Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Байзақ ауылының жастары жұма күні Құран Кәрімді толық жаттап, хафиз атанған қариды құрметтеп, арнайы сый-сияпат көрсетті.
Игі шара барысында ауыл тұрғындары мен аудан бас имамы Қанат Әділханұлы және «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кеңжебайұлы жас қаридың Құранды жаттаудағы еңбегін жоғары бағалап, ақ тілектерін білдірді. Ел дәстүріне сай құрмет көрсетіліп, Құранды толық жаттаған қаридың иығына шапан жабылып, ат мінгізілді.
Бұл – Құранға, ілімге және дін жолында еңбек еткен жанға деген халықтың құрметінің айқын көрінісі. Ауыл ақсақалы ақ батасын беріп, қаридың алдағы діни қызметіне береке тіледі.
Құранды жаттау – үлкен еңбек пен табандылықты қажет ететін сауапты іс. Осындай игі дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіне де берері мол.


13 Қазан 2026
1 Джумада-авваль 1448

