Дұғаның шарттары мен әдебі

Дұғаның шарттары мен әдебі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімде «Фурқан» сүресінің соңғы аятында, яғни 77 аятында: «(Мұхаммед) (с.а.у.) оларға: «Егер құлшылықтарың (дұғаларың) болмаса, Раббым, сендерді неге бағаласын?...» деген.

Қуртуби тафсирінде бұл аят жөнінде: Алла құзырында сендердің қадірлерің шамалы. Тек, егер Оған құлшылық етсеңдер ғана мәртебеге ие боласыңдар. Адамзаттың қадір-қасиетін көтеретін амал құлшылық (дұға ету),– дейді.

Атақты ғұлама Уаһб бин Мунаббиһ: «Тауратта: Ей, адам баласы, Менің құдіретіммен серт, сені пайда көрейін деп жаратқаным жоқ. Керісінше, сен Менен пайда алуың үшін жараттым. Барлық жалған құдайға емес, Маған құлшылық ет. Мен саған барлық жалған тәңірлерден артықпын» деген сөз бар, – дейді.

Аталмыш аят жөнінде «Фатхул-қадир» тафсирінде де осы мағынаны баян етеді. Яғни, сендердің дұғаларың (құлшылықтарың) болмаса, ешбір қадір-қасиеттерің жоқ.

Ал, енді біз қалай дұға жасап жүрміз, ниет-тілегімізді Аллаға жеткізуде шариғат шеңберінен асып кетіп жүрген жоқпыз ба? Яғни, кейбір жағдайда әдейі емес білімсіздіктен «ата-баба аруағы қолда!» деген секілді ақида, сенімге қайшы сөздерді айтып қоюымыз мүмкін. Міне, осындай үлкен қателіктерден сақ болу үшін дұрыс дұға жасауды білген абзал. Мұсылманның бірде-бір ізгі амалы, сауапты ісі дұғасыз басталмайды. Ең көп қолданылатын, айтылатын дұға бисмиллаһ, пайғамбарымыз (с.а.у.) «Әрбір бисмиллаһсыз басталған іс шолақ» деген. Яғни, Алла атымен басталмаған іс көздеген мақсатқа сай жалғасын таппайды.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«(Мұхаммед!) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді», – деп әмір етеді (Бақара, 186). Ия, Алла барлық пенденің дұғасына жауап береді. Алайда, жауап беру мен қабыл алу екі басқа. Жауап беру: тілегін жерде қалдырмау, ал қабыл алу: айтқан тілегін бұлжытпай дегеніндей етіп беру.

«Мунаббихат» кітабында осы аят жайлы былай баян етіледі: Ибраһим бин Адхамнан адамдар Алла Тағала «Дұға етіңдер, жауап берем» деген, расында біз дұға етеміз. Алайда, дұғамыз қабыл етілмейді,-деп сұрақ қояды. Сонда дініміздің дана ғұламасы әрі тақуа тұлғасы Ибраһим (р.а.): сендердің жүректерің он түрлі амал салдарынан өлген. Бұл амалдар: Расында сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оның хақын өтемедіңдер. Сендер Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған амал етпейсіңдер. Ібіліске дұшпанмын деп жар саласыңдар, бірақ онымен достық мәміле жасайсыңдар. Алла елшісін жақсы көремін деп айғай саласыңдар, алайда оның амалдары мен сүннетін тәрк еттіңдер. Жәннатты жақсы көремін деп айтасыңдар, бірақ жәннат үшін әрекет етпейсіңдер. Тозақтан қорқамын дейсіңдер, бірақ күнәдан тыйылмайсыңдар. Өлім хақ деп айтасыңдар, бірақ дайындық көрмейсіңдер. Өзгелердің айыбын ашумен әлексіңдер, өз айып-қателіктеріңді білмейсіңдер. Алланың ризық-несібесін жейсіңдер, бірақ шүкіршілік етпейсіңдер. Араларыңнан қайтқан кісіні жерлейсіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар, – деп жауап берді.

Ибраһим бин Адхам (р.а.) ғұмыр сүрген заманда мұсылмандар дініне берік, жүрегінде иманы, қолында құраны болған заман еді. Соған қарамай Ибраһим бин Адхам (р.а.) өз жамағатына мұсылмандық парызын дұрыс өтемейтіндігін айтып айыптайды. Ал, біздің осы шақта мұсылмандар дінін қаншалықты біледі, қаншалықты ғибадат етеді?

Бұл аяттың түсу себебі, Табари тафсирінде көрсеткеніндей, бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.): Уа, Мұхаммед, біздің Раббымыз жақын ба, дұғамызды мінәжат етіп (жәй дауыспен) айтайық, әлде алыс па, дұға-тілегімізді жар салып, айғайлап айтайық,-деп сұрайды. Сонда осы аят түседі.

Қуртуби тафсирінде бұл аят жөнінде мынадай мәселелер айтылған.

Әбу Дауд Нуъман бин Баширден пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисін жеткізеді: «Дұға бұл ғибадат, сендердің Раббыларың: Маған дұға етіңдер (сұраңдар) сендерге жауап берем», – дейді.

Кейде дұға жасаймыз, бірақ тілегіміз қабыл болмайды,-деген сұрақ туындайды. Аяттағы Алланың «жауап беремін» деген сөзі жаппай дұға етушінің тілегін қабыл етемін дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, барлық тілек те қабыл етіле бермейді. Сонымен қатар, Алла Тағала Құранда: «Раббыларыңа жалбарынып және іштей дұға етіңдер, расында Ол астамшылдарды жақсы көрмейді» деп әмір етілген. Ал, үлкен күнәні біліп болсын, надандықтан болсын үнемі істейтін адам аятта айтылғандай астамшыл болып табылады. Мұндай, адамның дұғасы қалайша қабыл болмақ?! Сол секілді кісінің дұғасы қабыл болмауына түрлі себептер кедерді болады. Мұның бірі кісінің жеке басына қатысты болса, бірі сұрап отырған тілегіне қатысты болады. Кісінің жеке басына қатыстысы күнәдан тыйылуы. Ал, дұға-тілекке қатыстысы, адамды өзінен қарағанда Алла жақсырақ біледі. Адамның кейде сұраған тілегі сырт көзге пайдалы сияқты көрінгенімен негізінде зиянды және пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан, өзіне не пайдалы екенін, ненің қажетті екенін түсіне бермейді.

Сахаба Әбу Сағид әл-Худрий риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.а.у.): «Мұсылман баласы күнә іс болмаған және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді, олар: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, немесе қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады,-дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: ондай болса дұғаны көп-көп жасайық,-дейді. Алла Елшісі (с.а.у.) де: Алла одан да көп (яғни, жомарт)»,-дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұғаның қабыл болмауының негізгі себебін көрсетіп: «Кісі ұзақ сапар жүріп, үсті-басы тозып, денесі шаң болады да екі қолын көкке көтеріп: Раббым, Раббым,-деп дұға жасайды. Алайда, оның жеген асы харам, ішкен сусыны харам, киген киімі харам, хараммен қоректенеді. Ондай адамның дұғасы қалай қабыл болсын» деген.

Енді, ниет-тілегімізді білдіріп дұға жасаудағы әдептер жайлы баян етейік. «Худжатул Ислам» (Ислам айғағы, Ислам дәлелі, Ислам қорғаушысы) деген үлкен атаққа ие болған имам Ғазалидің «Ихяу улумид-дин» еңбегінде бұл мәселе төмендегідей қарастырылған.

Дұға жасаудың әдептері

БІРІНШІСІ: Қасиетті уақыттар. Жылдың ішінде арафа күні, айлардың ішінде рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түнгі уақыт ішінде сәресі мезгілі секілді.

ЕКІНШІСІ: Қасиетті жағдайлар. Әбу Һурайра: Аспан есіктері Алла жолында мұсылмандар саптарын түзей бастаған шақта, нөсер жаңбыр жауған уақытта, бес парыз намазға иқамат етілген уақытта ашылады. Осы уақыттардың қадірін біліңдер,-дейді. Әбу Дәуід және Нәсәи хадис жинақтарында пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Азан және иқамат арасында жасалған дұға кері қайтарылмайды» деген сөзі бар.

ҮШІНШІ: Дұға жасаған кезде қыбылаға қарап және екі қолын көкке көтеру. Әбу Дауд, Термизи және Ибн Мажаһ кітаптарында пайғамбарымыздың мына хадисі келтірілген: «Расында Раббыларың Хай (Тірі) Карим (Жомарт), пендесі қол жайса құр алақан қайтаруға ұялады», - дейді.

ТӨРТІНШІ: Биік те емес және бәсең де емес дауыспен дұға ету.

Әбу Мұса әл-Ашъари былай баян етіп: Біз Алла Елшісімен (с.а.у.) Мадинаға келіп жеттік. Қалаға жақын келгенде адамдар такбир айтып, дауыстары көтерілді. Сонда Пайғамбар (с.а.у.): «Ей, адамдар, сендер дұға етіп тұрған Зат керең емес, ғайып та емес. Сендер дұға етіп тұрған Зат сендердің мойындарың мен ат-көліктеріңнің мойны арасында» (яғни тым жақын),-деген хабар жеткізеді.

БЕСІНШІ: Өлеңдетіп дұға етпеу. Дұға етуші жалбарынушы кейіпте болуы қажет. Сондықтан мұсылман өз тілек-дұғасына сай Құран және хадисте айтылған зікірді пайдаланғаны абзал. Өйткені онда Алла өзі үйреткен және пайғамбарлар тілінен шыққан дұғалар бар. Алланың таңдаулы құлдарының жүрегінен шыққан дұға қабыл болған дұғалар. Тәубе етуші Адам (а.с.) атаның тәубе дұғасын, шипа сұраған Аюб (а.с.) пайғамбардың шипа дұғасын, перзент сүйе алмай жүрген пенде Закария (а.с.) пайғамбардың қартайған шақта мұрагер сұраған мінәжатын, перзент сүйіп ата-ана болғандар Имранның әйелі, Мәриям ананың шешесі айтқан дұғаны жасауы абзал.

АЛТЫНШЫ: Дұға жасаушының күйі. Дұға жасаушы байсалды кейіпте, Жаратушысынан қорқып сұрауы қажет. Жақсылық сұрағанда құштарлана, жамандықтан сақтауды жалбарынғанда қорқып тұру керек.

ЖЕТІНШІ: Дұғасында бек тұру, қабыл болатындығына күмән келтірмеу. Суфиян бин Ъуяйна: Дұға жасаудан еш қайсысыңыз тыйылмаңыз, дұға етуді тоқтатпаңыз. Өйткені Алла Тағала жаратылыстың ең жаманы ібілістің де, Алланың лағынеті болсын, дұғасын қабыл етті.

Құранда:

«(Ібіліс) ендеше, Раббым маған қайта тірілетін күнге дейін кеңшілік бер,-деді. Алла ібіліске: расында саған кеңшілік берілді»,-деді. (Хижр, 36-37).

СЕГІЗІНШІ: Тілек-дұғаны тоқтатпау. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайлы: «Сендерден асықпағандарыңның және дұға етем, бірақ қабыл болмай жатыр деп айтпағандарыңның дұғасы қабыл болады. Қайсы бірің дұға етер болсаң Алладан көп-көп сұра, өйткені сен Жомарттан сұрап тұрсың»,-деген. Демек, дұғаның тағы бір шарты сабырлық.

ТОҒЫЗЫНШЫ: Дұғаны Аллаға мақтау және пайғамбарға салауат айтумен бастау.

Салама бин Аукаъ: мен Алла Елшісінің дұға жасағанда Аллаға «Субхана Робби әл-Аъла әл-Уаһһаб» (Ұлы да Жомарт Раббым барлық кемшіліктен пәк) деп мақтау айтып бастайтын.

Әбу Сулайман ад-Дарани бұл жайлы: Кім Алладан бір қажетін сұрайтын болса, пайғамбарға салауат айтудан бастасын. Сосын өзінің мұң-мұқтажын айтып мінәжат етсін. Соңынан тағы Алла Елшісіне (с.а.у.) салауат айтсын. Алла бұл екі салауатты да қабыл етеді. Алла екі салауат арасындағы тілекті кері қайтармайтын Жомарт,-дейді.

ОНЫНШЫ: Дұға етушінің ішкі жан дүниесі. Бұл дұғаның қабыл болуындағы ең маңызды жайт. Бұл: тәубе етіп тазару, адам баласына сөзімен және іс-әрекетімен жасаған қиянаты болса кешіруін сұрап, бүтін болмысымен Аллаға бет бұру.

Міне, дұға жасауда мән беретін жайттары осы. Алайда, мұсылман тілегі мен қалауын сұрап қол қусырып отыра бермеуі тиіс. Тек тілімен дұға етіп, үйден немесе мешіттен шықпай отыру дұға жасаудың тәртібіне қайшы. Жаратушысынан білім сұраған пенде қолына кітап алып ізденуі, ем-шипа сұраған науқас дәрігерге көрініп емделуі, мол астық сұраған дихан қолына кетпенін алып еңбек етуі негізгі шарт. Демек, дұға етуші берекет көру үшін әрекет етуі қажет.

Мұсылман пенде жасаған дұғасына Алла үш түрлі жауап береді: бірінші, пенденің сұрағанын осы дүниеде көруге жазса, Алла береді. Екінші, егер сұраған дұғасын бұл дүниеде бермесе ақыретке сауап қоржынына сақтайды. Үшіншісі, жасаған дұғасы себепті қиыншылықтарды отбасынан алыс етеді.

Алла баршамыздың дінімізге, отанымызға, отбасымызға және діндес бауырларымызға арнап жасаған дұғамызды қабыл еткей.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (8)

Оқи отырыңыз: