Қазақ халқында «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мағыналы сөз бар. Шындап келгенде, әрбір отбасы - қоғамның бір бөлшегі, шағын - Отан. Отбасы - әрқайсымыз үшін сүйіспеншілік, сыйластық, жарастық, татулық орнаған қасиетті мекен. Осы кішігірім «Отанымызда» бойымызға дарыған тәлім-тәрбие, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілік, ар-намыс қағидалары өмір бойы бізді жетелеп жүреді. Себебі отбасының бала тәрбиесінде алар орны ерекше, баланың қалыптасуы отбасынан бастау алады. Сондықтан да туған үйдің жылуы-оның көкіргеніде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ата-анасының тәрбиесі қатар жүрген жерде жақсы азамат қалыптасары сөзсіз.
Адам өмірінің алтын бесігі - отбасы. Кез келген қоғамның іргетасы әуелі отбасында қалыптасады. Елдің ертеңі - бүгінгі бала. Ал баланың қандай азамат болып қалыптасуы ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Егер біз иманды, ибалы, адал, білімді, отаншыл ұрпақ өсіргіміз келсе, ең әуелі өз шаңырағымыздан бастауымыз керек.
Дінімізде бала - Алланың берген үлкен нығметі және ата - анаға тапсырылған аманат. Бала дүниеге келгенде жүрегі таза, жаны пәк күйде келеді. Оның бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, дұрыс жол көрсету - ата-ананың міндеті. Ең әуелі ата-ана баласына Жаратушы иені танытуы тиіс. Одан кейін ардақты пайғамбарымызды (Алланың оған сәлемі болсын) танытуы керек. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тахрим» сүресінің 6-ыншы аятында: «Уа иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан қорғаңдар» - деп бұйырады. Бұл аят бізге отбасымыздың тек дүниелік қажеттіліктерін қамтамасыз ету жеткіліксіз екенін еске салады. Баланың қарны тоқ, киімі бүтін болғаны жақсы әрине, бірақ оның жүрегінде иман, бойында әдеп, сөзінде шындық, ісінде адалдық пен әділдік болуы өте маңызды. Біз баламыздың дүниелік қажеттіліктерін орындап, жақсы киім, дәмді тамақ, жақсы мектеппен қамтамасыз етіп, оның болашағының жарқын болғанын қалаймыз. Бірақ кейде оның жүрегіне имандылық ұялатуды, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді үйретуді ұмытып кетеміз. Балаға мың жолы ақыл айтқаннан гөрі, бір ретжақсы үлгі көрсеткен әлдақайда әсерлі.
Егер әке өтірік айтса, баладан шындық күту бекер. Егер анасы өсек айтса, өзгелерді жамандаса баласынан көркем мінез күтудің өзі бекер. Егер ата-ана намазға, адалдыққа, жауапкершілікке мән бермесе, баланың бойында бұл қасиеттердің қалыптасуы қиындай түседі. Өйткені бала-ата-анасының айнасы, балаға берген үлкен тәрбие-өзінің өнегелі өмірің.
Халқымыз бесікті қастерлеген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»-деп ұрпақ тәрбиесін ел болашағымен байланыстырған. Бесік-тек нәресте жататын төсек емес, ол-отбасының жылуы мен мейірімінің, ұлттық тәрбиенің символы. Балаға бесіктен бастап ана тілін үйрету, жақсы сөз айту, ізгілікке баулу, үлкендерді сыйлауды көрсету-тәрбиенің алғашқы баспалдағы.
Бала ата-анасының сөйлеген сөзін тыңдайды, іс-әрекетін бақылайды, мінезін бойына сіңіреді. Үйде құран оқылып, дұға жасалып, ізгі әңгімелер айтылып, адамдар бір-біріне құрмет көрсетсе, мұндай орта баланың жүрегіне жақсы әсер етеді.
Бүгін біз балаларымызға қандай тәрбие берсек, ертең қоғамнан сондай нәтиже көреміз. Себебі, бала тәрбиесі, әрбіріміздің еккен жемісіміз тәріздес. Осы тұрғыда халқымызда «Не ексең,соны орасың» - деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің мағынасы өте терең, астары өте ащы шындық сөз. Өйткені, баламызға адалдықты үйретсек ертең ата-анасын құрметтейтін, халқына адал қызмет ететін азамат шығады. Сондықтан да бесікті түзеу-тек баланы тербету емес, оның жүрегіне әжелеріміз, аналарымыз айтқан әлди әнмен ізгілік пен имандылықты, ана тілін, туған жерін, Отанын сүюді миына сіңіру деп түсінуіміз керек.
Лә иләһә иллә Алла, Мұхаммедтің үмметі
Осындай бала қайда бар, Балам менің Жүсіптей
Болар ма екен келбетті, Ажарың айдай толсын деп,
Иллә Аллалап тербеттім - деген әлди әні жолдары арқылы, асыл аналарымыздың болашақ ұрпағының жүрегін иманға толтырып, әулие, ғалымдардың, Әзіз Пайғамбарларымыздың өмір тарихымен ұштастырғысы келгенін түсінеміз.
Отбасы өте қажетті, басқа ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ, Отбасы - адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да негізі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер - күшін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесу керек, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» - деп бекер айтылмаған. Ал балам жақсы болсын десең ең әуелі өзімізді түзеп, балаға жақсы үлгі көрсете білуіміз керек. Осы орайда, Ұлы ұстазымыз Ахмед Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білемін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек»- деген сөзі бала тәрбиесімен айналысып, ұрпағын жақсылыққа баулимын деген әрбір пенденің көңілінен орын алары хақ.
Қазақтың Ұлы ақыны, дана, дара ұстазы Абай атамыз: «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шел алсын деп бермедім»- деп, ұрпағын (балаларын) иман жолына, ислам жолына тәрбиелеген. Өйткені ол, асыл дінімізбен тәрбиеленген ұрпақтың , ертең саналы да сапалы ұлы мемлекет, ұлы халық шығарын білген. Балаңды алсаң - аяма деп, ата-бабаларымыз ұрпағын ерте бастан дінімізге баулып, Алланың қасиетті сөздерін үйретуге тырысқан. Өйткені Алласын таныған ұрпақтан, болашақта мейірімді, отансүйгіш, ата-анасын сыйлайтын, досқа адал, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін саналы,батыр халық шығары сөзсіз. Сондықтан да ата-бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» - деп бекер айтпаса керек. Өйткені Алласын танымайтын, Құдайдан қорықпайтын ұрпақтан ертең қорқынышты қоғам пайда болады.
Олай болса ата-ана баланың тек материалдық жағдайына көңіл бөлмей, оның рухани дүниесіне де көңіл бөлуі керек. Бүгінгі заманда бала тәрбиесінің қиындықтары көп. Ұялы телефон, әлеуметтік желі, интернеттегі әртүрлі ақпараттар, балалардың ойына, мінезіне және дүниетанымына кері әсерін тигізіп жатыр. Тіпті кейбір отбасыларда ата-анасы кешке дейін жұмыстан қолдары босамайды, балаларды телефон тәрбиелеп жатыр десек артық айтпаймыз. Өкінішке орай бұл осы заманымыздың ащы шындығы.
Біз баланы телефоннан алыстатумен мәселені шеше алмаймыз. Оның орнына пайдалы білімге, спортқа, кітап оқуға, өнерге, отбасылық ортақ әңгімеге және жақсы ортаға қызығушылығын арттыруымыз қажет. Ол үшін баламызбен жиі сөйлесіп, оның армандарын тыңдап, мақсаттарымен бөлісе білу өте маңызды.
Адамның діні болмаса, алған білімінен пайда жоқ. Дін бар жерде-жамандыққа, арамдыққа жол жоқ. Бірақ адам дінде болып, оның әдебі болмаса, оның дінінен де пайда жоқ. Сол себепті де болашақ ұрпаққа дін мен білімді қатар танытып, қатар алып жүруге үйретуіміз керек. Өйткені дін мен білім бір біріне ешқашан қарсы тұрмайды, керісінше баламыз дінді танып, дәрігер болса-шебер дәрігер, мұғалім болса-мейірімді мұғалім, кәсіпкер болса - адал кәсіпкер болсын.
Бізге тек білімді ұрпақ емес, біліміне адамгершілік серік болған ұрпақ қажет. Адам баласы дүниеден өткенде жиған тергенінің бәрін өзімен бірге алып кете алмайды. Бірақ оның тәрбиесі, жақсылығы, балаларына үйреткен тәлім өнегесі ұрпақтары арқылы жалғасын табады.
Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі болсын) сахих хадисте: «Адам қайтыс болғанда үш нәрседен басқа амалы тоқтайды: үзілмейтін садақа, пайдалы білім және оған дұға ететін ізгі ұрпақ »-деген. Осы хадис бізге ұрпақ тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Баламызға үй, дүние мүлік қалдыруымыз мүмкін. Бірақ сол байлықтың бәрінен бұрын оған адалдықты, ар-ұятты, имандылықты және еңбекқорлықты үйреткеніміз абзал. Өйткені дүниені дұрыс пайдалануды білмеген болса байлықтан да зиян көруі мүмкін. Ал дұрыс тәлім-тәрбие алған болса аз дүниемен де өмір сүре алады.
Біздің мақсатымыз - баламыздың тек өзіне жақсы өмір жасауы емес, айналасына да жақсылық әкелетін азамат болуы! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» - деген сөз әрқайсымызға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Елдің түзелуі - отбасынан басталады. Ал отбасының түзелуі ата-ананың өзін түзеуінен басталады. Ата-ананың ізгі өнегесі-баланың жарқын болашағына жол ашады. Ендеше, балаларымызға имандылықты үйретейік, оларға өтірік айтпай, өзіміз шындықтың үлгісі болайық. Ана тілімізді, ұлттық дәстүрімізді құрметтеуге баулиық. Дініміз бен білімді, рухани тәрбиені қатар ұстанайық. Әр баланың жүрегіне мейірім мен санасына білім, бойына жауапкершілік ұялатайық. Бүгінгі бала-ертеңгі әке, Бүгінгі ару-ертеңгі-ана!
Бүгінгі ұл-қыздарымыз ертеңгі дәрігер, ұстаз, басшы, ел қорғайтын елдің азаматы мен азаматшылары. Сондықтан да балаларымызға, ұрпақтарымызға пайдалы білім мен дұрыс тәлім тәрбие беруге ұмтылайық. Өйткені ұрпағымызға берген әрбір тәлім тәрбиеміз өзіміздің алдымыздан шығады. Өйткені балаларымыз бүгінгі бала шақтан, ертеңгі болашаққа күнде бір қадам басады.
Алла Тағала отбасыларымызға береке,әрбір шаңыраққа тыныштық, жүректерімізге иман берсін! Ұрпақтарымыздың болашағын жарқын,еліміздің ертеңін баянды етсін! Алла ұрпақтарымызды көз қуанышы болып, тақуаларға үлгі етсін!
Саламат Сәлімұлы
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы,
«Құдайберген» мешіті имамы


30 Қазан 2026
18 Джумада-авваль 1448

