Мешіт — мұсылман қауымы үшін құлшылық жасайтын қасиетті орын ғана емес, елді имандылыққа, ізгілікке және бірлікке үндейтін рухани орда. Сондықтан оның тазалығы мен көркейіп, талапқа сай болуы — барша жамағатқа ортақ жауапкершілік.
Аудан бас имамы Дәуіт Сейітқалиұлының бастамасымен қазіргі таңда мешіт ғимаратында абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысында мешіттің сыртқы қабырғалары ретке келтіріліп, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар мешіт аумағын көркейту, айналасын ретке келтіру бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған.
Жөндеу жұмыстарына мешіт жамағаты мен жанашыр азаматтар белсене атсалысып, сауапты іске өз үлестерін қосуда. Бірі құрылыс жұмыстарына көмектессе, енді бірі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетуде.
Мұндай игі бастамалар — мешітке деген жанашырлықтың, ауызбіршіліктің және сауапты іске деген ниеттің көрінісі.
Алла Тағала осы мешіттің жөндеу жұмыстарына атсалысып жатқан барша азаматтардың еңбегін қабыл етіп, жасаған жақсылықтарын еселеп қайырсын! Мешітіміз көркейіп, жамағатқа қызмет ететін берекелі рухани орда болғай!



07 Қыркүйек 2026
24 Раби-авваль 1448

