Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің наиб имамы Сұлтаншәріп қажы Жәнібекұлы өрт сөндіруші мекеме қызметкерлерімен кездесіп, «Адал ас, адал еңбек, адал қоғам – рухани байлықтың негізі» атты тақырыпта уағыз-насихат айтты. Кездесу мекеме қызметкерлерін адал еңбекке, кәсіби өсуге және адалдыққа бағыттады.
Адал жолмен мал табу, өзгеге мұқтаждық танытпай өмір сүру, ар-намыс абыройын сақтап, отбасын асырау ниетімен еңбек ету – құлшылықтың бір түрі. Алайда бұның шарты – шариғат шеңберінде, Алла Тағала бекіткендей, адал және таза жолмен еңбек ету.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қалай жұмсағаны қиямет күнінде сұралады», - деген. Демек, мал табу ғана емес, оны орнымен жұмсау да маңызды. Бұл жөнінде Хәкім Абай: «Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың?...» – дейді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі



29 Қазан 2026
17 Джумада-авваль 1448

