Жүректер Алланы еске алумен жай табады

Жүректер Алланы еске алумен жай табады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бізді Өзіне ғана құлшылық етуіміз үшін жаратқан Алла Тағалаға шексіз мақтаулар болсын. Расында, мақтауға Алладан басқа ешкім лайықты емес. Үмметтің жанашыры пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын.

Әрбір мұсылманның есімі Алла Тағаланың құзырында зікір етілуі жүрекке қуаныш сыйлайды. Бұл қуанышты сезінуіміз үшін Алланы жиі еске алуымыз маңызды.  Алла Тағала кітабымыз Құранда: «Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар», деп  ашық баян етеді. (Бақара, 152). Алла Тағала осы аятта Өзі жаратқан, әрі өмір мен ризық берген пенделеріне: «Мені еске алыңдар», деп әмір етуде. Сонда Алла әлсіз пенделерінің зікір етуіне мұқтаж ба? Жоқ, әсте олай емес. Алла Тағала ешкімге де, ешнәрсеге де мұқтаж емес әрі бүкіл мұқтаждықтан пәк. Керісінше, барлық мұқтаждық пенделерге тән. Бұл аяттағы әмір пенделердің жақсылыққа жетулері үшін. Олар Алланы еске алу арқылы өздерін Алла Тағаланың еске алуындағы мәртебеге қол жеткізеді. Дегенмен, Алланың пендесін еске алуы мен пенденің Алланы еске алуында үлкен айырмашылық бар. Құдси хадисте Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Алла Тағала айтады:  Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын. Ол Мені еске алса, онымен біргемін. Құлым Мені жеке еске алса, оны жеке еске аламын. Егер Мені  жамағаттың арасында еске алса, Мен оны одан хайырлы болған жамағат  арасында еске аламын. (яғни, Өзіне жақын болған періштелер арасында)», деген. (Бұхари және Мүслим риуаяты). Демек, жоғарыдағы аят-хадиске көңіл бөліп қарайтын болсақ, Алланың құзырында еске алынуымыз үшін алғашқы қадамды өзіміз жасаудың  қажеттілігі айтылуда.  Яғни, біз Алланы қашан еске алсақ, сол уақытта  Алла да бізді еске алады. Сондай-ақ, Алланы жиі еске алу арқылы адамның жаны жадырап, Оған деген махаббаты артып, жүрегі жай табады. Бұған дәлел Құран Кәрімде:«Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»,  деп баян етілген. (Рағыд, 28). Себебі, иман келтіргендер Алланы зікір еткенде ғана жүректері Алламен  байланыста болатындығын сезінеді. Сонымен қатар, дүниедегі барлық жаратылыс Оның бақылауында екендігін, Алладан өзгенің қолынан ешнәрсе келмейтіндігін әрі екі дүниенің бақыты Жалғыз Оның ғана қалауында екендігін жақсы біледі. Осыдан кейін Алла Тағаланы еске алу арқылы жүректер қалайша жай таппасын?!  Тағы бір аятта Алла Тағала: «Ей иман келтіргендер, Алланы көп еске алыңдар. Әрі ертелі-кеш Оны пәктеңдер»,деп әмір етеді. Адам баласы Алланы зікір ету арқылы жоғарыда айтылған мәртебеге ие болып қана қоймай, олар Алланың әзірлеген кешірімі мен ұлы сыйлығына қол жеткізеді. Бұған байланысты Құранда Алла Тағала: «Алланы көп зікір етуші ерлер мен зікір етуші әйелдер үшін Алла Тағала кешірім мен ұлы сыйлық әзірледі», деп Өзін көп еске алғандарды сүйіншілейді. Әлбетте, Алланы зікір етушілер мен зікір етпеушілер тең бола алмайды.  Әбу Мұсадан р.а. жеткен хадисте Алла елшісі оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын Алланы еске алушылар мен Оны еске алмаушылардың мысалын былай деп келтіреді:«Алланы зікір етушілер мен Оны зікір етпейтіндердің мысалы тірі мен өліге ұқсайды». Алланы ұмытқандар жайында Құранда: «Сондай  Алланы ұмытқан, Алла оларға өздерін ұмыттырған кісілер секілді болмаңдар. Міне солар бұзақылыр», деп баян етіледі. (Хашр, 19).     

Алланы еске алушылар үшін нендей жақсылықтар жазылып, күнәлары кешіріледі. Мына бір хадистен Алланың құлдарына деген сүйіспеншілігінің зор екендігін аңғаруға болады. Пайғамбарымыз оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын хадисінде: «Кім бір күнде жүз мәрте «Ләә иләәһә иллаллаһу уәхдәһу ләә шәрийкә ләһу ләһул мулку уә ләһул хәмду уә һуә ғәләә кулли шәйъин қодийр», десе, ол он құлды азат еткендей болады, оған жүз жақсылық жазылады және оның жүз күнәсі кешіріледі. Бұл оған сол күнгі шайтанға қорғаныш болады. Осы жағдай кешке дейін жалғасады. Бұны содан көбірек жасаған кісіден басқа ешкім ол келтіргеннен абзалырақ нәрсе клтіре алмайды. Кім бір күнде жүз рет «Субханаллаһи уә бихәмдиһи», десе, оның қателері тіпті теңіз көбігіндей көп болса да өшіріледі», деген. Алланы зікір етудің басқа да жемістері:

 - Зікір Алланы риза етеді.

- Зікір жәннаттың егіні.

- Зікір қайғыны кетіреді.

- Зікір жүректі және денені қуаттандырады.

- Зікір жүрек пен жүзді нұрландырады.

- Зікір Алланың азабынан құтқарады.

- Зікір ең жеңіл әрі абзал құлшылық.

- Зікір жүректің шипасы.

- Зікір етушілерді Алла Тағала періштелерге мақтан етеді.

Алланы ұмытқан, Алла оларды ұмытқан құлдар секілді болуымыздан Алланың Өзі сақтасын. Әмин! 

Әбдіжәміл ОРАЗЫМБЕТОВ,

Республикалық имамдардың білімін

жетілдіру Ислам институтының ұстазы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: