Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылдық мешітінде «Qamqor Sharapat» жобасы аясында мәйітті мұсылманша кебіндеу рәсімін таныстыруға арналған тағылымды іс-шара өтті. Шараның мақсаты – жаназа рәсімдерін шариғат талаптарына сай орындау тәртібін түсіндіріп, жамағаттың діни сауатын арттыру.
Іс-шара барысында мешіт молдасы Рамазан Әскертайұлы кебіндеудің исламдағы парыз кифая амалдарының бірі екенін түсіндіріп, оның жаназа рәсіміндегі маңызына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ер адамның кебіні үш бөліктен, ал әйел адамның кебіні бес бөліктен тұратыны іс жүзінде көрсетіліп, әр бөліктің атауы мен қолданылу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шариғатқа сәйкес жауаптар алды.
Осындай тағылымды шаралар халқымыздың діни танымын арттырып, жаназа рәсімдерін Ислам шариғатына сай дұрыс орындауға септігін тигізеді. Алла Тағала баршамызға пайдалы білім нәсіп етіп, жасаған ізгі амалдарымызды қабыл етсін!
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.


24 Шілде 2026
8 Сафар 1448

