Сұрды (сырнай) үрлеуші періште. Исрафил (ғ.с.) – хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті – қиямет қайым басталатын кезде Алланың әмірімен сұр үрлеу. Әрине, бұл Исрафил (ғ.с.) періште мұнан басқа ешнәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп, адам бейнесінде келген періштенің, Алла Тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил (ғ.с.) періштенің орын алғандығы айтылады. Сонымен қатар, бәлкім біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Исрафил (ғ.с.) періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірәйіл (с.ғ.) періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отбасы және өзінің біраз күннен бері нәр татпағанын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметтің болуына әмір келді ме?» – деді. Жәбірәйіл (ғ.с.): «Сенің әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің (ғ.с.) осы жерге келуі әмір етілді» – деді. Осы уақытта Исрафил (ғ.с.) періште Алланың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Сенің айтқандарыңды Алла Тағала естіді. Сенен: Сүлеймен (ғ.с.) сияқты патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр» – деп сауал тастайды. Жәбірәйіл ( ғ.с.) періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын» – деп Исрафилге ( ғ.с.) жауап қайтарған еді.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исрафил (ғ.с.) періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірәйіл (ғ.с.), Микаил (ғ.с.), және Исрафилдің (ғ.с.) Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы...» – деп олардың аттарымен дұға оқығанын көреміз.
Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Алланың әмірімен екі рет сұр үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жағына шошына қарап қалады», – десе, Исрафил (ғ.с.) періште жайында: «Жақын жерден дауыстап шақыратын (сұр үрленетін) күнге құлақ сал», – дейді.
Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс естиді. Бұл – олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафил (ғ.с.) үрлеген сұрдың дыбысы.
Құранда: «Ендеше, олардан бет бұр. Әлбетте, бір күні шақырушы (Исрафил) барлығын еш көрмеген таңқаларлық ақиқатқа (қабірдегі адамдарды маһшар алаңына жиналуы үшін сұр үрлеп) шақырады. Олар, үрейленіп, айналаны бірден шегіртке қаптап кеткендей қабірлерінен шығады», – дейді.
Мына хадисте сұр жайында былай делінеді: Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Сұр деген не?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үрленетін сырнай» (біз үшін беймәлім яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал) – деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рахымы (с.ғ.с.): «Исрафил (ғ.с.) сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр», – дейді.
Исрафил (ғ.с.) періштені Алланың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақирет басталады. Исрафил (ғ.с.) періште сұр үрлейтіндіктен ол (ғ.с.) «Сұр үрлейтін періште» деп аталған.
Исрафил (ғ.с.) періштенің алғаш рет сұр үрлегендегі жағдайды Құран: «Сұр үрленген күні Алла қалаған біреулерден басқа көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ, барлығы Алланың алдына сүмірейіп келеді»; «Сонда бір рет сұр үрленген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды» – деп суреттейді.
Екінші үрлеу – қайта тірілудің белгісі. Құранда: «Сұр үрілгенде олар қабірлерінен тұрып, Раббыларының құзырына жүгіреді», – дейді.
Исрафил (ғ.с.) періштенің сұрды екі рет үрлеуінің арасы қанша уақыт болатыны белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді: Әбу Һурайраның (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с. ): «Сұрды екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар», – деген. Ол қырық уақыт дегені күн бе, ай мa, не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаға аян.