Бүгін Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде талапкерлерге арналған қабылдау емтиханы басталды. Діни білім алуға ниет білдірген жастар өздерінің білім деңгейі мен дайындықтарын сынақ барысында көрсетті.
Емтиханның өту барысын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни білім және кадр даярлау бөлімінің орынбасары Серікбол Аршабаев бастаған арнайы комиссия қадағалауда. Комиссия құрамында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы және «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің директоры Жарбол Болатұлы бар.
Биыл оқу орнына әзірге 53 талапкер құжат тапсырған. Олардың қатарында Қасиетті Құранды толық жаттаған бес қари және жоғары оқу орындарын тәмамдап, діни білімін тереңдетуге ниет білдірген азаматтар бар. Бұл – медресе-колледжге деген сенім мен қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Тараз – ислам өркениетінде өзіндік орны бар, Һибатулла Тарази секілді көрнекті ғұламаларды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Осы рухани сабақтастықты жалғастырып келе жатқан білім ордасы бүгінгі таңда білікті имамдар мен дін мамандарын даярлауда маңызды міндет атқаруда.
Дәстүрлі діни білімді меңгерген мамандарды тәрбиелеу – қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайтып, жастардың ұлттық және діни құндылықтарға берік болып қалыптасуына, сондай-ақ имандылық пен адамгершілік қағидаттарының кеңінен насихатталуына қызмет етеді.
Айта кетейік, қабылдау 20 шілде мен 20 тамыз аралығында жүргізіледі.
Һибатулла Тарази медресе-колледжінің баспасөз қызметі



26 Шілде 2026
10 Сафар 1448

