيِ, فَارْزُقْنيِ مِنْ فَضْلِكَ وَ أَنْتَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ.
Яғни: «Алла! Расында мен (жұмаға) шақыруыңа жауап бердім, парызыңды оқыдым. Сондай ақ, Өзің әмір еткеніңдей жер жүзіне таралдым. Маған Өз мәрхаматыңнан ризық несібе бер. Расында сен ең қайырлы ризық берушісің,» - деп дұға ететін еді.
Бағзы салафтардан Бұл аят жөнінде: Кімде кім жұма күні намаздан кейін тауар сатса немесе сатып алса Алла Тағала оған жетпіс есе берекелді етеді, - деген екен.
Бізге ата-бабамыз ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен кең байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Алла Тағала халқымызға асты үсті байлыққа тола жерді маңдайымызға жазған. Біздің жастар сол ризықты өз игілігімізге пайдалану үшін елімізге қажетті мамандықтарды игеруге міндетті. Қазіргі таңдағы «Жол картасы» бағдарламасы да сол бағытта жұмыс жүргізуде. Өйткені көптеген мамандықтарға жастар қызығушылық танытпай отыр. Адам бақытты да, молшылықта өмір сүру үшін бастық болу шарт емес.
Расулаллаһ (с.ғ.с.) хадисінде:
إِنَّ اللهَ تَعاَلىَ يُحِبُّ الْمُؤْمِنَ الْمُحْتَرِفَ.
Мағынасы: «Расында Алла Тағала қолында кәсібі бар мұсылманды жақсы көреді,» – деп айтылған.
Қазіргі жастар жүрек қалауымен мамандық таңдамайтын сияқты. Барлығы бірдей заңгер, сот деген секілді санаулы мамандыққа ұмтылады. Алайда, оны жетік меңгеруді мақсат етпейді. Мұндай мамандықты таңдау себептерінің өзі белгілі.
Егіншаруашылық, малшаруашылығы, техника, текстиль, тағамтану және т.б. аса қажет кәсіптерді ар санайды. Елеусіз көрінген кәсіптерге көп жастар жатырқан қарайды.
Ал, мұғалімдікті шарасыздықтан оқитындар қаншама. Біле білген адамға мұғалімдік бәрінен де жауапты мамандық. Мұғалім тек білім беріп қана қоймайды. Ең керекті дүние тәрбие де мұғалімге байланысты.
Жастар өз қабілет қарымына сай елге де, өзіне де пайдалы кәсіп маманы болуы маңызды. Абай атамыз: Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!, дегендей әрбір жас отанымыздың титтей болса да бір тетігін бүтіндеуге бар болмысымен атсалысуы қажет.
Еңбек етпей, маңдайдан тер төкпей адам баласы мақсатына жетпесі хақ. Ал, жатып ішерлік мұсылмандыққа да, адамгершілікке де жат пиғыл.
Абай атамыз өзінің жиырма бесінші қара сөзінде ...Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен..., деген.
Жұмыстан қашып «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүру бойға жабысқан жалқаулық ең жаман мінез.
Жалқаулықтан жаман дерт жоқ. Білімде, ғылымда және күнделікті тұрмыста кісіні көш соңында қалдыратын дерт жалқаулық.
Кейде осынау күн сайын жаңарып тұрған жаңалығы мол жаһан дүниеге қарағанда мұсылман қолымен жасалған дүниені көрмейсің. Мінген темір тұлпарымыз, киген киіміміз, тұрмыста тұтынатын заттарымыз, тұрғын үй ішіндегі жиһаздарымыз түгел жат жұрттікі. Мұның ешбірін мұсылман істеп жатқан жоқ. Бар болса да саусақпен санарлық. Неге бізде мұны істейтін маман жоқ? Бұған себеп жалқаулық.
Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратқанға жалқаулықтан сақта деп дұға ететін. Анас бин Малик (р.а.):
اَللَّهُمَّ إِنيِ أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْهَمِّ وَ الْحَزَنِ وَ الْعَجْزِ وَ الْكَسَلِ وَ الْجُبْنِ وَ الْبُخْلِ وَ ضَلَعِ الدَّيْنِ وَ غَلَبَةِ الِّرجَالِ.
Мағынасы: «Алла! Мен сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін,» деп дұға жасайтын.
Мұсылман деген тек мешіттен шықпай мінәжат ететін адам емес. Ол дүние тіршілігінде өзгемен терезесі тең болу үшін еңбек етеді.
Бір риуаятта Иса (ғ.с.) бір кісіден: не іспен шұғылданып жүрсің?, деп сұрайды. Ол: мен құлшылық жасаймын, дейді. Иса Пайғамбар (ғ.с.): бала шағаңды кім асырап жүр?, дейді. Ол: Ағам, дейді. Пайғамбар (ғ.с.): Ағаң сенен қарағанда ғибадатшыл екен, деген екен.
Ислам тарихында көптеген жаңалықты ашқан мұсылмандар еді. Еуропаға ғылымды үйреткен де мұсылмандар еді. Ал, қазір неге олай емес?
Имам Ахмед риуаят етеді:
أَحلُّ مَا أَكَلُ الَّرجُلُ مِنْ كَسْبِهِ وَ كُلُّ بَيْعٍ مَبْرُورٍ..
Яғни: «Адамның жеген асының ең адалы өз кәсібінен және әрбір дұрыс саудадан болғаны,» деген.
Алланың пайғамбарлары да (ғ.с.) кәсіппен айналысқан. Нұх пайғамбар балташы болған. Юсуф (ғ.с.) егінші, Мұса (ғ.с.) қойшы, Дауд (ғ.с.) темірші болды. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қойшы, саудагер болған.
Лұқман Хәкім өз перзентіне: «Балам! Кедейлік атаулыдан адал кәсіп етіп тәуелсіз бол. Өйткені кісі қолына қараған адамның басына үш жаманшылық келеді. Олар: діні әлсірейді, ақылы төмендейді және адамилығын жоғалтады. Бұл үш қасіреттен де ауыры адамдар оны менсінбей кетеді,» деген екен.
Хазіреті Омар (р.а.): Сендер ризық несібе сұрап жол бойында: Аллаһым, ризық бере гөр, деп отырмаңдар. Сендер аспаннан алтын да, күміс теңге де жаумайтынын білесіңдер ғой, деген екен.
Қазір кейбіреулерге: неге жұмыс істемейсің? десең: жұмыс жоқ, деп жауап береді. Еңбекқор адамға әрдайым жұмыс табылады. Жұмыс жоқ деген адам жеңіл желпі, саусақтың ұшымен ұстап ақ істейтін жұмыс іздеуші. «Екі қолға бір күрек» деп мұсылман сегіз қырлы бір сырлы болуы қажет. Нағыз азамат өзінің біліміне, білегіне сүйенеді.
Хәкім Абай:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, дегендей мұсылман баласы еңбекқор болуға міндетті.
Ахмед бин Ханбалға адамдар: үйінде немесе мешітте отырып: ризық несібем өзі келеді, жұмыс істемеймін, деп отырған кісі жайлы не дейсіз?, деп сұрапты. Имам Ахмед: Ондай адам білімнен бейхабар жан. Ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Расында Алла Тағала менің ризқымды найза көлеңкесіне қойған» деген сөзін, құс жайлы: «таңертең ұясынан жемсауы бос болып ұшып, кешке толтырып келеді» деген сөзін естімеген бе? Пайғамбар (с.ғ.с.) құс екеш құстың өзі ризқын іздеп ұясынан шығатындығын айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабалары сауда саттықпен және егіншілікпен айналысатын. Олар бізге үлгі жандар, деп жауап берген екен.
Жатып ішер адамнан жаманы жоқ. Ондай адам өз үйіне де симайды. Ибн Масуд (р.а.): «Мен кісінің не дүние ісімен, не ақырет амалымен айналыспай бос жүргенін жек көремін,» деген екен.
Нағыз «мен мұсылманмын» деген дүниелік тіршілігіне де, діни құлшылығына да бірдей қарайтын жан.
Әбу Қалаба бір кісіге: «сенің мешіттің бір бұрышында отырғаныңнан қарағанда еңбек етіп жүргеніңді көруді қалаймын,» деп айтқан.
Мұсылман бауырлар! Балаларымызды жас күнінен еңбекке баулып өсірейік. Мамандықтың жаманы жоқ, тек жаман қолынан іс келмейтін маман болуы мүмкін.