Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» мешітінде қала мешіттерінің шәкірттері арасында «Дінтеллект» зияткерлік сайысы өтті. Жиынның ашылуында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Жазира Иманалиева кіріспе сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал тартысты өткен Jamagat quiz бәйгесін мешіт ұстазы Аружан Талғатқызы жүргізді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен бұл білім додасына қала мешіттерінен әрқайсысы 4 адамнан құралған 7 топ қатысып, өзара бақ сынасты.
Айтулы білім бәсекесі 5 кезеңнен тұрып, «Ойлан тап» форматында өрбіп, қатысушылардың зердесін сынға салды. Сайланып келген сайыпқырандар діни таным, логикалық тапсырмалармен қатар, Қазақстан тарихы мен қасиетті Тараз қаласының өткені мен бүгінгі шежіресіне қатысты күрделі сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, шапшаңдықтың үлгісін көрсетті.
Зияткерлік жарыс қорытындысы бойынша оқ бойы озық шығып, 14 ұпай жинаған "Әулие ата" тобы жеңіс тұғырынан көрінді. Сайыс соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл бәсеке қатысушылардың діни сауаты мен тапқырлығын арттырып қана қоймай, жастар арасында имандылық пен парасаттылықты ұштастырған бірегей жобаға айналды.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



14 Тамыз 2026
29 Сафар 1448

