Достық дәнегі

Достық дәнегі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Достық. Ауладағы баланың достығы велосипедін тебуге беру немесе балмұздағын бөлісумен өлшенеді. Мектеп қабырғасында сабаққа көмегің тисе немесе білегің мықты болса айналаңда «достарың» болады. Ал, студенттік жылдары тапқан достың жөні бөлек. Әр кездің досқа қояр талабы әр қилы. Бала күннен мықты «тамыр» боп, бала-шағалы болғанда да достықтарына берік болып қалғандар да баршылық. Дегенмен, жалғыз досың болса да шынайы болғанға не жетсін. Дос бола білу адамның ең асыл қасиеттерінің бірі болса керек.

Әнас бин Маликтің (р.а.) әңгімесі: «Бір кісі Алла елшісіне (ﷺ) келіп: «Қиямет қашан?», - деп сұрады. Пайғамбар (ﷺ): «Қияметке не әзірлігің бар?»,-  депті. Ол: «Ешбір әзірлігім жоқ. Алайда, мен Алланы және Оның елшісін жақсы көремін»,-  дейді. Пайғамбар (ﷺ): «Сен жақсы көргендеріңмен бірге боласың» деді. Әнас (р.а.): «Алла елшісінің (ﷺ) «Сен жақсы көргендеріңмен бірге боласың» деген сөзіне қуанғандай ешнәрсеге қуанбаған едік. Мен Пайғамбарды (ﷺ), Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көремін. Оларға деген сүйіспеншілігім себепті олармен бірге боламын деп үміт етемін[1]», - деген екен. 

«Дос — ажарың, жолдас — базарың,
Азаматпен дос бол, қадіріңді біледі», - дегендей, үнемі қасиеті өзіңнен жоғары азаматтармен дос болғанға не жетсін! Дос сенен бір дүниелік пайда көруді мұрат етіп дос болмайды. Ол өмірлік жолда сенің қуанышмен қоса қайғыңа ортақтасатын, бір анадан тумасаң да бауырыңдай боп кеткен жан. Яхия бин Мұғаз (р.а.): «Алла разылығы үшін достықтың белгісі: саған жақсылық жасаса да немесе ренжітсе де артып-кемімейтін достық»,-деген екен. Шынайы достықтың негізгі өлшемдерін ретінде Құран және хадисте мына қасиеттерді айтқан екен:

1.Достығыңды білдіру.

Алла разылығы үшін жақсы көрген адамға, достығыңызды білдіру. Өйткені, хадисте: «Сендердің бірің бауырын жақсы көрсе, оған сүйіспеншілігін білдірсін[2]», - делінген.

2.Сәлем беру.

Сәлемдескенде бірінші боп амандасу және қол алысу. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер кәміл иман етпейінше жәннатқа кірмейсіздер. Бір-біріңді жақсы көрмейінше кәміл иманды болмайсыңдар. Егер істесеңдер араларыңда сүйіспеншілік пайда болатын амалды көрсетейін бе? Өзара сәлемді дауыстап беріңдер[3]», - деген.

3.Сый-сияпат жасау.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бір-біріңе сыйлық беріп тұрыңдар, бір-біріңе сүйіспеншілік пайда болады[4]», - деген өсиеті мереке мен қуанышты сәттерде шын көңілден берілген ұсақ-түйек сыйлықтың өзі адамға ерекше әсер етеді.

4.Қонаққа шақыру.

Хадисте: «Ара-кідік қонаққа бар, сүйіспеншілігің артады[5]», - деп айтылған. «Жақсымен өткен жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей», - демекші, парасатты доспен дастарқан басында әңгіме-дүкен құру ғанибет.

5.Достықта орта жолды ұстану.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жақсы көрген адамыңмен орташа мәміледе бол. Күндердің-күні жақтырмайтын адамыңа айналар. Жақтырмайтын адамға орташа мәміле ет. Күндердің күні досыңа айналар[6]», - дейді. Иә, әр нәрсенің өлшемі мен шегі бар. Шегі мен өлшемін білген адам қажетті орта тұсын ұстай алады.

6.Имандылықта және ізгілікте қолдау, күнә мен жаман істен сақтау.

Құран Кәрімде: «Иман келтірген әрі ізгі іс істегендердің көңілін Алла шынайы сүйспеншілікке бөлейді[7]». Әбу Бәкір Кердери: «Дос болмас сыртта жүріп мақтамаса, бірін-бірі жамаңдықтан сақтамаса» дегендей, расында, иманды досқа не жетсін!

Көне нақылдың бірі «досың кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын», - дейді. «Досы көпті жау алмайды», - деп айтылғандай, досыңыз көп, жауыңыз жоқ болсын! 

Руслан ҚАМБАРОВ,
исламтанушы
 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: