«Сарысу» аудандық орталық мешітінің жамағаты мешіт аумағын күтіп-баптау және қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында ортақ сенбілік ұйымдастырды.
Бұл жолғы тазалық жұмыстары жамағаттың мешітке деген жанашырлығы мен ортақ іске деген жауапкершілігін танытты. Қолына құрал-сайман алған жамағат өкілдері мешіт аумағын ретке келтіріп, айналадағы қураған шөптерді жинап, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты.
Бірі аула тазалығына көңіл бөлсе, енді бірі жиналған қалдықтарды шығаруға көмектесті. Осындай қарапайым көрінетін, бірақ мәні терең жұмыстар арқылы жамағат ортақ игілік жолында жұмыла білудің үлгісін көрсетті.
Ислам дінінде тазалыққа ерекше мән беріледі. Тазалық – мұсылманның жеке басына ғана емес, оның қоршаған ортасына, айналасына деген көзқарасына да қатысты құндылық. Мешіттің таза әрі көрікті болуы – құлшылыққа келген жамағатқа деген құрметтің де белгісі.
Мұндай игі бастамалардың тағылымы – тек тазартылған аулада емес, ортақ іске атсалысқан адамдардың бірлігі мен өзара жанашырлығында. Өйткені мешіттің көркеюі мен тазалығын сақтау бір адамның емес, барша жамағаттың ортақ міндеті.
Тазалық бар жерде тәртіп, бірлік бар жерде береке бар. Мешітіміздің көркеюіне үлес қосу жолындағы осындай қайырлы істер жалғасын таба берсін!
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі



21 Қараша 2026
10 Джумада-сани 1448

