АҚЫЛ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ақыл табиғаты

«Құран Кәрімдегі Хыжыр сүресінің 28-29 аяттарына назар салсақ, Аллаһу Тағала: «Бейнеленген қара балшықтың кеуіп, сыңғырлағанынан адам жаратамын», (28) - дей келе, «Оған жаратылысын тәмамдап, Рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар», (29) - деді.

 

Және Ағраф сүресінің 172 аятында: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да, өздеріне куә етіп, ­­- Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе? - (дегенде) олар, - Әрине куәміз, - деген». Ислам ғылымында бұл куәлікті дүниеге келетін бүкіл адам баласы рухтарының бір-біріне берген «Әлмисақ» уәдесі деген түсінік бар.

 

Жаратқан Ие қаншама заман өткеннен кейін Адам (ғ.с.) ұрпағының денесінен рухын шығарып сұрағанда, ол Раббысын танып, «Әрине куәміз» - деп жауап беріп тұр. Егер Рухта ақыл-ес болмаса, онда Раббысын қалай танымақ? Яғни ақыл жаратылысында рухпен бірге. Сондай-ақ, - «...Рухымнан үрлеген (жан салған) сәтте...» - деп айтылған аяттарда ақыл табиғатының да рухани екендігін және бастауын Раббының Өзінен алған асыл қазына екендігін дәлелдейді.

 

Негізі атеизмге құрылған бүгінгі медицина, ақылды ми жұмысының жемісі ретінде көрсетіп, физиологиялық тұрғыда түсіндіруде. Ақылың қайда? - деп сұрасаң, адамдардың көпшілігі басын көрсетеді.

 

Рас, ми - адам ағзасы ішіндегі ерекше орган. Алайда, анатомия ғылымы ми құрамының 75 пайызы судан тұратынын айтады. Олай болса, шылқылдаған судан ақыл сияқты баға жетпес байлықтың шығуы мүмкін бе?

 

Кім болса да, өз ақылын, танып-білу құралы ретінде пайдаланады. Сондықтан ақылдың негізгі міндеті де нәпсінің, не иманның талабын орындау болмақ. Егер нәпсі ғылым жетістігі арқылы байлыққа жетуді мақсат етіп тұрса, онда ақыл нәпсі талабын қанағаттандыратын түрлі жолдарды көрсетіп береді. Бұған мысал ретінде бүгінгі жаһандану дәуіріндегі дүние ғылымның қарқынды әрі үдемелі түрдегі дамуын айтсақ та жетеді.

 

Егер пәнде Аллаһты (Т) сүйе отырып жасаған амалдарының нәтижесінде қуатты иманға қол жеткізіп, рухани әлемнің Иләһи бұлағынан сусындай алса, онда ақыл иман талаптарын ғана мойындайтын иман тәрбиесіндегі шәкіртке айналады.

 

«Алғашқыда ақыл ұстаз болғанмен,

Кейінірек шәкірттерге болды тең», - дейді Жәләл әл-Дин Румий.

Ислам ғылымы ақылды беске бөлген:

•1. Ақл-и ғаризий (табиғи тума ақыл, инстинкт, ырықсыз түйсік), барша жануарлар осы ақылмен тіршілік етеді.

•2. Ақл-и такәллуфий (тәжірибемен, оқу-біліммен кеңейіп, толыққан ақыл).

•3. Ақл-и атоий (берілген ақыл, бұл тек мұсылмандарда ғана бар).

•4. Ақл-и мин жихатин-нубува (нәбилерге тән ақыл).

•5. Ақл-и мин жихатин-шараф (бұл ақыл тек хаз. Мұхаммедке (с.ғ.с.) тән).

 

Егер ақыл ғылымның әрқандай саласында, сондай-ақ қоғамдық қатыныстарда аса үлкен белсенділік таныта алса, онда мүның - «кәсіби ақыл» болғаны. Бірақ адам мұсылман болмаса, мұндай ақылды ислам ғылымы кемісті ақыл қатарына жатқызған. Ертедегі Ислам ғұламалары көрсетілген ақылдардың алғашқы екеуін «хайуани», соңғы үш ақылды «рахмани» деп атаған. «Хайуани ақыл» қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайларға белсене араласа отырып, әр саладағы ғылымның дамуына зор үлес қосады. Алайда бұл ақылда Аллаһты тани алатындай қабілет болмағандықтан, оның қуаты, барлық табыстары мен жетістіктері нәпсінің дүниедегі талаптарын ғана қанағаттандырып, денеге қатысты тіршілік қызметшісі болып қала бермек.

 

«Рахмани ақыл» - дың қуаты болса, Аллаһу Тағалаға арналған жүректегі, ділдегі махаббат түрінде көрінеді. Адамзат рухы «Әл-мисах» уәдесі кезінде Раббысымен кездесіп, одан қуат, нәр алған. Осы қуат әр адам баласының рухында бар. Сондықтан біздің рухани әлемімізде, қашаннан бері, Аллаһу Тағалаға деген бір ынта сезіліп тұрады. Амалдарымызда күнәлі әрекет қаншалықты көбейе түссе, Адам баласының рухындағы ынта да соншалықты әлсірей бермек. Егер Аллаһ (Т) разы болатын амалдарды арттыра беріп, жүрегімізді пәктей білсек, жүректегі махаббат күшейе келе, Раббыға деген ынта арта түспек. Демек, «хайуани ақыл» қуатымен тіршілікке алданып, дүние қызығына, ләззатына деген құмарлық арта түссе, «рахмани ақыл» қауаты кезінде жүрек, Аллаһу Тағала Жамалының рухани ләззатына, кәусарына ынтыға түседі. Мұндай айрықша күйді данышпан Абай, 38-қара сөзінде: «Махаббат - әуелі адамның адамдығы, ақылы» екенін айтады.

 

Ақылды адамдардың дәрежесі

Аллаһу Тағала ақылды жаратып, оған: «Жақында» деді, - ол жақындады, «Кері шегін» деді, - ол шегінді. Сонда РАббы: «Өзімнің Құдыретіммен әрі Ұлылығыммен ант етейін, Мен сенен ұлық ештеңе жаратқан емеспін. Мен - сенің көмегіңмен аламын, сенің көмегіңмен беремін, сенің көмегіңмен қазылық етемін, сенің көмегіңмен жазалаймын», деген. Жаратушы Ие осы айтылғандарға дәлел ретінде түсірген аят шәрифінде - (Мұхаммед с.ғ.с.): «Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, әй ақыл иелері! Аллаһтан қорқыңдар, әрине құтыласыңдар», деп ақыл-есі түзу адамдарға тиісті болған: жақсылықты қолдауға әмір етіп, жамандықты тыюға бұйырды (Мәида с-сі, 100 аят).

 

Бір парсы кемеңгерінен: «Адамның ақылдығы неден?» - деп сұрады. Кемеңгер: «Ақылды адамда, оны ақылды етіп көрсететін жеті белгі бар: Ол - өзіне зәбір берген адамның күнәсін кешіре біледі. Өзінен жағдайы төмен адамға жақсылық жасап, өзінен жоғары адамға кішіпейілділік білдіріп, әр кезде Раббысын еске алып (зікір етіп) жүреді. Ол - анық біліп тұрса ғана айтады және сөзі пайдалы болуы үшін ол сөзді қай уақытта айтуы керек екенін жақсы біледі. Егер бір қиындыққа тап болса, көмекті Аллаһу Тағладан сұрайды.

 

Сондай-ақ, надан адамның да жеті белгісі бар: Адамдарға тұрпайылық (қатыгездік) танытып, оларды ренжітіп жүреді. Өзінен жағдайы төмендерге қысым көрсетіп, билік иелері мен әмірлердің алдында менмендік танытады. Сөйлегенде білмей сөйлеп, айтуға тиісті кезде үнсіз қалады. Қиындыққа тап келсе шыдай алмай өзін құртуға дейін барады. Қайырымдылық істерінен теріс айналады», - деп түсіндірген.

 

Саид ибн Жабир айтыпты: «Адамдар үшін ақылдан пайдалы ештеңе көрмедім. Егер адам жүнжіп, морт кетсе - ақыл қайрат беріп, оның еңсесін көтереді, егер ол құласа - ақыл оны аяғына тік тұрғызады, егер адам жәбір көрген болса - ақыл оның дәрежесін арттырады, егер ол кедейленген болса - ақыл оны байлыққа жеткізеді.» Саид ибн Жабирдің бұл сөзі тек мүмин-мұсылмандарға арналғанын ескерген жөн, яғни, пәнде қандай жағдайға тап болмасын, ақылын жоғалтып алмай Бір Аллаһқа тәуекел етіп, әрекет ету керектігі айтылады.

 

Аббастықтардан шыққан халиф әл-Мәмун кезінде білімді адамдарды қолдап, ғылым иелеріне құрмет көрсетіп жүруші еді. Бір кедей жігіттің білімі мен парасатына разы болып, оны сарайына қонаққа шақырды. Қонаққа халифтің сол кездегі атақты адамдары жиналғандықтан, ғалым жігіт дастарханның аяқ жағына жайғасты. Өткен тарихатан бізге жеткен деректерге қарағанда, сол заманның кейбір билік иелері дастархан басында вино (хамур) ішімдігін де ішетін болса керек. Вино құйылған ыдысты жігітке алып келгенде, ол сөз сұрады. Халиф: «Қалағаныңды айт», - деді. Жігіт сөзін бастап: «Жоғары мәртебелім, менің шамалы ақылыма қарамай, осынша құрметке лайық көріп, сіздің дастарханыңыздың басында отыруыма мүкіндік берген Аллаһу Тағала сіздің дәрежеңізді арттырсын. Бұл вино, бұрынғы жүнжіген, бейшара қалпымнан өзгертіп, аброй әперген, елеусіз адамды танымал еткен аз ғана ақылымнан айыра ма деп қорқамын. Өйткені мен сияқты бір әлсіз құл винодан ішсе, онда ақыл оны тастап қашады. Олай болса маған надандық жақындап, барлық әдептен айырылып, мына отырған атақты адамдардың алдында түкке тұрмайтын әрі еш жақсылыққа лайық болмаған бұрынғы бейшара халіме қайта келмеймін бе? Сондықтан, Жоғары мәртебелім, өзіңізге тән дәрежеңізбен, жомарттығыңызбен, биік басшылығыңызбен, жайдары мінезіңізбен мендегі осы шамалы қазынаның өзімде қалуына мейірімділік жасасаңыз етті!» - деді. Әл-Мәмун мұны естіп, жігітті жанына отырғызып, разы пейіл көрсетіп, соңынан сый-сияпат жасап, марапатқа бөлеп қайтарыпты. Иә, ақылмен айтылған орынды сөз иесін игіліктерге жеткізбек.

 

Әсіресе, билік иелері ақылмен іс жүргізуге халық алдында аса жауапты. Абравиз деген патша ұлына: «Ақылың сені қорғау үшін қарамағыңдағыларды қорға. Ақылың сені қамшы астына алсын демесең, қарамағыңдағыларға қамшы үйірме. Сен өз адамдарыңның ішінде қазылық етсең, ақылың өзіңе қазылық етеді. Сондай-ақ, жарлығыңа бой ұсынған өзіңнің қоластыңдағы адамдарың сияқты, сен де ақылыңның әмірін қабыл етуің керек»,- депті.

 

Бірде уәзір Юнан, әмір Ануширван Әділге хат жолдап, онда ақылдың билеушілерге тигізер пайдасы туралы талдап жазыпты. Ануширван хатты оқып шығып, өте разы болды да жауап хат дайындады. Хатшысы әмірдің айтуымен мына төмендегі мазмұндағы жауапты қағазға түсірді: «Уа данышпаным! Ақыл туралы өте жақсы жазып, пайдалы кеңестер айтыпсың, көркі мен ажары ақылдан құрылған біз сияқты билеушілер оны неге тыңдамасқа? Өйткені ақылды адам - ағаш ішіндегі нәр (ылғал) сияқты. Ағаш діңі бойындағы ылғалын сақтап тұрғанда хош иісімен, бүршік жарған гүлімен, тіл үйірген жемісімен, саялы көлеңкесімен адамдарды қуанышқа бөлейді. Көңілді бас қосуларда саябақта қыдырған олардың шаттанған жүзін көрсең. Ал, ағаш балауса өңінен айырылып қураса ше? Онда, әрине, кесіп алып отқа жаққаннан басқа ещтеңеге жарамас еді.

 

Адам да, ақылы қуатты кезде, бойын күш кернеп, дені сау жүрмек. Үнінен береке тараған оның келешегі бақытты әрі пайдалы болмақ. Егер ақылын қараңғылық басса, надандық күш алып, оны бұл дүниеде өлімнен басқа ештеңе құтқара алмайды. Сондықтан, мен қалай ақылға қарсы шығып, оның бұйрықтарын тыңдамайын. Билеуші үшін де, оған бағыныштылар үшін де ақылдан артық ештеңе жоқ, себебі, ақыл нұры - сымбат пен сиықсыздықты, жақсы мен жаманды, ақиқат пен жалғанды, шындық пен өтірікті айырып береді емес пе?»

 

Ғылым иелерінің сөзіне қарағанда, адамдардағы екі нәрсе - ақыл мен құдіреттілік сипаттар аса әлсіз, шектеулі. Кемелді Ақыл мен Құдіреттілік тек Аллаһу Тағалаға ғана тән сипат.

 

Лұқман Дана: «Адам қанша ғалым болса да, білімі ақылымен сәйкес келмесе, алған білімнен пайда таппайды», - дейтін.

 

Бір данышпан кісіден сұрады:

 

•- Адамға ең қажетті не деп ойлайсыз?

 

•- Ақыл.

 

•- Ақылдың қаншалықты болғаны дұрыс?

 

•- Толық мөлшері ешқашан дәл анықталмаған нәрсені қалай өлшерсің? - деді данышпан.

 

Білікті адам айтыпты: «Ақылға барлығы да мұқтаж. Және ақылдың да тәжірибеге мұқтаждығы бар. Ақылдан қымбат байлық жоқ, надандықтан жаман кедейлік болмас. Адам неғұрлым білімді болса, оған соншалықты ақыл қажет. Ақылы шамалы ғалым, табын жылқыны жаяу баққан жылқышы сияқты».

 

Ғалымдар айтады: «Ақыл- әмірші, оның әскері бар, оның әскері - мәнді мағына, ес, ой, және түсінік. Жүректегі қуаныш та ақылдан шығады, себебі жүректе дененің беріктігі бар. Діл - шырақ, ал оның нұры - ақыл. Соңынан ол нұр барлық денеге тарайды. Ақыл иесіне кесір-кесапат келмейді, өйткені ол өкінішке соқтыратын нәрсеге жоламайды, әрі абыройсыз ететін істен бойын аулақ ұстайды.»

 

Әбд-Аллаһ ибн Мүбарактан сұрапты:

 

•- Қайсысы артық: ақыл ма, әлде тәрбие ме?

 

•- Ақыл.

 

•- Ақыл деген не?

 

•- Ақыл, бұл - білім меңгеру, біліміңе сәйкес әрекет ету және істеуге тиісті болғандарыңның негізі. Әрі ақыл деген сол - егер біліп тұрсаң, сонда ғана әрекет етесің.

 

Ибн Аббастан сұрады:

-Қайсысы артық: ақыл ма, әлде өнегелік пе?

-Ақыл. Себебі, ақыл - Аллаһтан берілген сый, ал өнегелік - пәнде әрекетінің жемісі.

 

Бір көреген айтыпты: «Ақыл - жиырма үш нәрсенің арасындағы қалқа әрі оларды байланыстырған түйін. Егер осы түйіндер болмаса, жақсы мен жаман араласып кетер еді. Бәрінен бұрын ол - таухид, яғни Бір Аллаһты мойындау мен дінсіздіктің, иман мен имансыздықтың арасындағы қалқан, сондай-ақ сақтық пен абайсыздықтың арасындағы, жомарт пен сараңның, сұлулық пен көріксіздіктің арасындағы, достық пен қастықтың арасындағы, мақтаулы мен содырдың арасындағы, білімді мен наданның арасындағы, байсалды мен әуейінің арасындағы, ақиқат пен жалғандықтың арасында, сыпайылық пен әдепсіздіктің арасындағы, қараңғылық пен жарықтың арасындағы, абырой мен қорлықтың арасындағы, бойұсыну мен сыңаржақтың арасындағы, зікір мен ғафілдіктің арасындағы, сүннет пен бидағаның (дінді бұрмалаудың) арасындағы, мейірімділік пен қатыгездіктің арасындағы, Аллаһқа бет бұру мен бейғамның арасындағы, сенім мен күдіктің арасындағы, даналық пен надандықтың арасындағы қалқан әрі байланыс».

 

Имам Ғазали: «Адамға тән абырой - оның ақылынан, оның білімділігі мен әрекеті ақылға негізделеді», - дейтін.

 

Бірде, Сүлеймен (ғ.с.) желге әмір етті. Жел пайғамбарды тағымен бірге көтеріп, зулаған күйде бір қаланың алдына алып келеді. Қала қақпасында мынадай жазу бар еді: «Бір күнгі әрекеттің құны - бір дирхам, сұлулық пен көріктілік үшін жүз динар, ал тіпті бір сағаттың ішінде алынған білім болса да, бағасы - шексіз».

 

Жәләл әд-Дин Румий:

«Тоған суын құмыраға құйғанда,

 

Ризықтан артық, сірә, сиған ба?» - деп, оқырманға ой тастайды. Өйткені адам - топырақтан жаратылып, Раббының рухы құйылған бір құмыра. Әр адамның табиғатындағы айырмашылық, болмысындағы «құмыраның сыйымдылығына» байланысты. Бұл дүниедегі дәрежесі мен орындары әр қалай. Біреу көп, біреу аз біледі. Пайғамбарлардың білім алу мүмкіншілігі шексіз болған. Оларға ілесіп, Аллаһу Тағалаға жақын болған уәлилер (әулиелер) де білім мұхитынан өздеріне лайық болғанын құмырасына құя алды.

 

Бірде Мұса (ғ.с.) «Мен пайғамбармын, Аллаһ (Т) басқаға лайық көрмеген атақ-дәрежесін маған беріп, сырларын ашты. Бұл дүниеде менен білімді ешкім болмас,» - деп насаттаныпты. Сонда Жаратқан үн қатып: «Пәлен мұхиттың жағасында отырған қартқа барып, осы сөзіңді айт», - деді. Мұса (ғ.с.) бірнеше күн жүріп, айтылған мұхит жағасында отырған қартқа жетіп, іздеп келгенін айтты. Қарт оған мұхиттың жағасына қонған торғайды көрсетті. Торғай мұхиттан бір-екі шоқып су ішті де ұшып кетті. Қарт Мұсадан (ғ.с.):

 

•- Торғай қанша су ішті? - деп сұрады. Мұса (ғ.с.):

•- Торғай қанша су іше алатын еді, өзіне лайығын ғана ішті ғой, - деді.

Сонда қарт:

 

•- Аллаһу Тағала ілімі де осы мұхит сияқты шексіз. Сенің алған ілімің де осы торғайдың ішкен суынан артық емес, - десе керек.

 

Біз адам баласы, өз құмырамыздың сыйымдылығы қанша екенін және ондағы ақыл деп аталатын баға жетпес қазынаның мөлшерін шамалай аламыз ба?

 

Қуанышбек Әлишерұлы

«Әулие-Ата» мешіті

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: