Тыңдаудың сауабы көбірек

Тыңдаудың сауабы көбірек

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран кәрімді оқу сүннет, ал тыңдау фарзи кифая. Сүннеттің сауабы парыздың жанында теңіздің қасында бір тамшы судай бола алмайды. Діни кітаптарда былай делінеді:

1) Құран кәрімді тыңдау фарзи кифая. Бір тірлікпен айналысып жатқан, ұйықтап жатқан және мешітте намаз оқып жатқан немесе уағыз айтып жатқан адамның жанында дауысын шығарып Құран кәрім оқи бастау күнә болады. (Рәддул мухтар)

2) Мешітке кіргенде тахийатул мәсжид ретінде екі рәкат намаз оқу сүннет болып табылады. Құран кәрім оқылып жатқан болса, сүннет болған осы намаз оқылмайды. Себебі, Құран кәрімді тыңдау парыз. Фарзи кифая болса да, сүннетті тәрк ету абзалырақ. (Әшбах шәрһі)

3) Кітап оқып жатқан немесе бір іспен айналысып жатқан адамның жанында Құран кәрім оқуды бастау, олар тыңдамайтын болса, күнә болады. Бір адам оқып, қалғандары үндемей тыңдап отыруы керек. Жұмыстары бар болғандардың тыңдамай жұмыстарына шығып кетуі күнә болмайды. Құран кәрімді тыңдау фарзи кифая болып табылады. (Халеби-и кәбир)

Фарзи кифая – бір адам орындағанда қалғандарының мойнынан көтерілетін міндетке айтылады. Яғни бір адам оқылып жатқан Құран кәрімді тыңдаса, қалғандары тыңдамай жұмыстарына бара алады, оларға күнә болмайды. Бірақ егер сол жерде қалатын болса, тыңдауы керек.

Құран кәрім оқыған адамды тыңдайтындар бар болса, олардың парыз орындауына себепкер болғандықтан, Құран оқыған адам бөлек сауапқа қауышады.

Кейбір адамдар «Таңертең-кешке оқылатын "Хуәллаһулләзи...» аяттарын, түнде оқылатын "Әмәнәррасулу" аяттарын тек имамның ғана оқуы жеткіліксіз, әркім жеке өзі оқуы да қажет» деп жатады. Оқылған Құранды тыңдау оқудан сауаптырақ емес пе?

Тыңдаудың сауабы көбірек. Оқу сүннет, ал тыңдау парыз. Нәпілдер мен сүннеттер парыздың жанында теңіздің жанындағы бір тамшы судай да бола алмайды. Өзге біреу үшін намаз оқи алмаймыз, ораза ұстай алмаймыз, бірақ Құран оқып, садақа беріп, сауабын оған бағыштай аламыз. Бір сауапты алу үшін мұны тікелей өзіміздің орындауымыз қажет емес, басқа бір адам біз үшін жасаса, бізге де сауап болады.

Имам Раббани хазреттері былай деген:

Өлілерге дұғамен, истиғфар ету арқылы, ол үшін садақа беру арқылы көмектесу керек. Ибрахим алейһиссалам «Ей, Раббымыз, (қияметте) есепке тартылуға бәрі орнынан тұратын күні мені, ата-анамды және бүкіл мүминдерді кешіре гөр» деп дұға еткен. (Ибрахим 41)

Бір мүминнің дұғасы арқылы басқа мүминдердің күнәлары кешіріледі, осылай дұға ету бұйырылған. Сондай-ақ, күнде намазда «...ибадиллаһис-салихин...» деп мұсылмандарға дұға етудеміз. Егер пайдасы болмағанда, әр намазда мұның оқылуы әмір етілмес еді.

Бір мүминнің жаназа намазы оқылса немесе оған дұға мен истиғфар етілсе, мәйіттің күнәларының бір бөлігі немесе толығымен кешіріледі. Бірнеше хадис шәрифтің мағынасы:

«Бір мұсылман қайтыс болғанда үш саптық жамағат оның жаназасын оқыса, ол мәйіт жәннатқа кіру ақысын иеленген болады.»(Тирмизи, Әбу Дауд)

«Қайтыс болған ата-аналарыңа дұға және истиғфар етіңдер!»(Хаким)

«Садақа берген адам мұның сауабын мұсылман ата-анасына да ниет етсе, берген садақаның сауабы оларға да жетеді, ал өзінің сауабы мүлдем азаймайды.» (Табарани)

«Бір адам өзге адамның орнына ораза ұстай алмайды, намаз оқи алмайды, алайда оның оразасы мен намазы үшін кедейді тойдырады.» (Нәсаи)

Татарханийа кітабында «Садақа берген адам сауабының бүкіл мүминдерге берілуіне ниет етсе, өз сауабынан еш азаймастан бүкіл мүминдерге сауабы жетеді. Әһли сүннет мазһабы осындай» делінген.(Рәддул мухтар)

Демек, бір адам садақа берсе, сауабын бізге бағыштаса, біз де сауап аламыз. Бір адам Құран кәрім оқыса, біз соны тыңдасақ, біз де оқыған болып саналамыз және оқудың сауабынан да көбірек аламыз. «Әркім жеке өзі оқуы шарт» деп айту парызға мән бермеу сияқты жағдайдан туындамаса, бұл сөз надандық немесе ғапілдіктің белгісі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: