Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы Жапекті ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, мешіт ұжымы мен жергілікті жамағат салтанатты түрде құрметпен шығарып салды.
Діни салада 35 жылдық еңбек өтілі бар Ғалымбек Төлегенұлы бұрынырақта Шымкенттегі «Біләл», «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» және Тараздағы «Әулие-ата» мешіттерінде бас имам, Шығыс Қазақстан облыстық орталық мешітінде хатшы әрі ұстаз, сондай-ақ ХҚА «Руханият» университеті Өскемен филиалының «Дінтану және араб тілі» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Ясауитану ғылыми-зерттеу институтында да кіші ғылыми қызметкер болып жемісті еңбек еткен.
Ол ұзақ жылдар бойы Тараз қаласында ислам дінінің өркендеуіне, діни-ағартушылық саладағы бастамалардың жандануына орасан зор үлес қосты. Имамдық қызметпен қатар ғылыми ізденісті қатар алып жүрген ғалым төте жазу мен шағатай тіліндегі сирек қолжазбаларды зерделеп, қазақ тіліне аударып халыққа ұсынды, сондай-ақ араб тіліндегі іргелі діни еңбектерді аударуға елеулі еңбек сіңірді.
Қазіргі таңда ол Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, сонымен бірге ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының «Сирек кітаптар және көне қолжазбалар қорының» басшысы әрі ғылыми қызметкері. Білікті де білімді имам ендігі кезеңде докторлық білімін одан әрі тереңдету мақсатында Алматы қаласына ауысуда.
Жамағат алдында облыс бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Ғалымбек Төлегенұлына ұзақ жылғы адал қызметі мен ғылыми-ағартушылық саладағы сіңірген еңбегі үшін ризашылық білдіріп, арнайы Алғыс хат табыс етті әрі дәстүрге сай иығына шапан жапты. Бас имам мен жамағат ғалымға ғылыми жолында сәттілік пен жаңа асулар тіледі.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



05 Қыркүйек 2026
22 Раби-авваль 1448

