Құран Кәрімде түс жору жайлы айтылған қиссалар бар. Мәселен, Жүсіп пайғамбардың (ғ.с.) Мысыр патшасының түсіндегі жеті семіз сиырды молшылық ал, жеті арық сиырды қуаңшылық жылдары деп жорығаны сияқты. Бұл қисса Жүсіп сүресінің 46-49 аяттарында баяндалған.
Хадисте: «Сендер жағымды түс көрсеңдер, ол Алла тағаладан. Алла тағалаға шүкіршілік айтып, көрген түстеріңді әңгімелеп беріңдер. Ал, ұнамайтын түс көрсеңдер, ол шайтаннан, көргеннің жамандығынан сақта деп Алла тағалаға жалбарыныңдар. Жаман түсті ешкімге айтпаңдар, өйткені сендерге оның ешбір зияны тимейді[1]», - деп айтылған.
Түс жору ілімі бар, алайда кең тараған емес. Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) түс жори алатын кісі болған. Тіпті, «Түс жору кітабын» жазған табиғин Мұхаммед бин Сирин Сыддық (р.а.) шаңырағында туған.
Әбу Бәкір Алла елшісінің (с.ғ.с.) түстерін жорып бергені жайлы риуаяттар бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бәкірге (р.а.): «Екеуіміз баспалдақпен көтеріліп барады екенбіз. Мен сенен екі баспалдақ ілгерілеп кетіппін»,-деп түсін айтқанда, Сыддық (р.а.): уа, Алла елшісі! Алла тағала сізді өз құзырына алып кетеді екен, ал мен сізден кейін екі жарым жыл өмір сүреді екенмін,- деген екен.
Алла елшісі (с.ғ.с.) көрген түстерін сахабаларға айтып, оны өзі жорып беретін. Өйткені, бұл – уахи. Пайғамбарлар (с.ғ.с.) түстері уахи боп келетіні Құраннан мәлім. Мәселен, Ибраһимге (ғ.с.) ұлы Исмаилді құран ету жайлы түсі. Бұл жайлы Саффат сүресінің 102-аятында айтылған. Әбу Сағид (р.а.) риуаят еткен хадис Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен ұйқыда екенмін. Кенет біреуінің киімі кеудесіне дейін, бірінікі одан төмен киім киген адамдарды көрдім. Сосын жанымнан Омар өтті. Ол киімін сүйретіп жүр екен, - деді. Тыңдап тұрғандар: сіз түсіңізді неге жорыдыңыз,- деп сұрағанда, пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол – дін», - деген екен.
Түстегі киім дінді білдіреді. Киім адамды күннің ыстығы мен суығынан қорғағаны сияқты, дін де адамды дүние және ақырет азабынан қорғайды. Түстегі киімнің сәнді және дұрыс болуы діннің кемелдігін көрсетеді екен.
Сахаба Абдулла бин Салам (р.а.) өзінің түс көргені туралы былай дейді: «Мен бір бау-бақшада екенмін, бау-бақшаның ортасында бағана бар екен, ал бағананың үстінде арқан. Біреу маған: шық,- деді. Мен: шыға алмаймын, деп едім, бір қызметші келіп киімімнен демеп жіберді. Мен шығып, әлігі арқанға қолым жетті. Байқап қарасам мен мықтап ұстап алыппын, осы түсімді пайғамбарға (с.ғ.с.) айтып бергенімде, Ол (с.а.у.) : Бау-бақша дегенің – Ислам. Бағана – исламның ұстындары (негіздері). Арқанды мықтап ұстанғаның – сен өмірден өткенше дінге берік боп өтеді екенсін,-деп жориды.
Көрген түсті тек ата-ана немесе туған бауыр сияқты жақын адамға яки болмаса ниеттес дос-жарандарға айтқан жөн. Ал, жаман түсті тіпті еске де алмаған дұрыс.
[1] Жамиъ усул ли ахадис расул, руиа уа амсал, 305-бет