ҒҰРЫПТЫ САҚТАУ – РУХАНИ МҰРАНЫ САҚТАУ

ҒҰРЫПТЫ САҚТАУ – РУХАНИ МҰРАНЫ САҚТАУ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ғұрып – ғасырлар сүзгісінен өтіп, халқымыздың дүниетанымы мен ұлттық болмысын қалыптастырған рухани мұра. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің әрқайсысында ұрпақты ізгілікке, үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, қонақжайлық пен адамгершілікке тәрбиелейтін тағылым жатыр. Әлдиден басталып, тұсаукесер, бата беру, қонақ күту секілді дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтар халқымыздың рухани негізін құрайды.

Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалудың маңызды жолдарының бірі – атадан қалған ғұрып пен дәстүрді қадірлеу. Өзінің рухани тамырын таныған ұрпақ тарихын құрметтеп, ұлттық құндылықтарын келешекке жеткізе алады. Сондықтан дәстүрді сақтау – өткенді ғана дәріптеу емес, болашаққа аманат қалдыру.

Ислам шариғатында да әдет-ғұрыптың өзіндік орны бар. Ханафи мазһабында «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида қалыптасқан. Ғалымдар кейбір мәселелерде халық арасында орныққан ғұрыпты ескеруге болатынын айтқан. Алайда кез келген дәстүр шариғи өлшемге сай болуы қажет. Яғни ғұрып Құран мен сүннетке қайшы келмеуі, қоғамда кең таралған әрі қалыптасқан әдет болуы тиіс. Ханафи ғалымы Ибн Абидин: «Ғұрыптың шариғатта орны бар, кейде үкім соған орай орнығар», – деп атап өткен. Бұл тұжырым дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын көрсетеді. Дегенмен шариғатқа қайшы келетін немесе діннің негізгі қағидаларына қарсы әдеттер діни тұрғыдан негіз бола алмайды.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті асыл дініміздің адамгершілік қағидаларымен біте қайнасып жатыр. Үлкенге құрмет көрсету, ата-ананы ардақтау, ағайынмен тату болу, жетім-жесірге жәрдемдесу, қонақты сыйлау, бата беру секілді көптеген дәстүрлердің түпкі мақсаты – адамды ізгілікке тәрбиелеу.

Дін – адам бойындағы көркем мінез бен ізгі қасиеттерді қалыптастырса, дәстүр – сол құндылықтарды ұлттық сипатта ұрпақ санасына сіңіреді. Осы тұрғыдан алғанда, дін мен дәстүрдің үйлесімділігі қоғамның рухани тұтастығын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға ықпал етеді.

Ендеше, ата-бабадан жеткен өнегелі ғұрыптарды сақтап, олардың мәнін кейінгі ұрпаққа түсіндіру – баршамызға ортақ міндет. Дәстүрді дәріптеу арқылы біз тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық рухымызды сақтаймыз. Дін мен дәстүр сабақтастығын дұрыс түсініп, шариғатқа қайшы келмейтін ізгі салттарды жалғастыру – рухани мұрамызды келешекке жеткізудің маңызды жолы.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: