Ғайбат - ізгі амалдарды жояды.

Ғайбат - ізгі амалдарды жояды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сапарға шыққанда жағдайы төмен сахабаны екі бай кісіге серік етіп қосады екен. Осылайша, əл-ауқатты екі кісі кедейдің ас-суын мойнына алса, кедей ол екеуіне қонатын жерін қамдап көмектесетін көрінеді.

Бір жолы пайғамбар (ﷺ) екі бай кісіге Салман Фарсиді серік етіп қосады. Жол үстінде екеуі Салманға: «пайғамбарға барып нанға жағып жейтін артық нəрсесі болса сұрашы» деп жіберді. Салман шығып кеткенде артынша əлгі екеуі: «Бұл пəлен құдыққа баратын болса, суы азайып кететін болар», - деп кемсітеді. Сахаба Салман жетіп барғанша Алла елшісі əлгілердің əңгімесін уахи арқылы біліп: «Ол екеуіне «Сендер астарыңды жеп қойдыңдар» деп айт», - дейді. Екі бай келіп:

– Біз ешнəрсе жегеніміз жоқ» дейді .
– Сендердің ауыздарыңнан еттің қызыл түсін көріп тұрмын, – деді пайғамбар (ﷺ).
– Бізде жейтін ешнəрсе жоқ. Бүгіндікке ешнəрсе жеген жоқпыз, – десті.
– Сендер өз бауырларыңды ғайбат еттіңдер. Өлексе етті жеуді ұнатасыңдар ма?, – деді.
– Жоқ, – деді олар.
– Өлген дененің етін жегенді жек көретін болсаңдар, ғайбат етуші болмаңдар. Кімде-кім бауырын ғайбаттайтын болса, ол оның етін жегені, – деп: «...Əрбірің өзгелеріңнің сыртынан ғайбаттамасын. Сендерден біреу өлген бауырының етін жеуді ұната ма? Əрине, сендер оны жек көресіңдер...», - деген аятын оқыды.

Қоғамда тез тарайтын дерттің бірі – осы. Бұған адамның бойы тез үйреніп кетеді. Кейде, ғайбатты кəдімгі диалог ретінде де қабылдап кету кездері көптеп кездеседі. Бұл дерт тек көшедегі қарапайым адамдар арасында емес, кабинетте отыратын мекеме басшыларының да ішіне дендеп кеткен. Əбу Һурайра (р.а.): «Сендердің бірің бауырының көзіндегі тозаңды көрсе де, өз көзіндегі томарды байқамайды», -дегендей, ғайбат – адамның дене-бітімі, ата-тегі, мінез-құлқы, іс-əрекеті мен сөйлеген сөзіндегі тіпті, киім-кешегі, үй-жайы мен ат-көлігіне қатысты кісінің сыртынан айтылған сөздер.

Əбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (ﷺ) ғайбаттың не еке нін біле- сіңдер ме?» деді. Адамдар: «Алла жəне Оның елшісі жақсырақ біледі», - деді. Пай ғам бар (ﷺ): «Бауырың жайлы ол жақ тыр майтын тұсын сөз етуің», -деді. Біреу: «Менің айтқаным бауырымның бойында болса ше?», - деп еді, пайғамбар (ﷺ): «Егер оның бойында болса, оны ғайбаттағаның, ал болмаса, оған жала жапқаның» деді. Мəселен, арық немесе семіз десе, тегінде бай болмаған кедей деп айтса, ол тым қорқақ, өте тəкаппар мінезді, жұмысын нашар істейді десе, киімі тозған десе, үйі тозған, көлігі ескі десе – мұның барлығы да ғайбат. Сонымен бірге, ғайбат тек сөзбен шектелмейді. Адам ым-ишарамен, көзінің қиығымен, қасымен белгі беріп те ғайбат етуі мүмкін. Айша (р.а.) анамыз: «Біздің үйге бір əйел келді. Əйел шығып кеткенде қолыммен оның бойы қысқа екенін көрсеттім. Сонда пайғамбар (ﷺ): «Əйелді ғайбаттадың», - деген еді», - дейді. 

ҒАЙБАТҚА СЕБЕП БОЛАТЫН ЖАЙТТАР

Имам ғазали: «Біле жүр! Анығында, ғайбатқа көп нəрсе түрткі болады. Оларды он бір басты себепке топтастыруға болады. Оның сегізі жалпы көпшілікке қатысты болса, үшеуі діндар адамдарға қатысты», - дейді.

Бірінші: ашуды басу. Біреуге ашулану салдарынан өзін жұбату үшін адамның жаман тұстарын айта бастайды. Осылайша, өзінің ашу-ызасын басқандай боп қалады. Салдарынан, оған деген кекшілдік пайда боп, адамның жаман əдетіне айналады. Кекшілдік пен ашу-ыза ғайбатты тудыратын ең басты себептер;

Екінші: жора-жолдастың көңілі. Дастарқан басында немесе жай əңгіме-дүкен үстінде біреуді əзіл-қалжың үшін тілдеп жатса, достарымен бірге екенін көрсетейін деп əңгімелеріне ортақтасу. Жолдастарының бұл əрекеті жөн емес екенін айтуға батылы бармау, олардың жалған көңілін жоғары қою; 

Үшінші: күдіктену. Біреу көпшіліктің алдында тілімен балағаттауы ықтимал деген жорамалмен оның алдын алып, əлігі адамды жермен-жексен ету; 

Төртінші: өзін ақтап алу. Бір айыпты істе өзінің қатысы жоқтығы айта келе, кінəліні табуға əрекеттену;

Бесінші: жасандылық. Адамдардың көзінше өзінің мерейін асыру үшін: «Пəленше надан, түсінігі таяз, сөзі мардымсыз», - деп біреуді кемсіту арқылы өзін ақылды, сөзі мен ісі пысық екенін жеткізуге тырысып бағуы;

Алтыншы: көреалмаушылық. Жұрт мақтап, жақтаған адамға деген көреалмаушылық кесірінен тырнақ астынан кір іздеп, жақсының абыройын төгемін деп ғайбаттайды. Көреалмаушылық-кектену жəне ашуланудан бөлек. Көреалмаушылық достан да, жақсы жолдастан да тууы мүмкін;

Жетінші: ойын-сауық. Уақытты көңілді жəне шаттықты өткіземін деп тым артық кетіп, біреуді күлкіге айналдыру;

Сегізінші: мазақтау. Жақтырмаған адамын, менсінбеген кісіні ұнатпағандығын білдіру үшін тілдеу. Хадисте: «Ей, тілі иман етсе де жүректері иман етпегендер! Мұсылмандарды ғайбаттамаңдар, олардың əлсіз тұсын іздеуші болмаңдар. Кімде-кім бауырының осал тұсын іздесе, Алла оның осал жерін іздейді. Ал, Алла оның əлсіз жерін іздейтін болса, үйінде отырып-ақ масқарасы шығады», - делінген. 

ҒАЙБАТТАН АРЫЛУ ЖОЛЫ

Имам Ғазали: «Кез келген жаман мінез-құлық пен əдет білім жəне амал қоспасынан жасалған емдікпен шипасын табады», - дейді. Барлық дерттің емі ең əуелі оның шығу себебін анықтаудан басталады. Тілді ғайбаттан тазартудың екі жолы бар. Бірі, жалпы, екіншісі арнайы.

Жалпы: Ғайбат Алланың ашу-қаһарын шақырады. Күн-түні демей тынбай жасаған құлшылығымен тірнектеп жинаған сауап-амалдарын еш қылатын кесір – ғайбат. Қиямет күні адам барлық ізгі амалдарының сауабынан ғайбат еткендігі себепті айырылады. Ақыры соңы, ғайбат себепті тозаққа түсуі мүмкін. Міне, осыны жіті түсінген адам тілін тиып, пендені емес, Жаратушыны еске алады. Сонда, ғайбаттың орнына адам көңілінде ғибрат, күнə орнына сауап пайда болады. Пайғамбар (ﷺ): «Адамдардың айыбы мен мінімен емес, өз айыбын түзетумен айналысқан адамға жəннат болсын» деген екен. Расында, əр адамның өз бойындағы міні жетіп артылады. «Құлап жатып, сүрінгенге күлгенше», адам өзінің кемшіліктерін түзетіп, жаман əдетінен арылғаны жақсы. 

ТҮЙІН

Əбу Һурайра (р.а.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат етпейді, өтірік айтып алдамайды жəне масқараламайды. Мұсылманның ар-намысы, мал-дүниесі жəне қаны мұсылман үшін харам (қол сұғуға тиым салынады). Тақуалық, міне, мұнда (жүректе). Адамның мұсылман бауырын қорлауы жамандық ретінде жетіп артылады», - деп ри- уаят еткен. Иə, «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады», - дегендей, айтылған сөз атылған оққа тең. Тіл түзелсе, ел түзеледі.

Руслан ҚАМБАРОВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: