Сәлемдесу — ислам дініндегі ең көркем әдептердің бірі ғана емес, адамдар арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты нығайтатын игі амал. Халқымыз амандасу мәдениетіне ерекше мән беріп, «Сәлем – сөздің анасы» деп тегін айтпаған. Бұл — жай ғана сөз алмасу емес, адамның ішкі мәдениетін, тәрбиесін, кішіпейілдігі мен өзгеге деген шынайы құрметін көрсететін айна.
Сәлемнің шариғи үкімі мен терең мағынасы.
Ислам шариғатында мұсылмандардың бір-біріне «Ассаламу аләйкум» деп бірінші болып сәлем беруі — сүннет, ал оған «Уа аләйкум ассалам» деп жауап қайтару — парыз болып саналады.
Бұл қасиетті сөздердің мағынасы — «Сізге Алланың амандығы мен тыныштығы болсын» деген ұлық тілек. Демек, мұсылман әр кездесуді бір-біріне бейбітшілік пен Жаратқанның рақымын тілеуден бастайды. Амандасу — адамдардың жүрегіне жылулық сыйлап, арадағы реніш пен салқындықты жоятын таптырмас рухани ем.
Сәлемдесу — сүйіспеншіліктің кілті. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ мұсылмандарды бір-біріне жиі сәлем беруге шақырып: «Иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше шынайы иман келтірген болмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көруге себеп болатын амалды айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар (жиі сәлемдесіңдер)»,- деген. Сондықтан сәлемдесу — қоғамдағы татулық пен бірлікті, береке мен мейірімді сақтайтын ең негізгі құндылық.
Дін мен дәстүр үндестігі: Ұлттық тәрбие белгісі
Қазақ халқының дәстүрінде жастардың үлкендерге ізет көрсетіп сәлем беруі — тәрбиенің ең биік шыңы. Үйге кіргенде амандасу, сапардан келген адамға сәлем беру әрбір перзенттің борышы саналған. Әсіресе, келіннің үлкендерге сәлем салуы — отбасы мәдениетіндегі сыйластықтың көрінісі. «Дін мен дәстүр» кітабында баяндалғандай, беташар рәсімі кезінде жаңа түскен келіннің әулет үлкендеріне сәлем жасап, олардың ақ батасын алуы — ұлттық ізеттіліктің ең көркем үлгісі.
Сәлемдесудің алтын әдептері Ислам діні мен қазақы жол бойынша амандасудың өзіндік реті мен ережелері бар:
Кіші үлкенге бірінші болып сәлем береді;
Жалғыз (немесе аз) адам көпшілікке бірінші амандасады;
Жүріп келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді;
Көліктегі (немесе аттылы) адам жаяуға бірінші болып дауыстайды.
Сәлемді қабақ шытпай, жылы жүзбен, күлімсіреп айту — Пайғамбарымыздың ﷺ сүннеті. Сондай-ақ, берілген сәлемге немқұрайлы қарамай, анық әрі одан да көркем етіп жауап қайтару — мұсылмандық міндет.
Сәлемдесу — адамдар арасындағы сенім мен құрметтің алғашқы баспалдағы. Амандасудан басталған әңгіме әрдайым ізгілікке ұласады. Күнделікті өмірде сәлемді кеңінен тарату арқылы біз қоғамның бірлігін бекемдеп, жүректерге ізгілік ұялатамыз. Сәлеміміз түзу, ниетіміз ақ, қарым-қатынасымыз берекелі болғай!
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


16 Шілде 2026
30 Мухаррам 1448

