Адам баласы бұл дүниеде қаншама нығметтің арасында өмір сүріп жатыр. Бірақ кейде біз нығметтердің қадірін біле бермейміз. Деніміз сау болса, оны қалыпты жағдай деп түсінеміз. Көзіміз көріп, құлағымыз естіп,аяғымыз жүріп тұрса да,осының бәрі Алланың берген үлкен сыйы екенін ұмытып кетеміз. Бір сәт ойланып көрейікші: Бүгін таңертең көзімізді аштық. Тыныс алдық. Жүрегіміз соғып тұр. Жақындарымыздың амандығын көрдік. Осылардың әрқайсысын өз күшімізбен сатып ала аламыз ба?
Алла Тағала Құран Кәрімде «Нахыл» сүресінің 18 аятында былай дейді: «Егер сендер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар санап тауыса алмайсыңдар.» Бұл аят бізге Алланың берген нығметтерінің шексіз екендігін көрсетеді.
Алла Тағаланың адам баласына ең алдымен берген сыйы (нығметі) - мына өмірге адам болып жаратылуы. Біздерді жануар емес, жәндік емес, адам етіп жаратқаны үшін Жаратушымызға сансыз шүкіршілік айтуымыз керек. Өйткені Алла адам баласын көркем етіп жаратқан. Онымен қоса ақыл-ой, сана, таңдау мүмкіндігіне берген. Әйтпесе ми, көз, мұрын, ауыз, аяқ, қол секілді дене мүшелері жануарларда да, өзге хайуандарда да бар емес пе?
Бұл жайлы Қасиетті Құранның «Тин» сүресінің 41 аятында былай деп баяндалады: «Ақиқатында адам баласын ең көркем бейнеде жараттық.» Аяттың мағынасына келсек Алла адам баласының дене бітімін, дене мүшелерін лайықтастырып әрі қажетті сыртқы-ішкі сыйпаттарымен бірге жаратты. Адамнан асқан сұлу, сымбатты жаратылыс жоқ. Сондықтан да адам баласының Алла Тағалаға шүкір ететін нәрсесінің ең алғашқысы осы өмірге адам болып келуі!
Ал Алла Тағаланың адамға берген нығметтерінің екіншісі сол жүрекке иман беріп, адасқан кәпір құлдарынан емес, Алланы танитын мұсылман, момын құл екендігі. Жер бетінде қаншама адам өмір сүріп жатса да, олардың бәрі бірдей Жаратушысын танымайды. Мейірім шексіз Раббымыздың біздерге өмір бергеннен кейінгі нығметінің бірі-иман. Дінімізде иман тек адамның өз ізденісі емес, бірінші кезекте жаратқанның жүрекке ұялатқан нұры мен хидаяты (тура жолы) деп есептеледі. Сондықтан да иман-ешқандай байлыққа немесе атаққа айырбастап, ақшаға сатып алуға келмейтін ең құнды, тек Алланың мейірімімен ғана берілетін нығмет. Мұсылман ғұламалары адам баласы үшін бұл дүниеде де, ақыретте де иманнан асқан бақыт пен байлық жоқ екенін айтады. Иман адамның өмірін мәнді етеді, қиындықта сабыр, қуанышта шүкір етуге үйретеді. Сондықтан да иманда болу-ең үлкен бақыт.
Адам баласының өмірге келген соң, өзі біле бермейтін нығметтерінің бірі-денсаулық. Денсаулықтың қадірін адам ауырған кезде түсінеді. Ауырмай тұрған кезде Аллаға шүкір етуді ұмытып кетеміз. Ал аурухана төсегінде жатқан адамға бұл-арман. Бір күн ауырмай жүрудің өзі олар үшін үлкен бақыт емес пе? Сондықтан да болар, ата-бабаларымыз: «дені саудың, жаны сау»-деп бекер айтпаса керек. Дана халқымыз денсаулық пен рухани күш қуаттың өзара байланыста екенін осы мақал арқылы ескертіп өткен. Өйткені, дененің ауруға шалдығуы немесе әлсіздігі жан дүниеге, психолгиялық күйге әсер етеді.
Адамның дені сау болса,мықты болса, оның көңіл-күйі де көтеріңкі, ойы сергек және өмірге деген құлшынысы мықты болады. Денсаулық жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған сәлемі болсын) былай деген: «Екі нығмет бар,адамдардың көбі сол екеуінің қадірін білмейді: денсаулық және бос уақыт». Ендеше, денсаулығымыз барда құлшылық жасайық, уақытымыз барда ізгі амалдарға асығайық.
Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтерінің бірі ол: ата-ана, отбасы, туған-туысқан. Біздердің мына өмірге келуімізге тікелей себепкер болған кісілер ол біздің ата-аналарымыз. Сондықтан да ата-анамыздың амандығы, отбасының есендігі мен тыныштығы, бала-шағаның күлкісі адамның өміріндегі ең үлкен нығметтерінің бірі.
Кейбір адамдар байлықты, дүниені,атақ-мансапты бақыт деп ойлайды. Бірақ үйіңде тыныштық болмаса, ата-анаңның батасын алмасаң, бала-шағаңның амандығын көрмесең, дүниенің байлығы мен атағың мен мансабың жүрекке толық тыныштық бере ала ма?! Сондықтан да ата-анамыздың қадірін білейік. Дүниеден өткен болса, дұға етіп, жақсы амалдарымызбен еске алайық. Отбасымызда имандылыққа, адалдыққа, ізгілікке тәрбиелейік.
Ойланып қарасаңыз Алланың берген нығметтерін санайтын болсақ санына жете алмаймыз. Денсаулықтан айырылғада - саулықтың қадірін, жақынымызды жоғалтқанда-оның орнын, қартайғанда жастық шақтың қадірін түсінеміз. Бірақ ақылды адам өзгелердің қателігінен сабақ алады. Нығметтердің қадірін жоғалтпай тұрып біледі. Адам баласы қанша тырысса да Жаратушының берген нығметтерінің толық тізімін түгендей алмайды. «Егер Алланың нығметін санасаңдар санына әсте жете алмайсыңдар»-Ибрахим сүресі 34-аят.
Адам баласы дүниеге келген сәтінен бастап Алланың нығметіне бөленіп келеді. Біз дүниеге келгенде көзіміз көру үшін, құлағымыз есту үшін, жүрегіміз соғу үшін ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Мұның бәрі-Алланың құдыреті мен рахымының, мейірімділігінің көрінісі. Алдында айтылған Құран аяттарының өзінде үлкер ғибрат бар. Біз кейде өзімізде жоқ нәрсені ойлап мұңайамыз. Біреудің байлығына, біреудің атағына, біреудің қызметіне қызығамыз. Бірақ өзімізге келгенде, көп нәрсені ескермей кетеміз.
Ал енді ойланып қарасақ, таңертең оянып ұйқыдан тұрғанымызың өзі үлкен нығмет емес пе ? Өйткені кешке ұйықтап, таңертаң оянбай қалғандар қаншама. Деніміздің сау болып, аман есен жүргеніміз үлкен нығмет емес пе? Өйткені ауру асқынып, емхана кереуетіне таңылып жатқан жандар қаншама. Ішер асымыз бен киерге киіміміз бары да үлкен нығмет емес пе? Өйткені бір үзім нанға зар болып, киерге бір жапырақ шүберек таппай жүргендер қаншама. Үйіміздің бары үлкен нығмет емес па? Қаншама адамдар далада түнеп жүр, қалаларда көп қабатты үйлердің жертөлесінде күнін өткізіп жүргендер қаншама. Қоқыстан тамақ теріп жеп, сол қоқыстан үй салып, сонда тұрып жатқандар қаншама.
Ең үлкен нығметтрдің бірі: еліміздің тыныштығы! Қаншама елде тыныштық жоқ. Соғыс болып жатыр. Жақындарынан айырылған, баспаналары қираған, ұйқыларынан жарылған бомбалар мен атылған оқтың дауысынан оянған қаншама ел өмір сүруде. Анасынан айырылған балалар, баласынан айырылып жатқан ата-аналар ақыраған. Міне, соларға қарап біздер тыныш елде, тыныш жерде өмір сүріп жатқанымызға көп шүкіршілік айтуымыз керек. Тіпті таңертең азап дауысынан оянамыз, бұл деген Алла берген нығметтерінің ең биік шыңы. Жаратушы Иеміз біздерге осындай жайлы өмір беруі бізге берілген үлкен нығметтердің бірі. Және сол берген нығметтерінің ақысын сұрамайды. Ешқайсысын сатып алмаймыз.
Алла Тағала осы нығметтердің бәрін тек өзіне құлшылық ету үшін ғана береді. Ол тек өзіне сыйынуды бұйырады. Жаратқанның бізге берген сансыз нығметтерін көре тұра біз өз нәпсіміздің қалауыны еріп Аллаға лайықты түрде құлшылық жасай алмаймыз. Біздің өміріміз-Алланың берген аманаты. Әрбір атқан таңымыз-бізге берілген мүмкіндік. Кеше жасаған қателігімізге бүгін тәубе етуге, сол жасаған қателіктің орнына жақсы, ізгі амалдар жасауға мүмкіндігіміз бар. Бұл да Алланың бізге беріп жатқан нығметтерінің бірі десек артық айтпаймыз. Алланың берген нығметтерін дұрыс пайдаланайық! Байлық берсе-мұқтаждарға көмек берейік. Білім берсе-оны пайдалы іске жұмсайық. Денсаулық берсе игі амалдар жасайық. Тіл берсе-жақсы сөз сөйлейік. Уақыт берсе-оны босқа өткізбей, пайдалы,жақсы істермен айналысайық! Міне,сонда ғана біз Алла берген нығметтерге шүкіршілік еткен боламыз. Мұсылманның көркем мінезі-Алланың берген нығметтерін бағалап, сол нығметтер арқылы айналасына жақсылық таратуында.
Сондықтан да Алланың берген нығметтерін пайдалана отырып жүректерімізді Алланы еске алумен тірілтейік. Алланы жиі еске алған жүрек, тек жақсы істер жасайды. Намазымызға көңіл бөлейік .Құран оқып, дұға жасайық. Өзгелерге жақсылық жасайық. Алланың нығметтерін жете түсініп, сол нығметтер арқылы өзгелерге де, өзіне де жақсылық жасай білген адам ең бақытты адам. Оның бақыты тек мына дүниеде ғана емес, арғы өмірде де жалғасын табады.
Сондықтан да әрбір атқан арайлы таңымыз үшін, тыныштықпен батқан күніміз үшін, жұтқан бір жұтым ауамыз, бір ұрттам суымыз үшін, жеген бір түйір нанымыз үшін Аллаға сансыз шүкірлер, сансыз мадақтар айтайық. Осы өмірге адам етіп, оның арасындағы мұсылманы етіп жаратқан, жүректерімзіді иман нұрына толтырған рахымды да, мейірімі шексіз Раббымызға сансыз мақтау,мадақтар,сансыз шүкірлер болсын!
Саламат Аманбаев
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы
«Құдайберген» мешіті молдасы


04 Қараша 2026
23 Джумада-авваль 1448

