Исламның білім беру тарихы әуел баста үйлерден басталған. Пайғамбарлығының Мекке дәуірінде (610-622 жж.) Расулуллаһ (с.а.у.) білім беру орны ретінде үйлерді қолданған және білім мен тәрбие хижретке дейін үйлерде беріліп келгендігі белгілі. Сондықтан да үйлер білім берудің алғашқы ордасы болып тарихта қалған.
Алғашқы аяттың түсуімен басталып кеткен пайғамбарлық уазипасы дағуатты әмір бұйыратын «Ей, жамылғысына оранған! Түрегеліп, дағуатта. Раббыңды да ұлықта. Кигеніңді таза ұста. Жаман істерге жуыма» (Муддәссир сүресі, 1-5 аяттар) аяттарының түсуімен жаңа сатыға өтіп, үш жыл бойы тәблиғ жұмыстары жасырын түрде Әркам бин Әбил-Әркамның (р.а.) Меккедегі үйінде жүргізілді. Хазірет Пайғамбар және ардақты сахабалар Алла Тағаланың «Енді өзіңе әмір етілгендерді жария қыл, пұтқа табынушыларға жалтақтама» (Хижр сүресі, 94-аят) аяты түскенге дейін құлшылықтарын сол үйде жалғастырды, сондай-ақ ол үй сол уақыт аралығында біраз кісінің мұсылман болуына куә болды. Олардың қырқыншысы Хазірет Омар болатын.
Қоғамды жеке адамдар құрайтынын білеміз. Жеке адамдардан, яғни жұбайлар, ата-ана, бала-шаға секілді белгілі әлеуметтік қатынастар себебімен құрылған кіші топтарды жанұя деп атаймыз. Балалар өздерінің алғашқы білімдерін сол жанұяларынан алады. Сол себепті үйлер бұл тұрғыдан бейресми медресе орнында есептеледі.
Олай болса, үйлерімізде белгілі бір діни ахуал орнату өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында «Алланы еске алатын шаңырақ пен еске алмайтын шаңырақтың айырмашылығы, тірі мен өліктің айырмашылығындай» (Муслим, Мусафирин, 211) - дей отырып, үйлердің тірілуі және жайнауы сол үйде Алланы еске алу арқылы болатындығын, әйтпесе ол үй өлі, кәдімгі жансыз дене іспеттес болып қалатынын айтып кеткен. Хадисте айтылғанындай, үйлерде Алланы еске алу ең әуелі үйде намаз оқу және Құран Кәрім оқу арқылы мүмкін болады. Расулуллаһтың (с.а.у.) «Намаздарыңның бір бөлігін үйлеріңде оқыңдар да оны мазарға айналдырмаңдар» (Бұхари, Салат, 52) хадисіменен «Әлде қайсың парыз намазын мешітте оқығанда, ол намазынан үйіне де бірдеңе қалдырсын. Өйткені, Алла Тағала намаз себебімен оның үйінде қайыр орнатады» (Муслим, Мусафирин, 210) деген хадисі біздерге соны аңғартуда. Бұл хадисте айтылған «намазынан бірдеңе қалдырсын» дегеннің мағынасы сүннет пен нәфіл намаздар. Себебі, бір хадисте бұл жайт былай түсіндіріледі: «Ей, адамдар! Үйлеріңде намаз оқыңдар. Өйткені, парыз намаздардан тыс намаздардың ең абзалы үйде оқылған намаздар» (Бұхари, Азан, 81; Муслим, Мусафирин, 213).
Қазы Лиаз «Намаздарыңнан үйлеріңе де бірдеңе қалдырыңдар» деген хадисті нәфіл емес парыз намаз жайында айтылып жатыр деген ойды алға тартады. Оның ойынша, адамдар парыздардың кейбірін үйінде оқып, үйіндегі мешітке бара алмайтын әйелдер мен балаларға имам болып, оларға намаздан білмейтіндерін үйретіп, әрі оларға жамағатпен намаз оқудың сауабын таттыруға көңіл бөлуі керек (Ибн Хажәр, Фәтхул-бәри, І, 630).
Сондай-ақ, өміріміздің ең маңызды да ыстық шақтарын өткізетін өз ошағымыздың қасында Құран оқудың да қаншалықты маңызға ие екендігін Расулуллаһ (с.а.у.) мырзамыз «Үйлеріңізді мазарстанға айналдырмаңыз. Күмәнсіз шайтан «Бақара» сүресі оқылған үйден аулақ тұрады» (Муслим, Мусафирин, 212) деп айтып кеткен. Бұл хадис біздерге үйлеріміз Құранмен шаттыққа бөленіп, Құранмен таза тұратынын хабар беруде. Ал керісінше болса, мазардан айырмашылығы жоқ, үнсіз, тіршіліксіз өлі үй сияқты болатынын айтуда. Сондай-ақ, үйлерімізден шайтаннан бастап барлық жаманшылықты, жаман рухтарды қуалаудың тек қана Құран оқу арқылы ғана мүмкін болатындығы осы хадисте баян етілуде. Солай етсек, олардың орнына үйлеріміздің нұр тасыған періштелерге толатыны да еш күмәнсіз. Өйткені, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құран оқыған мүминді періштелер келіп тыңдайтындықтарын өз хадис шәрифтерінде хабар беруде. Сондықтан да үйлерде Құран оқылса періштелердің ошақ қасымызды нұрға бөлендіретінін еш жадымыздан шығармалық. Ондай үйде қайыр мен берекенің мол болатындығы да, отбасы мүшелерінің арасында құрмет пен сүйіспеншілікке толы бақытты дәурен басталатыны да сөзсіз ақиқат.
Балаларымыз – біздерге Алла Тағаламыздың берген аманаты және Раббымыз Кітабында: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан болатын оттан қорғаңдар» (Тахрим сүресі, 6-аят) - деп бұйыра отырып, жауапкершілік шеңберімізді белгілеп берген. Бұл дегеніміз жұбайымыз бен балаларымызды Хақ Тағаланың ризалығына сай түрде тәрбиелеу, Оның ризалығына сай өмір сүрулерін қамтамасыз ету деген сөз. Барлығының алғашқы баспалдағы үйлеріміз болып отыр.
Үйіміз иләһи мейірімділікті өзіне тартып тұратын күйде болуы керек. Үйімізде балаларымызға діни тәрбиенің дәмін алатын орта ұйымдастыруымыз қажет. Намаз жиі оқылып, Құран ұдайы жаңғырып, діни әңгімелер толастамаса. Балапандарымызды теледидардың алдына итеріп тастай салмай, тек тәрбиелік мәні бар бағдарламаларға үйренулеріне арнайы көңіл бөлсек. Мәнді де мағыналы, мәдени, діни, әдеби, тарихи және жай ғана пайдалы көрсетілімдер көруіне жағдай жасасақ, уақытын да отағасы ретінде қатаң белгілесек, оларға ең үлкен игіліктерді жасағанымыз болмақ. Теледидар бізді емес, біз теледидарды басқаруымыз және қайырға бағыттауымыз қажет. Оған құл болу емес, оны игілігімізге жаратуымыз қажет. Теледидарға асыла бермей, одан гөрі кітап оқудың пайдалырақ екендігін түсіндіріп, балаларымызды соған талпындыруымыз керек. Шын мәнінде теледидардан алынған мәліметтер бұлыңғыр әрі миды пайдалысымен қоса пайдасызымен де толтыратыны, ал кітаптың білімі миды дамытып, есте жақсырақ сақталатыны ұмытылмауы тиіс.
Ислам тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, есімі ұлық тұлғалардың көпшілігінің алғашқы тәрбиесін өз жанұясынан алғандығын көреміз. Олардың алғашқы медреселері үйлері, алғашқы ұстаздары ата-аналары болған. Мысалы, ислами, әрі таза жанұяда жетілген мәзхабымыздың имамы Имам Ағзам Әбу Ханифа солардың бірі. Сондай-ақ, Мәлики мәзхабының имамы Имам Мәлік өз тәрбиесінің және білімінің алғашқы қорын өз отбасынан алған болатын.
Балалардың жанұядағы тәрбиесі мен білім алуы тек қана әкенің мойнында ғана емес, ананың да мұнда атқарар рөлі, әрине үлкен. Әке мен ана бірлесе отырып тәрбие мен білім берсе, қандай игілік?! Мұнда әсіресе, ата-ананың сөздері бір жерден шығып, өзара келіспеушілікке берілмей, бірінің айтқанын бірі жоққа шығарып отырмауы өте маңызды.
Баласын жартылай жетім тәрбиелеп отырған аналар да мойымауы керек. Мұның мысалы ретінде хадис ғұламасының пірі Имам Бұхариді келтіруге болады. Ол сәби күнінен әкесінен жетім қалып, бауыры Ахмед екеуі әке тәрбиесін көрмей өскен-ді. Алайда, анасының тәрбиесі оны кішкентайынан Құранды жаттап, арабша үйренуге баулыды. Оның алғашқы мектебі де, мұғалімі де анасы болды. Ханбәли мәзхабының имамы – Ахмед бин Ханбәл, ол да кішкентайында әкесінен айрылып, анасы үлкен бейнетпен оны тәрбиелеп, қияға қондырған болатын.
Бұл мәселеде ата-ананың қолға алатын тағы бір маңызды ісі өз отбасыларында балаларына берген білімдерін ары қарай жандандыратын ғалым әрі тақуа иесі ұстаз тауып, балаларын соның рухани тәрбиесіне тапсыру. Бұл үшін ең ыңғайлы сәттер жазғы демалыс айларында қолға тиіп жатады. Балаларымызды жалықтырып, бездірмейтіндей түрде ұйымдастырылған мешіттердегі жазғы курстарға бір мезгіл оқыту оларға берер тәрбиемізге үлкен үлес қосады.
Соңғы уақыттары елімізде балаларының қолынан жетектеп: «Мына балаларымызға діни білім үйретсеңіздер, Отанымызға пайдалы азамат қылып тәрбиелесеңіздер!» - деп бізге келетін ата-аналарға жиі ұшырасатын болып барамыз. Ұл-қызын жақсы азамат қылып тәрбиелеу жауапкершілігін сезінген сол ата-аналарды шын көңіліммен қостаймын және сондай ата-аналарымызды мақтан тұтамын. Алла баршасына разы болсын! Балалары олардың жүзін осы дүниеде де, ақыретте де қызартпасын, тек ағартсын, иншаллаһ! «Артына қайырмен дұға ететін ұрпағы бар ата-ананың амал дәптері өлгеннен кейін ашық болып қала бермек», - деген сүйікті Пайғамбарымызға жәннатта көрші болуды Аллам нәсіп етсін!