Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Қаракөз» мейрамханасында ауданның бас имамы Есет Тұрдыбайұлының ұйымдастыруымен «Қош келдің, мүбәрак Мәуліт айы» атты рухани-танымдық кеш өтті.
Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, Байзақ ауданының бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамдары Бақтияр Әміреев пен Сейтқали Әбдіқадыр, Амангелді Дәулет, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш барысында арнайы дастарқан жайылып, жиналған қауым өзара пікір алмасып, ақжарма тілектерін білдірді. Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жамағатқа Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі, көркем мінезі, адамзатқа қалдырған өсиеттері мен сүннетінің маңызы туралы тағылымды насихат айтты.
Сонымен қатар ардақты Елшінің (с.ғ.с.) өмір жолын дәріптейтін Мәуліт жыры оқылып, жамағатпен бірге дұға жасалды.
Рухани кеш аясында игі шараның өтуіне қолдау көрсеткені үшін мейрамхана басшысы Қарлығаш Байдатханқызына Алғыс хат табысталды.
Тағылымды басқосу жамағаттың ауызбіршілігін нығайтып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікті арттыруға, оның көркем мінезі мен өнегелі өмірін үлгі етуге бағытталған маңызды рухани шара болды.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.



13 Қазан 2026
1 Джумада-авваль 1448

