#Сарысу аудандық мешітіне жаңа наиб имамдар тағайындалды

#Сарысу аудандық мешітіне жаңа наиб имамдар тағайындалды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сарысу аудандық мешітінің діни-ағартушылық қызметін одан әрі жандандыру мақсатында мешіт ұжымына жаңа наиб имамдар қосылды. Жұма күні аудандық мешітте өткен жиында Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлы жаңадан тағайындалған дін қызметкерлерін жамағат пен мешіт ұжымына таныстырып, тиісті бұйрықтарды оқып таныстырды.

Наиб имам қызметіне Нұрсұлтан Мұратұлы және Санжар Нұрмахан тағайындалды. Жаңа қызметке келген қос маман да Шымкент медресе-колледжінің 2023–2026 жылдар аралығындағы түлектері. Діни білім алып, ұстаздардан тәлім жинаған жас мамандар ендігі кезекте алған білімдерін ел игілігіне бағыттап, Сарысу өңіріндегі діни қызметтің дамуына атсалыспақ.

Жиын барысында мешіт қызметінің негізгі бағыттары, жамағатпен жұмыс жүргізу, діни сауаттылықты арттыру, жастар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау және мешіттің қоғамдық-діни жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру мәселелеріне мән берілді.

Дін қызметі — ел сенімін арқалаған жауапты міндет. Бұл жолда біліммен қатар байыптылық, көркем мінез, халықпен тіл табыса білу және әрбір аманатқа адалдық қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жас мамандардың мешіт қызметіне қосылуы ауданның діни-ағартушылық жұмыстарына жаңа серпін береді деп күтіледі.

Сарысу аудандық мешітінің ұжымы Нұрсұлтан Мұратұлы мен Санжар Нұрмаханды жаңа қызметтерімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне береке, білімдеріне пайда және қызметтеріне абырой тілейді.

Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: