Сахабалардың ерліктері, табандылықтары мен шынайылықтарын мадақтап, дәрежелерінің қаншалықты жоғары екендігін кейінгі ұрпаққа білдіру үшін Алла Тағала Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сахабалар туралы баяндаған. Олар – ең қайырлы үмбет. Бұл жайлы «Әли-Имран» сүресінің 110-аятында:
“Сендер елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю үшін шығарылған қайырлы үмбетсіңдер”–делінген. Сахабалар жайлы Тәурат пен Інжілде де оларды сипаттап, мадақтаған аяттар бар. Ол жайлы Құранда:
“Мұхаммед – Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар, кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында тым мейірімді. Сен оларды рұкұғда, сәждеде көресің. Олар Аллатан мәрхамат пен ризашылық тілейді. Жүздерінде сәжденің іздері бар. Олардың Тәураттағы сипаттары осы. Інжілдегі сипаттары болса: бұл бас жарып, сосын бара-бара күшейген, жуандап өз сабағында тік тұрған масаққа ұқсайды. Бұл егіншілерді таңғалдырып, кәпірлерді ызаландырады. Олардың ішінен иман етіп, ізгі істер істегендерге Алла кешірім мен үлкен сыйлық беретініне уәде етті” (Фатх, 29) делінеді.
“Иман келтіріп, һижрет жасағандар, Алла жолында соғысқандар, оларды үйінде қонақ еткендер, оларға көмектескендер, міне, бұлар нағыз иман еткендер. Оларға жарылқау мен қымбатты бір ырзық бар” (Әнфал,74).
Алла Тағаланың олардан разы болғандығы жайлы мына аяттарда былайша баяндалады:
“Муһажир, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта соларға ергендерге Алла разы, олар да Аллаға разы болды. Алла олар үшін ішінде мәңгі тұрақтайтын, астарынан өзендер ағатын Жәннаттар дайындады. Міне, нағыз үлкен бақыт, үлкен жетістік осы” (Тәубе, 100).
Бұл жердегі муһажирлер мен ансар Алланы разы етерлік қандай әрекет жасаған еді? Әуелі, муһажирлер үй-жай, бала-шаға мен бүкіл Меккедегі байлықтары мен сауда істерін Алланың діні үшін тәрк етіп Мәдинаға көшті. Ал, ансарлар оларға құшақтарын ашып, барын солармен бөлісіп, құтты қонақ етті. Мысалы, Меккеден келген Абдуррахман ибн Ауфпен бауырластырылған* Сағд ибн Раби бауырына үйінің есігін айқара ашып, бүкіл нәрсесін тең бөліп беруге ырзалық білдірді. Алайда Меккеде саудаға машықтанған дәулетті сахаба Абдуррахман ибн Ауф оған рақметін жаудырып, оларға масыл болмау үшін “базардың жолын көрсет” деп арқанын асынған күйі жүк тасып күн көруге шыққан еді[1].
Осылайша сахабалар шынайы бауырластықтың үлгісін көрсетті. Дәустен көшіп келіп мұсылмандықты қабылдаған, Алла Расулының хадистерін кейінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен Әбу Һурәйра күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқып, таң атқаннан қас қарайғанша аш жүретін. Бұндай күндері тіпті жиі болатын.
Бірде Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп бірнеше күннен бері аш құрсақ жүргенін айтады. Осы тұста өзінің ең жақсы көретін құрма бағын Алла жолында бағыштаған Әбу Талха келіп, үйінде бойға қуат боларлықтай азық болмаса да, хазіреті Әбу Һурәйраны үйіне қонақ етті. Әбу Талха әйеліне: “Балаларды ертерек жатқыз. Не бар болса бәрін дастарханға әкел. Шамды қаттырақ жағамын дегендей болып өшіріп ал. Қараңғыда кімнің жегені, кімнің жемегені белгілі бола қоймас. Мен қасығымды табаққа бос апарып, бос алып отырамын. Осылайша қонағымыздың да қарны тояр”,– дейді. Әйелі күйеуінің айтқанын орындап, ештеңеден хабарсыз Әбу Һурәйра осылайша қарнын тойдырады. Ертесіне екеуі таң намазын оқуға мешітке барып, Алла Елшісіне (с.а.у.) ұйып, намаздарын оқиды. Намазды бітірген соң Пайғамбарымыз бұрылып, күлімсіреп “Алла Тағала мына аятты түсіретіндей бұл түнде не істедіңдер?”,– деп төмендегі аятты оқиды:
Бұлардан бұрын Мәдинаға қоныстанып жүректеріне иман ұялатқандар қастарына көшіп келіп қоныстаған дін бауырларын сүйеді, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбің болмайды. Сондай-ақ өздері таршылықта бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Кімде-кім нәпсісінің қалауы мен құмартуларынан аса алса, солар нағыз құтылушылар. Олардан кейін келгендер: “Ей, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман еткен бауырларымызды кешіре гөр! Иман келтіргендерге жүрегімізде кек ұялатпа! Раббымыз, шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің” – дейді” (Хашыр, 9-10)[2].
Міне, муһажирлер мен ансарлардың адамды тәнті қылып, үлгі боларлық шынайы достықтары!
Сахабалардың батырлығы мен өжеттілігі жайлы:
“Оларға адамдар:- Дұшпандарыңыз сіздерге қарсы қол жинады, қорқыңдар!- дегенде, бұл сөз керісінше олардың имандарын күшейте түсті де: - Алла бізге жетіп асады. Ол нендей жақсы дос”– деді” (Әли Имран, 173).
Бұл аяттар сахабаның Алла Тағаланың назарында қаншалықты құрметті екендігін көрсетумен қатар, кейінгі нәсілге солардың жолымен жүріп, Исламның әмірлеріне сахабалар сияқты мойынсұнып, сол жолдың ыстығына күйіп, суығына тоңудың маңыздылығын көрсетеді. Сахабаларға байланысты бұлардан басқа мына аяттарды да қараңыз: Тәубә, 20; Бақара, 218; Хашыр, 9; Әнфал, 74, т.б.