Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Қарақат ауылы «Сүлеймен» мешітінің имамы Азамат Барменов жамағатқа Дін мен дәстүрді насихаттады.
Ауыл имамы насихатында: «Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.
Демек, Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстардан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар, - деп, баяндап өтті.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі


26 Тамыз 2026
12 Раби-авваль 1448

