Адамның тілі - өте кішкентай ғана мүше. Бірақ сол тіл адамның абыройын да көтереді, күнаға да батыра алады. Алла Тағала Құранда: «Адам қандай сөз айтса да, оның қасында бақылаушы дайын тұрады» деген (Қаф сүресі 18-аят) деп ескертеді. Демек, әрбір айтқан сөзімізге жауап береміз. Бір ауыз жылы сөз адамның көңілін көтеруі, адамның тағдырын өзгертуі мүмкін. Ал керісінше де бір ғана сөз адамның көңілін қалдырып, өмірін күл талқан етуі мүмкін. Адамның жүрегін қанжар сұққандай жаралауы мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген. Бұл мұсылманның өміріндегі үлкен қағида.
Адам кейде тілінің күнә екенін байқамай қалады. Өсек айту, жала жабу, біреуді кекетіп мазақ ету, орынсыз дауласу, балағаттау секілді жаман әдеттердің, жаман әрекеттің барлығы-осы тілдің кесірінен болатын күнәлар екені сөзсіз. Әсіресе өсек пен ғайбаттан сақ болуымыз керек. Бір адамның сыртынан оның көңіліне тиетін сөз айту ғайбат болса, ол айтылған нәрсе ол кісінің бойында болмаса ол жабылған жала болмақ. Ал жаланың күнәсі ғайбаттан қиын және ауыр. Сондықтан біреудің кемшілігін көргенде оны елге жаюдың орнына, өз кемшілігімізді ойланғанымыз жөн.
Жақсы сөз - садақа
Тіл-тек күнә жасайтын құрал емес.Керісінше оны жақсылыөөа пайдалануға болады. Ата-анамызға жақсы сөз айту-сауап. Жұбайымызды жылы сөзбен қолдау-сауап. Балаларымызды мақтап, дұрыс жол көрсету, тура жолға бағыттау-сауап. Қайғырып отырған адамға көңіл айту-сауап. Ауырған адамға шипа тілеу-сауап. Біреуге сәлем беру-сауап. Сондықтан болар, ата бабаларымыз «Жақсы сөз-жарым ырыс» деп бекер айтпаса керек. Кейде адамға материалдық көмек бере алмауымыз мүмкін. Бірақ жылы сөз айтуға әрдайым мүмкіндігіміз бар. Сондықтан тілімізді құран оқуға, зікір айтуға, салауат айтуға, дұға жасауға және адамдарға жақсылық жасап, жақсы сөз сөйлеуге үйретейік.
Тілге ие болудың бірнеше жолы бар
Бірінішіден, сөйлемес бұрын ойланайық. «Айтылған сөз- атылған оқ» демекші ойланбай айта салған сөзіміз адамның жүрегін жаралуы мүмкін. Сол үшін бір сөз айтарда асықпай, Бұл сөзім пайдалы ма? Біреуге зиян келтірмей ме? Алланың алдында осы сөзім үшін жауап бере аламын ба? деген сұрақтар арқылы өзімізді тексеріп алуымыз қажет.
Екіншіден, ашуланған кезде үндемей қалуды үйренейік. Ашумен айтылған бір ауыз сөз кейде жылдар бойы ұмытылмас тоңға айналады. Әр кез ойымызда «Ашу дұшпан, ақыл дос» деген нақыл сөз тұрса, нұр үстіне нұр болмақ.
Үшіншіден, өсек айтылатын ортадан аулақ болайық. Біреу біреуді жамандап жатқанда, әнгімені басқа жаққа бұруға немесе ол жерден кетіп қалуға әрекет жасауымыз керек. Өйткені ғайбат айтуымызға да, тындауымызға да еш пайда әкелмесі анық. Осы тұрғыда Хәкім Абай атамыздың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпанын білсеңіз» деген өлең жолдары еріксіз ойға келеді. Бұл өлең жолдары арқылы осы бес жаман әдеттің ең басында өсек, яғни тілден жаман сөз шығу екенін анық аңғарамыз.
Төртіншіден, тілді зікірге, салауатқа, дұғаларға көп үйретейік. Ешқандай пайдасы жоқ бос сөздің орнына, Алланы, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еске алатын сөздерді айтайық. Адамның шынайы тәрбиесі, парасаттылығы оның сөйлеген сөзінен көрінеді. Көп сөйлеген адам ақылды емес, орынды сөйлеген адам ақылды. Сондай – ақ дауысы қатты шыққан адам емес, өз өз ашуын жеңе білген адам ақылды. Осыған байланысты халқымызды: «Көп сөз – боқ сөз», «Әсері жоқ сөз – өлі сөз», «Адамды адам еткен ой мен сөз» деген сияқты мақалдар аз емес. Осы мақалдар арқылы халқымыз мән мағынасы жоқ, бос сөздердің адам баласына, қазағымызға еш пайда әкелмейтінін анық жеткізген.
Ендеше, тілімізді жаман сөзден сақтайық, Адамдардың абыройын қорғайық. Бір бірімізге жаман, ауыр сөз емес, жанын жадыратар жақсы, жылы сөз айтайық. Өйткені адамның көркі – әдебінде, мұсылманның көркі мінезінде. Ал, көркем мінездің маңызды бір белгісі – тілді жаман сөзден сақтау. Балағаттар, біреуді қорлайтын былапыт сөздер айту – мұсылманға жараспайтын іс. Барша әлемді жаратқан Ұлы Алла Тағала, тіпті Құран аяттарында ұятты жерлерді әдемі сөздермен, сыпайы, әдепті сөздермен жеткізген. Әлемдердің Раббысы осындай сөздерді айтуға ұялып жатқанда, мына біздердің боқтық, жаман сөздер айтуымыз үлкен ұят ақ! Сондықтан да тілімізді таза ұстайық. Себебі таза тіл – таза жүректің белгісі. Ата бабаларымыз « Басқа пәле тілден» деп бекер айтпаған. Адам баласының жасалған он күнәсінің тоғызы – осы тілден екен.
Тіл түзелсе – ел түзеледі
Алла Тағала жұмыр басты пендесіне тіл беріп, өзге мақұлұқтардан артық қылды. Сондай – ақ әрбір дене мүшемізді көркем етіп жаратып, оны аманат етті. Соның бірі – тіл. Тілімізбен талай дүниенің басын қайыра аламыз. Бірақ адам баласы қайтара алмайтын екі нәрсе бар. Ол ауыздан шыққан сөз және уақыт. Аузымыздағы сөзіміз көңіл – күйге қарай астасып, сөз де сондай жағымды, тәтті немесе жағымсыз, ащты болып шығады. Дана ата бабаларымыз бір – ақ ауыз сөзге тоқтаған. Асқан шұрайлы тілдерімен, шешендік сөздерімен соғыссыз – ақ талай дауды шешіп, ұтқыр шешім қабылдап талай жаудың басын қайтарған. Тілдің пайдасы мен зияны жайында дана халқымыз бір – ақ ауыз сөз айтқан. «Бал тамған тілден у да тамар.» Өкінішке орай бүгінде өсек айтпайтын, біреудің сыртынан ғайбат сөйлемейтін пенде кем де кем болар. Кейде пенделікке салынып үш – төрт адамның бас қосып қалса айтатыны өсек болады. Ал, қу басының қамы үшін жалған айтып, онысын өнер санайтындар жетіп артылады. Тіпті өзгенің кем – кетігін түгендеп, бар жоғын айтып тілге тиек ету де қалыпты жағдайға айналған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тілдің қатері жайында көптеген хадис шәрифтер қалдырған. Мысалы: «Адам баласның ең көп қателігі тілінде». «Менің үмметімнің ең жаманы бос сөз сөйлейтін мылжыңдар, көп мақтанып сөйлейтін мақтаншақтар және паңданып сөйлейтіндер» (Хадис Сахих, Бухари). Тілге ие болу, аз сөйлеу дініміздің әмірі! Құран кәрімде былай делінеді: «садақа беру, жақсылықты әмір ету, адамдарды татуластырудан басқа сөйлеуде, сыбырласуда хайыр жоқ.» (Ниса сүресі. 114 - аят). Тіпті дін бауыры сөйлеп тұрғанда сөзін бөліп сөйлеу, әдепсіздікке жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп сөйлеген адамның сөзін еш бөлмеген және соңғы сөйлеген адамды да ең бірінші сөйлеген адамдай тыңдаған.
Тіл – Алла Тағалаға мойынсұнуда үлкен қызмет атқарады. Өйткені бұл дүниеде адам баласының иманды не имансыз екендігі тілдің куәлік беруі арқылы мәлім болады. Алланың бар екендігін адамдарға анық дәлелдермен түсіндіруде тіл біздерге жәрдем береді. Тілдің жәрдемімен біз түрлі ілімдердің қыр – сырын оқып меңгереміз. Мұндай қасиет тек тілге ғана берілген. Өйткені көзімізбен көрген , құлағымызбен естіген нәрселеріміздің барлығын біз тілмен айтып жеткіземіз. Денеміздегі барлық мүшелері белгілі бір шектеумен шектелген. Мысалы: көз белгілі бір қашықтықты ғана көре алады, құлақтың да шекарасы бар. Ал тілдің өрісі болса өте кең.
Тілді орынды пайдаланса, ол адамды бақытқа жетелейді. Ал орынсыз пайдаланса, ол адамды азапқа дұшар етіп, бақытсыз қылады. Тілін шариғат жүгенімен жүгендеген адам ғана мұндай жамандықтан құтыла алады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметтерінен тіліне сақ болған адамның жәннәтқа кіруіне кепілдік беріп: «Кімде кім маған екі жағының арасындағы нәрсені жамандықтан сақтауға кепілдік берсе, мен оған жәннәтқа кіруіне кепілдік беремін» деген. Мұғаз ибн Жәбәл пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай істер жақсы?- деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тілін шығарып, үстіне саусағын қойып, тілге сақ болу дегендей ишара еткен. Кейін: «Кімде кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне ие болсын» -деді. Кейбір ғұламаларымыз айтады: «сөйлемей тыныш тұру – адамға екі жақсылық әкеледі: 1.Дінінде аман болады; 2. Қасындағы бауырынан ақылдырақ болады.» - деген.
Расында, тілге ие болған адам екі дүниеде де ұлық дәрежелі болады. Себебі, тілге сақ болу – қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, сөз тасу, екіжүзділік, жаман сөз сөйлеу, өзін ақтап алу, дұрыс болмаған сөздерге кіріп кету, тілімен адамдарға зарар тигізу, біреудің айыбын алу, абыройын айрандай төгу сияқты жамандықтардан сақтайды. Бұл айтылған жамандықтар тілге жеңіл болғанымен, иесіне жаратылыс жағынан және жамандықтардың келуіне үлкен себеп болары сөзсіз. Сондықтан да аузымыздан шыққан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн.
Сөз соңында мұсылман бауырларымызға айтарым:
Құрметті бауырлар! Жоғарыда айтылған жаман сипаттар адамның жүрегін қарайтып, иман нұрын өшіреді. Өйткені, бұл нәрселер тек айып немесе күнә ғана емес, адамды тозаққа алып баратын шайтанның айлаларына жатады. Сол үшін пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «мүміннің жүрегінде бұл сипаттар болмайды»: – деген. Яғни, мүміннің жүрегінде иман мен жаман қасиеттер бірікпейді. Алла баршамыздың жүрегімізді арам нәрселерден сақтап, көкейімізді иман нұрымен нұрландырсын. Әмин!
Саламат Аманбаев
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы
«Құдайберген» мешіті имамы


14 Қыркүйек 2026
1 Раби-сани 1448

