Әр бала үшін бір көшет...

Әр бала үшін бір көшет...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Кеше ғана қыс сияқты еді. Ал, бүгін міне «сәуір болмай тәуір болмайды» демекші көктемнің екінші айы да келіп жетті. Қар кетіп жер құрғап, мұз қатқан өзендер еріп жатыр. Тамылжыған табиғат қайта оянып келеді. Дініміз тазалыққа негізделген және тазалыққа үндейді. Әсілі, мұсылман баласы өзін, қоршаған ортасын ұқыпты һәм таза ұстауы тиіс. Тек қана өз үйімізді емес, сонымен қатар ауламыз бен қала көшелерінің тазалығына да қарауымыз қажет. Баршамыз сәнді де сәулетті қаламыз көшелерін көгалдандыруына қолғабыс еткеніміз дұрыс. Бұл біздің қаншалықты тазалыққа мән беретініміздің көрсеткіші болмақ. Алайда, көрсеткіш үшін емес, мұсылманшылық үшін тазалыққа мән беруіміз керек. Ал, көгалдандырусыз тазалықты елестету қиын. Таза ауа мен тазалық аула мен көшелерге отырғызылған ағаштармен болмақ.

Құран Кәрімде он тоғыз жерде ағаш сөзі ал, егу мен осы түбірден шығатын сөздер иләһи кітапта он үш орында келген екен. Ал, хадисте көптеген жерде айтылған екен. Бұл Ислам дінінің ағаш отырғызу және көгалдандыру мәселесіне мән беруінен келіп туындаса керек.

Ғамарат бин Хазима бин Сабит әңгімелейді:

سمعت عمر بن الخطاب يقول لأبي : أعزم عليك أن تغرس أرضك فقال أبي : أنا شيخ كبير أموت غدا . فقال عمر : أعزم عليك لتغرسنها ، فلقد رأيت عمر بن الخطاب رضي الله عنه يغرسها بيده مع أبي .

Яғни:«Мен Омар бин Хаттабтың әкеме: Сенің жерге көшет отырғызуды қолға алуыңды сұраймын,-деп айтқанын естідім. Әкем: Мен қаусаған қартпын, ертең өлемін ғой,-деді. Омар (р.а.): міндетті түрде көшет отырғыз, деді. Сосын мен Омар бин Хаттабтың (р.а.) өз қолымен әкеммен бірге көшет отырғызып жүргенін көрдім»,-дейді. Ия, көшет немесе жеміс ағашын отырғызғанда сол ағаштың көлеңкесіне өзі отырып, жемісін кісі өзі жемесе де балалары мен немерелері пайдаланады.

Мына бір хадиске қараңыз! Анас бин Малик (р.а.) риуаят етеді:

إن قامت الساعة وفي يـد أحدكم فسيلة فإن استطاع أن لا تقوم حتى يغرسهـا فليغرسها .

Мағынасы: «Егер қиямет қайым келсе, біреуіңнің қолыңда құрма көшеті болса, шамасы келсе, соны ексін», деген екен. Хадисте құрма көшеті деп айтылса да, жалпы жемісті ағашты отырғызуға үндеп тұрғаны анық. Сонымен қатар, ақыр заман болса да деумен көшет және жеміс ағашын отырғызудың үлкен пайдасы барын аңғартып тұр.

Көкөніс базарларында өз жерімізде өсіп өнген жеміс жидек пен көк өністер жоқ екені мәлім. Мұның себебі жеріміздің құнарсыздығынан емес, өзіміздің құтсыздығымыздан екенін бәріміз білеміз.

Бір қатар хадистерде пенденің жасаған амалына берілетін сауапты ағашпен бейнелейді. Тіпті, қиямет күні пендеге істеген ізгі амалдары үшін берілетін сыйлықтардың ішінде ағашты атап өтуі де тектен тек емес болар.

Жабир бин Абдулла (р.а.) риуаят еткен хадисте:

من قال سبحان الله العظيم وبحمده ، غرست له نخلة في الجنة ، وفي رواية " شجرة

Мағынасы: «Кімде-кім «субхана Аллаһи уа бихамдиһ» (Аллаһ пәк және мақтау Оған тән) деп айтатын болса, ол пендеге жәннатта бір құрма отырғызылады (бір риуаятта: ағаш)»,-деп айтылады.

Енді мына хадистерді оқып көрелік:

ما من مسلم يغرس غرسا إلا كان ما أكل منه له صدقة ، وما سرق منه له صدقة ، وما أكل السبع فهو له صدقة ، وما أكلت الطير فهو له صدقة ، ولا يرزؤه أحـد إلا كان له صدقة .

Мағынасы: «Мұсылманның еккен ағашынан біреу жесе де садақа, ұрласа да садақа, одан жануарлар қоректенсе де садақа, құстар шұқыса да садақа, деген екен.

Әбу Дарда (р.а.) жеткізген хадисте:

من غرس غرسا لم يأكل منه آدمي ، ولا خلق من خلق الله إلا كان له صدقة

Мағынасы: «Кімде-кім бір ағаш отырғызса, оны адам баласы немесе Алланың жаратқан жануары мен жәндігі жейтін болса, (отырғызған адамға) сауабы бар», деп айтылған.

Осы хадистер мазмұнында жерді абаттандыру және көшет отырғызып көгалдандыру қаншалықты қоршаған ортаға қажет екендігі, қоғамға пайдалы екендігі қарапайым тілмен түсіндірілуде. Қала тұрғыны ретінде әр қайсымыз бір тал көшет отырғызып күтім етсек, табиғатымыз бен ортамыздың тазалығына өзіндік үлес қосқан болар едік.

Әрине, ағашты отырғызумен шаруа бітпейді. Бұдан әрі ағаш тамыр жайлап, жапырағы жайқалғанша, ол күтімді қажет етеді. Сондықтан ағаштың түбі мен көлеңкесін ластап кетушіге шариғатта қатаң айтылған сөз бар.

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.с.):

اتقوا اللعانين ، قالوا : وما اللعانان يا رسول الله ؟ قال : الذي يتخلى في طريق الناس أو في ظلهم

Яғни: «Лағынетке кіріптар ететін екі әрекеттен сақ болыңдар, деді. Сахабалар: уа, расулаллаһ, ол екі жайт не?, деді. Ол: адамдардың жүретін жолына немесе ағаш көлеңкесіне дәрет сындыратын, деді».

Бұған көшеге күл-қоқыс тастау, табиғатты ластау, ағын суды кірлету де кіріп кетеді. Әрбір әке баласымен бірге бір тал көшет отырғызып, ағаш өздігінше өніп кеткенше сабырлықпен баптап тұрса. Бала еңбекқорлыққа, бастаған ісі нәтиже бергенше төзімділік танытуға және Алла Тағаланың берген нығметі табиғатты қорғауға деген тәрбие бойына сіңер еді.

Қоқысты күл-қоқыс жәшігіне салу, автобустан түскен соң қолдағы жол билетін жерге тастай салмау, ішкен сусын ыдысын жол бойына лақтыра салмау, мұның барлығы тазалық. Әке-шеше аула мен саябақта бала-шағамен серуендеп жүргенде бала үйрететін тазалығы. Өйткені тазаланған жер таза болмайды, тазалықты сақтаған жерде тазалық болады деген сөз бар.

Ағаш отырғызу және бау-бақшаны абаттандырудың үлкен сауабы бар. Тіпті, егін егіп немесе ағаш отырғызып, кейін оны басқа біреуге сатып жіберсе де, бәрі бір сауабына үлескер болады. Өйткені, бұл әрекеті, яғни ағаш отырғызу адамдарға аса пайдалы іс. Көптеген ғалымдар егуші кісіге ағаш жеміс берген сайын сауап жазылатындығын басып айтқан. Тіпті, оның сауабы ағаш жеміс салса жалғаса бермек. Бұл сауап ағаш басқа біреудің иелігіне өтіп кетсе де бола бермек.

Ағаштың салқын саясы мен тәтті жемісін адам, жануар, құс және жәндік пайдаланатын болса егуші кісіге сауап болатындығы көрсетілген. Сондай хадистердің бірі Анас (р.а.) риуаят етеді

ما من مسلم يغرس غرسا أو يزرع زرعا فيأكل منه إنسان أو بهيمة إلا كان له به صدقة .

Яғни: «Қайсы бір мұсылман баласы бір ағаш немесе егін егсе, одан адам немесе жануар жейтін болса, әлбетте, оған (егушіге) сауап барады»,-деген.

Әбу Аюб әл-Ансари (р.а.) пайғамбарымыздың мына сөзін жеткізеді:

ما من رجل يغرس غرسا إلا كتب الله له من الأجر قدر ما يخرج من ثمر ذلك الغرس .

Яғни: «Кісі бір көшет отырғызса, Алла Тағала оған сол ағаштан шығатын жеміс мөлшерінше сауап жазады»,-деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі мына хадисті риуаят етеді: Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) өз құлағыммен естіген әңгімем:

من نصب شجرة فصبر على حفظها والقيام عليها حتى تثمر كان له في كل شيء يصاب من ثمرها صدقة عند الله عز وجل .

Мағынасы: «Кімде кім ағаш отырғызып, оны жеміс бергенше шыдамдылықпен күтім етіп, сабырлықпен қарайтын болса ағаштың жемісін әркім пайдаланған сайын Алла құзырында оған сауап бар», дейді.

Тек қана жеміс беретін ағашты отырғызу сауапты амал есептелмейді. Себебі ағаштың жемістен бөлек те көптеген пайдасы бар. Қаланың ауасын тазалайтын, көшелерін көрікті ете түсетін және саябақтарда көлеңке беріп тұратын түрлі ағаш түрлері бар.

Қоршаған ортамыздың ауасын таза ұстауда, қаламыздағы саябақтардың сәнін келтіріп, серуен құрып жүрген қарттар мен бала-шағаның саялайтын орны да осы көлеңкелі ағаштар емес па? Айнала табиғатты әсем ете түсетін де осы жайқалған ағаштар мен гүлдер емес пе? Демек, жай жайқалып тұратын ағаштарды отырғызу да жатады. Өйткені одан жан-жануарлар, құстар мен жәндіктер де пайдалана алады.

Сонымен қатар адам тұрмысына қажет және өндіріс саласында да ағашты пайдалану жолдары көп. Алайда, тек ағаштарды кесіп өз қажетімізге жарата отырып, орнына басқа ағаш отырғызумен толтырып отырмасақ, табиғатымызға аса зор зиян тигізеріміз анық.

وعن عبد الله بن الزبير قال : أمر النبي صلى الله عليه وسلم عمه العباس يأمر بنيه أن يحرثوا القضب فإنه ينفي الفقر

Сондықтан болар, Абдулла бин Зубайр (р.а.): Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің көкесі Аббасқа балаларына ағаш отырғызуды, себебі ағаш кедейлікке тосқауыл болады, деген сөзін жеткізеді.

Жабир (р.а.) риуаят етеді: пайғамбар (с.ғ.с.) Үмму Мубашшир әл-Ансарияның (Зайд бин Харисаның әйелі) құрма бауына кіргенде: мына құрмаларды егкен мұсылман ба, әлде кәпір ме?, деп сұрады. Үмму Мубашшир: мұсылман, деді. Пайғамбар (с.ғ.с.):

لا يغرس مسلم غرسا ، ولا يزرع زرعا فيأكل منه إنسان ولا دابة ، ولاشيء إلا كانت له صدقة

Яғни: «Мұсылман отырғызға көшетін, егкен егінін адам немесе жануар жейтін болса, қалай пайдаланса да оған садақа жазылады», деді.

Жоғарыда айтылған хадистердің барлығында да жеміс беретін немесе жай ағаш отырғызу үздіксіз жалғаса беретін садақа болып табылатындығын мұсылман үшін сауапты іс болатындығын көрсетіп тұр.

Ағаш отырғызу мұсылман бақилық болған соң да сауабы баратын ізгі амалдар қатарына жатқызуға болады.

Анас бин Малик (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзін баяндайды:

سبع يجري للعبد أجرهن وهو في قبره وبعد موته : من علم علما أو كرى نهرا ، أو حفر بئرا ، أو غرس نخلا ، أو بنى مسجدا أو ورث مصحفا ، أو ترك ولدا يستغفر له .

Мағынасы: «Пенденің жеті амалы бар, оның сауабы пенде қайтыс болып қабірде жатса да барады: біреуге үйреткен білімі, ағызған көлі, қазған құдығы, отырғызған құрмасы, салған мешіті, мұра етіп қалдырған мұсхафы (құран кітабы) және күнәсін кешіруін сұрайтын ұрпағы», деген екен.

Мұғаз бин Анас (р.а.):

من بنى بنيانا في غير ظلم ولا اعتداء ، أو غرس غرسا في غير ظلم ولا اعتداء كان له أجرا جاريا ما انتفع به من خلق الرحمن تبارك وتعالى .

Мағынасы: «Кімде-кім біреуге зұлымдық пен өктемдік етпей ғимарат тұрғызса немесе ағаш отырғызса, оның сауабы Рахман Алланың жаратқан жанзаты пайдаланып тұрғанша барып тұра бермек»,-деген.

Осы арада бір хикая айта кетейін, бір патша жұрт танымасын деп қарапайым шаруаның киімін киіп ел аралап жүрген көрінеді. Осылайша көшет отырғызып жатқан ақсақал қарияны кездестіреді. Патша қариямен амандасып: ақсақал! бұл ағаш жеміс салғанша біраз жыл қажет емес пе?, деп қарттың өзі отырғызған ағашының жемісін жей алмайтындығын меңзеді. Қарт та байсалдылықпен: аталарымыз отырғызған ағаштың жемісін біз жедік, біз отырғызғанды немерелеріміз жейді, деп жауап қатты. Қара басын емес, болашақ ұрпақты ойлаған ақсақалға тәнті болған патша, нөкеріне ымдап: кәне, мына күміс теңгелі қалташаны бер, деді. Байсалдылығынан еш танбаған қария: әу, балам! Менің отырғызған ағашым жеміс бере бастады, дейді. Қарттың даналығына сүйсініп, тағы бір қалта теңге ұсынды. Ал, қария болса: менің ағашым жылына екі рет жеміс салды, деді. Сонда патша нөкерлері: патшам! Бұл арадан тез кетейік, мына қария қалтамыздағы соңғы теңгемізді қағып алар, деп жатты. Дана ақсақалмен бірер уақыт қана сұхбаттас болған патша сарайына барған соң: әрбір бала үшін бір көшет отырғызылсын, деп пәрмен берген екен.

Ал, Ибн Масуд (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.):

لقيت إبراهيم صلى الله عليه وسلم ليلة أسري بي فقال : يا محمد أقرئ أمتك مني السلام ، وأخبرهم أن الجنة طيبة التربة ، عذبة الماء ، وأنها قيعان وأن غراسها : سبحان الله ، والحمد لله ، ولا إله إلا الله ، والله أكبر

Яғни: «Мен Исра түні Ибраһимді (ғ.с.) жолықтырдым. Ол маған: уа, Мұхаммед! Менің атымнан үмбетіңе сәлем айт! Оларға (үмбетіңе) жәннат топырағы құнарлы, суы тұщы, ол (жәннат) жазық дала, оның ағаштары: субхана Аллаһи, уал хамду лиллаһи, уа лә иләһа илла Аллаһ, уа Аллаһу Акбар, деп айтты», дейді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: