Жақсы сөз игіліктің бастауы

Жақсы сөз игіліктің бастауы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осы біз қандай сөздерді айтып жүрміз? Үйде, жұмыста, достарымыздың арасында не айтамыз? Осы туралы ойланып көрдіңіз бе? Бір хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақирет күніне иман келтірсе, игі сөздер айтсын немесе үндемесін» дейді.  «Басқа пәле – тілден» деген халқымыз да тіліміздің өзімізге жау екенін меңзеген. Ғайбат сөйлеу, біреуді жамандау, менсінбеу – наданның ісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам айтқан сөзінің мағынасына мән бермей сөйлейді және сол бір ғана сөзі үшін тозақтың батыс пен шығыс аралығындай ұзақ жеріне түседі» деп бір ғана аңдамай айтқан сөз үшін ақиретте азап шегетінімізді айтқан. Сондықтан, қанша ашуланып тұрсақ та сабырлылық танытып, әр сөзімізді бізден бұрын шайтанның айтып қоюуына жол бермеген жөн. Әр сөзімізді періштелер жазып, тіркеуде. Ал сол сөздің жақсы не жаман істердің қатарына қосылуы өзімізге ғана байланысты екенін ұмытпайық.

Тіл Алла Тағаланы зікір ету үшін берілген. Сондықтан, Алла Тағаланы мадақтап, ұлықтайтын сөздерді айтқан сайын жүрегіміздегі иләһи нұр күшейе түседі. Ал, бос сөздер айтып, қылжақтау жүректің нұрын сөндіреді. Хазіреті Омар (р.а.): «Кімде-кім көп сөйлер болса, көп қателеседі. Көп қателесу күнәнің көбеюіне себеп болады. Ал, күнәһар адамның барар жері тозақ қана», – дейді.

Бөлтірік шешеннің баласына айтқаны: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».

Ресей Ғылым Академиясы кванттық генетика интитутының ғалымдары да балағат және бейәдеп сөздердің жағымсыз салдары туралы біраз зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, айтылған сөздердің электромагниттік тербелісі ДНҚ молекуласының құрылымына тікелей әсер ететін болып шықты. Егер балағат және жағымсыз сөздер айтылса, ДНҚ молекуласы осы сөздерді қабылдайды және қабылданған әсердің тым артық әрі жағымсыз болуынан «теріс программа» немесе «өзін-өзі тарату (самоликвидация) программасын» іске қосады. Демек, өзін-өзі күйретуге, бүлдіруге бағытталған үдерістер басталады. Осылайша ақпараттардың үнемі күйреп, бұрмалануы, өзгеріске ұшырап тұруы ДНҚ-ның құрылымын сау күйден ауру күйге душар етеді. Демек, жағымсыз, ғайбат сөздер радиациялық сәулелігі мың рентгенге тең келетін мутегендік әсер береді. Бұл дегеніміз денсаулығымыздың зиянға ұшырап жатқандығынан хабар береді.

Сол себепті, не ойлап жүргеніңізге, қандай кітаптар оқып, қандай ақпараттар қабылдап жатқаныңызға,  айналаңызға қандай сөздер айтып, қандай сөздер естіп жүргеніңізге аса мән беріңіз.  Өміріңізді жақсарту да, құлдырату да өз қолыңызда!

 Балхожаев Азамат Жамбыл аудандық

«Бәйдібек» мешітінің найб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: