Сарысу аудандық мешітінде жамағатқа «Уақып және уақыт» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат айтылды.
Уағыз барысында мешіттің наиб имамы Абибулла Әлинұр ұстаз уақыптың Ислам дініндегі орны мен маңызына тоқталып, оның адамға дүниеден өткеннен кейін де сауап жеткізетін ізгі амалдардың бірі екеніне назар аударды.
Наиб имам уақыптың бірнеше артықшылығын атап өтіп, адам баласының қолындағы дүниені тек өзінің қажетіне жұмсаумен шектелмей, қоғам игілігіне жарайтын із қалдыруының маңызын түсіндірді. Сондай-ақ мешіт, медресе, құдық және басқа да халыққа пайдасы тиетін игі істерге жасалған уақыптың мәні кеңінен тарқатылды.
Уағыздың өзегіне уақыппен қатар уақыт мәселесінің алынуы да бекер емес. Өйткені дүние-мүлікті қайта табуға болғанымен, өтіп кеткен уақытты қайтару мүмкін емес. Осы тұрғыдан жамағатқа өмірдің әрбір сәтін бағалап, уақытты сауапты әрі пайдалы істерге жұмсаудың маңыздылығы насихатталды.
Кездесу соңында жамағатты өзіне берілген нығметтерді қадірлеуге, уақытын тиімді пайдалануға және артында елге пайдасы тиетін ізгі амал қалдыруға шақырды.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі



26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

