ТАРАЗДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ

ТАРАЗДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 

Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде «Цифрлық кеңістіктегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен қолдану тәжірибесі» атты ауқымды семинар-тренинг өтті. Басқосуға өңірдегі қала және аудан мешіттерінен 50-ге жуық имам мен дін қызметкері қатысып, заманауи технология тілін меңгерді.

Жиынның басты мақсаты – дін қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін күнделікті ағартушылық жұмыста тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық мемлекет қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларымен және 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануымен тікелей үндеседі. Сонымен қатар бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының діни қызметті заманауи ақпараттық талаптарға сай бейімдеу бағытындағы ұстанымы мен ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынханның басшылығымен әзірленіп жатқан 2026–2028 жылдарға арналған Цифрлық даму тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Іс-шараның ашылу салтанатында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілінің бірінші орынбасары Әбдіқадыр Сейтқали сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің қоғам өміріндегі рөліне және оның діни-ағартушылық қызметке тигізер пайдасына тоқталды.

>«Жаңа технологиялар уағыз-насихат материалдарын жүйелеуге, халыққа сенімді діни ақпаратты түсінікті жеткізуге және жастармен байланыс тәсілдерін жетілдіруге зор көмектеседі. Алайда ешбір цифрлық құрал имамның білімін, тәжірибесін және рухани жауапкершілігін алмастыра алмайтынын ұмытпауымыз керек», – деп атап өтті Әбдіқадыр Сейтқали.

Семинардың теориялық және практикалық бөлімін «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамы, ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Әбдіжаппар Әмір жүргізді. Ол қатысушыларға ChatGPT және өзге де ЖИ платформаларының жұмыс істеу қағидаларын қарапайым тілмен түсіндіріп, нақты тапсырмалар арқылы көрсетті.

Практикалық сабақ барысында қатысушылар уағыз, баяндама, ресми хат, жұмыс жоспары мен іс-шара сценарийін әзірлеу, мәтіндерді қысқартып, аударма жасау, сондай-ақ сурет пен бейнематериал дайындау әдістерін меңгерді. Имамдар дұрыс сұраныс (промпт) құрастырудың нәтижеге тікелей әсер ететініне көз жеткізді.

Жиында технологияны қолданудың жауапкершілік жағына ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект ұсынған Құран аяттары, хадистер мен діни түсіндірмелер міндетті түрде түпнұсқа және сенімді дереккөздер арқылы тексерілуі қажеттігі қатаң ескертілді. ЖИ – діни үкім шығаратын маман емес, тек көмекші құрал екені баса айтылды.

Мұндай заманауи семинарлар имамдардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, өңірдегі діни-ағартушылық жұмыстардың сапасын жаңа деңгейге көтеруге үлес қоспақ.

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: