Тойдағы әдеп – имандылықтың көрінісі

Тойдағы әдеп – имандылықтың көрінісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқы тойды қуаныштың, бірліктің, ағайынның басын қосатын берекелі жиынның белгісі деп білген. Той – тек көңіл көтеру емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, ұлттық тәрбиенің үлгісі танытылатын орта. Алайда соңғы кездері кейбір тойларда орынсыз ойындар мен әдепке жат әрекеттердің белең алуы ойландырмай қоймайды.

Әсіресе, адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын, ар-намысына тиетін, ұятты қылықтарға итермелейтін ойындар мен орынсыз әзілдер тойдың сәнін емес, мәнін кетіреді. Кейде үлкеннің алдында ерсі қимылдар жасау, жеке адамның намысына тиетін қалжың айту немесе жұртты күлдіру үшін әдептен аттау қалыпты жағдайға айналып барады. Алайда қуаныштың да өз әдебі, көңіл көтерудің де өз шегі бар.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Кешірімді бол, жақсылыққа бұйыр және надандардан теріс айнал», – деп бұйырады. Ал «Хужурат» сүресінің 11-аятында бір-бірін келемеждеуге, мазақ етуге және жаман ат қоюға тыйым салынған. Бұл – адамның абыройын сақтау мен өзгеге құрметпен қараудың маңызын көрсететін қағидалар.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у):  «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген (Бұхари, Мүслім). Ендеше, той үстіндегі әзіл-қалжың да адамгершілік пен әдеп шеңберінен шықпауы керек.

Әрине, дініміз қуанышқа, адал көңіл көтеруге қарсы емес. Бірақ адамның ар-намысына тиетін, ұятсыздыққа жетелейтін, отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіретін әрекеттерді ойын-сауық деп ақтауға болмайды.

Тойдың көркі – даңғаза мен ерсі қылықта емес, әдеп пен ізетте. Той иелері мен асабалар ойын бағдарламасын әзірлегенде осыны ескеріп, тәрбиелік мәні бар, ешкімнің көңіліне қаяу салмайтын ойындарға басымдық бергені жөн. Өйткені той – бір күндік қызық қана емес, көпшілікке үлгі болатын орта.

Ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, имандылық пен ізетті қатар ұстанайық. Қуанышымыз әдеппен әрленіп, тойларымыз береке мен жақсылықтың бастауы болсын!

Ахат Қайыпбергенұлы

Әбдірашит ата мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: