Ертеңімізге не әзірледік?

Ертеңімізге не әзірледік?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл дүние сынақ дәрісханасы екендігі бәрімізге мәлім. Бұл дәрісханада Хақ Тағала бізді пайғамбарларымен, киелі жазбалары мен кітаптарымен, ғаламдағы Өз ұлылығынң көріністерімен және иләһи шеберліктің кереметтерімен күндіз-түні бізді тура жолға шақырады. Бұл шақырудың мақсаты адам баласының қайтадан Жәннәтқа оралуына бағытталған. Ол үшін ұлы қауышу жолында бәрінен бұрын нәпсіміз бен ібілістің аяқтан шалатын кедергілерін бұзып өтуіміз керек.

Алла Тағаланың Құран Кәрімде бізге жеткізгісі келетін ақиқаттардың өзегі осы. Сондықтан да Құран мен Нәбәуи Сүннеттің сөздеріне құлақ асып, құлақ асып қана қоймай, оларды іс жүзінде орындауға кірісуіміз шарт. Тек сонда ғана ақырзаман қарсаңы келешекке азық дайыдайтын қырман халіне келеді. Себебі бұл фәниден кейін бізді күтіп тұрған шынайы келешек осы дүниенің қырманында әзірленеді.

Раббымыз осыған меңзейтін аяттарына былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және бәрің ертеңге не әзірлегендеріңе көз салыңдар» (Хашр сүресі, 18-аят).

ӨТЕ ШЫҚПАЙТЫН БІР ҒАНА «ЕРТЕҢ» БАР

Бәрімізге белгілі, бұл дүниедегі барлық ертеңдер бүгінгі күнге ғана қатысты ертең деп аталады. Ертең деген күніміздің бәрі бір күні уақыты келген кезде кеше деген атқа ие болады. Бірақ бізді алдымызда сондай бір күн күтіп тұр. Ол күніміз дүниелік түсініктегі ертең емес, жалғыз шынайы ертең, еш таусылмайтын мәңгі күн. Яғни ахірет. Біздің шынайы болашағымыз сол болашақ ертеңімізде айқындалмақ. Ол күні бізге осы дүниедегі, тіршілігіміздегі жазылған таспамыз түгелімен көрсетіліп, Хақ Тағала бізге: «Кітабыңды оқы! Бүгін сенен есеп алуға өз ұжданың да жетіп, артылады», – дейтін болады. (Исра сүресі, 14-аят)

Сол себепті де өміріміздің негізгі дерті сол ертеңде табыста болу үшін мәңгілік келешегімізге ең көркем түрде дайындық жасау болуы керек.

Өйткені қиямет күніне дайындықсыз барғандарға ол күн өте қорқынышты әрі жан түршіктірерлік болмақ. Хақ Тағаланың білдіруі бойынша ол күн өте қиын күн болады. Бірақ оның қиындығы мен барлық қорқынышы ол күнге дайындықсыз, ғапыл түрде барғандар үшін болады. Бұл сынақ әлемінде басымызға сәл ғана қауіп төнсе үрейленіп кетеміз. Кішкене бір жер сілкінсе, кішкене бір сел басса, қаттырақ дауыл соқса жанымыз шүберектің ұшына түйіліп, жүрегіміз аузымызға келіп, қорқамыз. Өйткені жанымыз тым тәтті. Бірақ біле-білгенге қорқыныштардан құтылудың бір ғана жолы бар – ең қорқынышты ұлы күнге толық дайындық жасау. Өйткені бұл дүниеде де, қабірде де, қияметте де қашып, бас сауғалайтын жер жоқ. Сол себепті Ұлы Алла Тағала өз қамқорлығының панасын паналауға шақырады.

«Аллаға асығыңдар..» (Зарият сүресі, 50-аят) Аллаға асығудың уақыты осы дүниеде, оны өткізіп алсақ орны толмас өкінішке тап боламыз. Өйткені өткен уақыт қайтарып алынбайды.

ӨМІР ӨЗЕНІ ҚИЯМЕТКЕ ҚАРАЙ АҒЫП БАРАДЫ

Ағысы жылдам өмір өзені кері қарай ақпақ емес. Ағыс тек алдыға ғана. Соны түсінгеніміздіқалайтын Ұлы Раббымыз бізді әрбір аятымен тәфәккурге және ойлануға шақырады. Біздің бойымызданкөргісі келетін сипаттарды қиямет таразысымен тарта отырып талап етеді және сол сипаттарға қолжеткізген құлдарының маңызды бір ерекшелігін хабар береді:

«Ол құлдарым қорқынышы барлық жерді жайлайтын сол күннен қорқып, берген уәделерінорындап жүреді» (Инсан сүресі, 7-аят)

ҚИЯМЕТТІҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ САХНАСЫ

Қиямет жайындағы аяттар сан алуан. Кейбір аяттар қуантады, кейбірі қорқытады. Мысалы, қияметтің үрейлі сахналарын сипаттайтын аяттардың бірі:

«Сол күні кітап томарларын түргендей етіп аспанды түретін боламыз» (Әнбия сүресі, 104-аят)

Түрілген көкті көз алдымызға елестетіп көрейік. Шексіз мұхиттай көк жүзі. Онда қанша жұлдыз бар, санына жете алмаймыз. Егер есептесек, сандарымыз таусылып, жетпей қалады. Теңізде, шөлдердеқанша құм данасы болса соншалықты жұлдыз бар, галактикалар бар. Сол күні соның бәрі бір кітаптың парағы, қағазы мыжылып түрілгендей болып түріледі. Алла Тағала бізге қазірден бастап білдіріп жатыр, адамдар ол күннің қадір-қасиетін жете түсінсін, келешектеріне дайындалсын деп. Ғапылдық пен жалқаулықтан арылып, құлшылықтарында жігерлі және ынталы болулары керек. Әйтпесе ол күн басымызға туғанда бәрі де кеш болады. Ол күні қанша өкінсек те пайда бермейді. Ол күні ғалам сілкінетін сілкініс болады. Оның үрейлілігі соншалық, аяттарда:

«Оны көрген кездеріңде емізулі әйел емізген нәрестесін ұмытып, жүктілердің бәрі балаларын түсіреді. Адамдардың мас күйде теңселгендігін көресің. Олар негізінде мас емес, бірақ Алланың азабы тым қатты». (Хаж сүресі, 2-аят)

«Жарайды, қасарысатын болсаңдар, сәбилерді ақ шашты қарияларға айналдыратын сол қияметтің күнінен өздеріңді қалай құтқармақсыңдар?» - деп ескертіледі. (Мүззәммил сүресі, 17-аят)

Біз бұл өмірде ешбір сәбидің қорыққанынан шашы ағарып, қарияға айналғандығын көрмедік. Бірақ ол күні солай болатынын, сәбилердің шашын ағартып, жүктілердің баласын түсіретін сақына болатынын Раббымыз ескертуде.

Алайда...

АЛЛА ДОСТАРЫНА ҚОРҚЫНЫШ ЖОҚ!

Жүректерді көмейге әкеліп, әлемдерді қопарып тастайтын қияметтің күніндегі қорқыныштың дәмін татпаудың, оның орасан апаттарынан қорғанудың жолы бар.

Ол қандай жол?

Әрине, сол күннің жалғыз Патшасы Алла Тағаланың достығына жету арқылы. Өйткені Хақ Тағала«Біліп қойыңдар, Алланың достарына мүлде қорқу жоқ, олар қайғырмайды да» - деп сүйіншілейді. (Юнус сүресі, 62-аят)

Ал Аллаға дос болу мәртебесіне жету үшін Құрандағы иләһи үгіт-насихаттарға құлақ асып, оның тәрбиесіне бағынып ғұмыр кешу шарт. Бұған жетелейтін жалғыз жол – махаббат, махаббат және махаббат... Өйткені Оған деген махаббатымыз қаншалықты болса, бойсұнуымыз бен құлшылығымыз да соншалықты қуатты және тірі болмақ. Яғни, махаббатсыз болмайды. Өйткені ең қиын ғибадаттарды оңайластырып, ең ауыр қиыншылықтардың ащы дәмін сездірмейтін эликсир – махаббат. Ал егер толқыған, тебіренткен махаббат болса, адамды басынан аяғына дейін абырой мен береке бағына айналдырып жібере алады.

Міне, сондай махаббаттың өшпес көрінісі –

ЖАНЫҢНАН ҚИЫП БЕРУ

Хазіреті Әли радияллаһү анһү бір күні түнімен құрма алқабын суарып, соның ақысына біраз арпа алады. Фатима анамыз арпаның бір бөлігін үгітіп, ұн жасап, одан тамақ әзірлейді. Тура ауыз ашатын кезде есікке бір пақыр келіп:

«лилләһ!» - деді. «Құдай үшін маған жейтін бірдеңе беріңдерші! » - дейді. Ол екі ақ көңіл жандар өздері аш бола тұра пісірген астарын сол күйі пақырға беріп жібереді. Екінші күні Фатима анамыз сол арпаның тағы бір бөлігін үгітіп, ас әзірлейді. Тағы да дәл ауызашар уақытында есікке жетім бала келеді. Ол да:

«Алла үшін, бір үзім!» - деп өтінеді.

Тағы да өздеріне ештеңе қалдырмай түгел беріп жібереді. Фатима анамыз үшінші күні арпаның ең соңғы қалдығын үгітіп, пісіреді. Тағы да ауызашар сәтте бір тұтқын есікке келеді. Қатты ашыққан екен. Риуаяттардың айтуынша ол мұсылман да емес, христиан адам екен. Ол да:

«Алла үшін беріңдерші!» - дейді.

Тағы да өздері жемей соған беріп жібереді. Ауыздарын сумен ашады. Үш күн қатарынан өздері аш бола тұра есіктеріне үмітпен келген мұқтаждарды тойдыруды өз бастарының қамынан артық көрді.

Міне, Алла пен Пайғамбарына деген махаббаттың тамаша үлгісі. Ықылас пен тақуалықтың көрінісі. Исардың шыңы. Бұндай адалдықты Жаратқан Иеміз қаншалықты бағалайтынын киелі аяттарымен білдірген:

«Олар өз жандары қалап тұрса да, тамағын пақырға, жетім мен тұтқынға береді» (Инсансүресі, 8-аят)

Бұл аяттар бізге хақ Тағалаға ағалаға «лилләһ!» сырының байыбына барып, қалай құлшылық етуіміз керектігін үйретеді. Аллаға деген махаббатты көрсетіп отыр. Сондай-ақ Фатима анамыз бен Хазіреті Әлидің мейірімінің кеңдігі мен жомарттығының шексіздігінің бағасы қандай екендігін білдіреді. Мұны айта отырып Алла Тағаладәл сондай қасиеттерді біздің де бойымыздан көргісі келетіндігін білдіреді.

ИНФӘҚТАҒЫ ЕҢ КӨРКЕМ ӘДЕП – «ЛИЛЛӘҺ!»

Раббымыз бізді адам етіп жаратты. Жаратқандарының ішіндегі ең абыройлысы етті. Жер бетіндегі Өзінің өкілі етіп тағайындады. Исламмен және иманмен қадір-қасиет берді. Хазіреті Мұхаммед Мұстафаға (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) үммет етті. Осыншама кеңшіліктің, нығметтің, сыйдың қадірі мен бағасын айтып жеткізу мүмкін емес.

Олай болса ең болмағанда шүкіршілікті дұрыстап атқару да өте маңызды. Әрбір алған демімізді шүкіршілік сезімімен алып, «лилләһ!»/ Алла үшін дегенде ешнәрсені аянып қалмауымыз керек. Ғибадатымыз, инфәғымыз «лилләһ!» болуы керек. Берген әрбір садақамыз, пақырға емес, Аллаға берілуі керек. Міне, сонда «Садақаларды Алла алады» (Тәубе сүресі, 104-аят). Раббымыз ішкі дүниемізді бізден артық біледі. Әлгі Хазіреті Әли мен Хазіреті Фатиманың кең пейілін де ішкі дүниелеріндегі кіршіксіздіктерімен бірге бағалаған болатын. Өйткені олардың көңілінде сол сәт тек қана «лилләһ!» деген ой бар еді. Беріп тұрып:

«Біз бұл асты Алла үшін ұсынып отырмыз. Сендерде рахмет айтуларыңды немесе бірдеңе қайтаруларыңды да күтпейміз», деді. (Инсан сүресі, 9-аят)

Олар ештеңеге алаңдаған жоқ. Тікелей Ұлы Аллаға ғана арнап бере салды. Өйткені хатты пошта қызметшісіне бергенімізбен, оның негізгі алушысы үстінде жазылған мекенжайдағы адам болады. Сондықтан да инфәқ етерде жүрек күйімізді дұрыс күйге келтіріп, делдалдар мен негізгі мақсатты шатастырмауымыз керек. Біздің алдымызда тұрған адам кім болса ол болсын, бергеніміз тікелей Аллаға қатысты әрекет. Сол себепті ниетіміз Алла үшін болса қабыл, басқа оймен болса далаға кетеді. Сахабалар мен Алла достары, міне, осы «лилләһ!» сезімімен өмір сүрген адамдар. Олар үнемі өз жанынан қиып басқаға беруді таңдаушы еді.

ЖЕТІМДЕРДІҢ ҚАЛЫ ҚАЛАЙ?

Бір күні Дәуіт Таидің шәкірті ұстазына ет пісіріп әкеледі. «Ұстаз! Сіз неше күннен бері ет жемей жүрсіз деп мынаны сізге арнап алып келдім - деп ұсынады.

Ол кісі етке бір, шәкіртіне бір, кезек-кезек парасатты дидарымен қарап тұрып:

– Балам-ау, әлгі жетімнің қалдары қалай? - деп сұрайды. Шәкірт:

– Тақсыр! Олар сол бәз баяғыдай, - деп жауап береді.

Сонда Хазіреті Дәуіт Таи былай деп жауап береді:

– Балақайым! Мен мына етті жесем, біраздан соң шығып кетеді. Әлгі екі жетімге апарсаң, Ұлы Құзырға қарай шығады».

Міне, исардың дәл өзі. Расулұллаһтай асылдың бойынан әулие пенделерге шағылысқан ахлақ ұшқындары.

Міне, Хазіреті Әли мен Фатима анамыздың «лилләһ!» сырынан алған үлгілері.. Міне, дүниелік пайдадан бас тартып, мәңгілік табысқа қарай һижрат еткен көңілдер.. Міне,

АҚИҚИ ҺИЖРЕТ ПЕН БАУЫРМАЛДЫҚ

Мүһәжірлердің Меккеден Мәдинаға жасаған һижреттерінен да «лилләһ!» хикметін көруге болады. Олар Меккеде барлық мүлігін тастап кетті. Барлығы да Мәдинаға тек жүректерінің қамы үшін һижрет етті. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды ансарлық мұсылмандармен бауыр етіп татуластырды. Ансардың бақшаларынан бірге құрма жинап, бөлісті. Базарды бөлісті, үйлерін бөлісті, көңілдерін түгелдей бөлісті. Тіпті бөлісу кезінде ансар білдірмей, мұхажир бауырларының қамын жасаушы еді. Мысалы, құрма бөлісетін кезде өз себеттерінің астына бірдеңе қойып, мұхажирлардың себетіне көбірек құрма сыйдырушы еді. Бұл екі топтың екеуі де «лилләһ!» деген жандар еді.

БЕРГЕН АЛҒАНҒА АЛҒЫС АЙТСЫН!

Сахаба мәртебесін алған бақытты жандар қияметке ерекше әзірленген адамдар еді. Аяттарда айтылғандай, ауыздарында мына сөз болушы еді:

«Біз бұл үшін ақы немесе алғыс күтпейміз. Шынында біз өте қиын және үрейлі күнде Раббымыздан қорқамыз». (Инсан сүресі, 9-10 аяттар)

Алла Расулінің (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ерекше тәрбиесін көрген ол кісілер қиямет күнінің азабынан қорқып, сол оймен ғұмыр кешетін. Біреуге бір көмек көрсетсе, оның нәтижесін ахіретте көруді ғана көздейтін еді. Өйткені бар ойлары Алланың ризалығын іздеп табу болатын. Сондықтан да істеген жақсылықтарына алғыс күту былай тұрсын, керек десең өздері алғыс айтатын. Осы ой туралы Хазіреті Әбул-Ләйс Самарқанди:

«Берген алғанға алғыс сезімінде болуы керек. Өйткені алғанның нәсібі дүниелік қажетінің өтелуі, ал бергеннің нәсібі ахіреттегі мәңгілік нығметтер мен Алланың ризалығы болмақ. Сонда берген қолға пайда келеді. Сондықтан да алғанға рахмет айту керек» - деп айтқан.

Ол үшін қальбү сәлим иесі болу керек.

Біздің ертеңгі жалғыз шынайы байлығымыз тек қана сол болмақ. Аятта былай келтірілген:

«Ол күні малдың, баланың көптігі пайда бермейді! Тек тап-таза жүрекпен келгендерге ғана!..» (Шұғара сүресі, 88-89 аяттар)

Қальбү сәлимнің үш қасиеті бар:

1) Режітпеу,

2) Ренжімеу, Алла ризалығы үшін кешіру,

3) Істеген жақсылығыңа алғыс күтпеу, сауабын Алладан күту.

Осы үш сипатты бойына сіңіргендер үшін

АҚЫРЕТТЕГІ ТАБЫС АРТЫҒЫРАҚ

Алла Тағала тек Өз разылығы үшін берудің ахіреттегі пайдасын сүйіншілейді:

«Сондықтан да Алла оларды сол күннің жаманшылығынан сақтайды, олардың жүзіне нұр мен қуаныш сыйлайды» (Инсан сүресі, 11-аят)

«Міне, істеген-дерің сыйға лайық болды бұл сендердің істегендеріңнің сыйы”, - делінеді»(Инсан сүресі, 21-22 аяттар)

ҮНЕМІ «ЛИЛЛӘҺ!»

Үнемі «лилләһ!» сезімімен жүру дегеніміз, тек біреуді тойдыратын кезде ғана емес, әрбір сәтте осы сезімді жүректе сақтап жүру деген сөз. Оның ішіне мүмин бауырыңа сүйеу болып, оның қажеттелігін бірге көтеру де бар. Оған білгеніңді үйрету де бар. Оған күлімдеп қарау да бар. Онымен бірге жылау да бар, оны қателік жасаудан сақтап қалу да бар...

Негізінде Алла деп соққан жүректің Алла үшін махаббаты мен құрметін көрсету мүмкіндігін жіберіп алуы мүмкін емес. Бұл жолда тұяқ қимылдатпай қалады деу де мүмкін емес. Қызметтен ада болады деу де мүмкін емес.

Мұнда да мейірімділік өте маңызды. Өйткені

ЖАНЫ АШИТЫНДАР ЖОМАРТ БОЛАДЫ

Біреуге біреудің жаны ашуы – Алланың берген үлкен сыйы. Алла Тағаланың Құран Кәрімде ең көп қайталанатын есімінің бірі «Рахман» есімі. Себебі жомарттық мейірімнің жемісі. Жаны ашығандар ғана жомарт бола алады, жақсы істер істей алады. Ұмытпайық, Хақ Тағала қаласа барлығымызды теңдей етіп жарата алар еді. Бірақ Хикмет Дариясы Ұлы Раббымыз барлығын бір-біріне мұқтаж етіп жаратты. Мүгедек, зағип, саңырау, мылқау жандар бар. Бір ағзасы кем туылғандар бар. Алла неге оларды солай жаратты да, сені сау жаратты? Сені солай етіп жаратып, оны сау жаратуына болар еді. Демек, оның мұқтаждығын сенің мойныңа аманат етіп тапсырды.

ТАНЫМАЙТЫН ДАУШЫЛАР

Адамдар арасындағы мұқтаждық халдерін тек сыртқы көрінісімен емес, рухани жағымен де қарастыруымыз керек. Яғни рухани соқыр, рухани керең және рухани мүгедектерге жәрдем етуіміз, бәлкім, одан да маңыздырақ іс болып табылатын шығар.

Себебі Әбу Һұрайра (радияллаһу анһу) айтады:

«(Сахабадан былай деп) естуші едік: Қияметтің күнінде бір кісінің жағасына мүлдем танымайтын біреу келіп жармасады Әлгі адам таңырқап:

– Менен не сұрайсың? Мен сені танымаймын! - дейді.

Жағасына жабысқан адам былай дейді:

– Дүниеде менің қате ісиер мен жиіркенішті істер істеп жүргенімді көретін едің, бірақ тоқтатпадың. Мені сол жаманшылығымнан құтқармадың». (Музири, әт-Тәрғиб уәт-Тәрһиб, ІІ-том, 164-б. 3506).

Қиямет күні бізден осылай даулап келетін адамдардың көбейіп кетпеуі үшін қиямет дайындығымыздың ішінде әмр бил-мағруфты, яғни жақсылыққа шақыру міндетін қатар ала жүруіміз өте маңызды. Өйткені жер мен көктегінің бәрі бізге аманат. Науқастар да бізге аманат, ешкімі жоқтар да бізге аманат, пақырлар да аманат. Құрт-құмырсқа да бізге аманат. Бізге дін аманат, отанымыз аманат. Өзіміз де өзімізге аманатпыз.Олай болса, біздің міндетіміз – аманатқа ие болу және қияметке барлық аманатты аман-есен жеткізіп, табыстау. Жүрек атты аманатты тап-таза күйде апару. Міне, сонда ғана соңы жоқ келешек, шынайы келешек біздікі болмақ.

Алла Тағала біздерді дерттілердің дертіне ортақ қылып, өз дертімізден айықтырсын. Бүгін имандарын жоғалтып, жолсыз соқпаққа кіріп адасқан шарасыздарға шара болуымызды нәсіп етсін. Әмин

Рахмет самалы журналы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: