Құдайы астағы ысыраптың алдын алу – имандылықтың белгісі

Құдайы астағы ысыраптың алдын алу – имандылықтың белгісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Қазақ халқы ежелден марқұмның рухына Құран бағыштап, дұға жасауды ізгі дәстүр санаған. Құдайы ас – даңғазалықтың емес, дұға мен тағылымның, сабыр мен бауырмалдықтың көрінісі. Алайда бүгінгі таңда кейбір отбасылардың елден қалмау, өзгелерден асып түсу ниетімен шамадан тыс шығынға батып жатқаны да жасырын емес.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деп ескертеді.

Сондай-ақ «Исра» сүресінің 27-аятында ысырап етушілердің шайтанның бауырлары екені баяндалған. Бұл аяттар мұсылман баласын үнемшілдікке, қанағатқа және қолдағы нығметті қадірлеуге үндейді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) хадисінде: «Адам баласының Исламды жақсы ұстануының белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тәрк етуі», – делінген (Тирмизи риуаяты). Ендеше, елдің сөзіне еріп, қарызға батып, шамадан тыс ас беру орнына, әр отбасы өз мүмкіндігіне қарай әрекет еткені жөн.

Құдайы астың қадірі дастарқанның молдығымен немесе жұмсалған қаражатпен өлшенбейді. Оның негізгі мәні – марқұмға дұға бағыштау, жақындарына көңіл айту және сауапты амал жасау. Артық тағамды рәсуа етпей, мұқтаж жандарға үлестіру де – ізгіліктің бір көрінісі.

Дәстүрді сақтау – ысырапқа жол беру емес, оның асыл мәнін ұғыну. Сондықтан құдайы ас өткізуде қарапайымдылықты ұстанып, орынсыз бәсекелестіктен арылғанымыз абзал. Дініміздің талабы да, халқымыздың даналығы да бізді қанағат пен берекеге үндейді.

Алла Тағала өткендеріміздің иманын жолдас етіп, тірілерге сабыр берсін! Ниетімізді қабыл етіп, дастарқанымызға береке нәсіп етсін!

Ахат Қайыпбергенұлы.

Әбдірашит ата мешітінің имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: